«Рух күші. Өнер күші»: Шығыстың өнерпаздары Солтүстік сахнасында
Солтүстік Қазақстанның өнер ордасы – Халық шығармашылығы және мәдени-демалыс қызметінің облыстық орталығының концерт залында ерекше рухани іс-шара өтті. «Рух күші. Өнер күші» / «Рухты өнер – өнегелі өмір» атты концерт өңіраралық мәдени байланысты нығайту мақсатында ұйымдастырылды, деп хабарлайды Altainews.kz.
Сахна төрінде Солтүстік пен Шығыстың, сондай-ақ елорда өнерпаздарының әсерлі әуездері мен әсем әуендері бір арнаға тоғысты. Бұл кеш – өнер мен рухтың, достық пен шабыттың үндестігіне айналды. Көрермендер жүрекке жол тапқан вокалдық нөмірлер мен әсерлі хореографиялық қойылымдарды тамашалап, нағыз рухани қуат алды.
Шығыс Қазақстан облысының намысын облыстық байқаулардың лауреаттары Алия Маханова, Радмир Видахмет және педагог Айдын Мұхамеджанов қорғады. Олардың орындауындағы туындылар залды ерекше толқытты, әрбір әуен – туған өлке рухының көрінісіндей әсер қалдырды. Сондай-ақ, кешке «Sensitive» би театрының ұжымы мен оның кіші құрамы, елордадан келген инклюзивті «Qanattylar» театрының қатысушысы Азамат Есбосынов қатысты. Әр нөмір – өнердің адам жанына үңіле білетін, өмірді өнегеге айналдыратын күш екенін айқын көрсетті.
Концерт соңында қатысушыларға Солтүстік Қазақстан облысының мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы атынан алғыс хаттар табысталды.
Сапар аясында Шығыс Қазақстанның жас өнерпаздары Солтүстік өңірдің мәдени мұрасымен де танысты. Олар Мағжан орталығында болып, ұлы ақынның өмірі мен шығармашылық әлеміне терең бойлады. Сондай-ақ, «Ботай» арт-галереясын аралап, қазақстандық бейнелеу өнерінің озық үлгілерін тамашалады. Мұнда әр туынды тек көзге ғана емес, жанға әсер ететіндей етіп ұсынылған — кейбірі тактильді барельефтермен және Брайль қарпіндегі жазулармен толықтырылған.
Бұл сапар шығыстық өнерпаздар үшін шынайы шығармашылық тәжірибе мен рухани шабыттың бастауы болды. Солтүстік сахнасына шыққан әрбір өнер иесі ел мен елдің, өңір мен өңірдің арасындағы мәдени көпірдің қаншалықты маңызды екенін сезінді.
«Рух күші. Өнер күші» — атауына сай рухты көтеріп, өнердің елді біріктірер ұлы күш екенін тағы бір дәлелдеген әсерлі кеш болды.




