KZ
Өскемен
-3°
небольшой снег жел 5 м/с, ОШ
504.49 587.73 6.57

Теміржол – қауіппен бетпе-бет: ата-аналар мен балаларға маңызды ескерту

12.11.2025, 19:00 223 Базарова Айгүл

Теміржол — тек пойыздар жүйесі емес, ең алдымен қауіп жоғары аймақ. Бұл туралы Алтай стансасындағы көліктегі полиция бөлімшесінің қызметкерлері жиі ескертеді. Себебі соңғы жылдары темір жол маңында жарақат алу, тіпті адам өліміне әкелген оқиғалар да тіркеліп отыр, деп хабарлайды Altainews.kz.

Ең басты себеп — адамдардың немқұрайлығы мен қауіпсіздік ережелерін сақтамауы. Көп жағдайда тұрғындар «уақыт үнемдеймін» деп, пойыз өтетін жолдан өтіп кетуге тырысады. Ал балалар теміржолды ойын алаңына айналдырып, вагон үстіне мініп немесе жолда жүгіріп ойнайды. Мұның соңы ауыр жағдайға әкелуі мүмкін.

«Бір қарағанда өздігінен тұрған вагон қауіпсіз сияқты көрінуі мүмкін. Бірақ әрбір вагон — жұмыс үстіндегі нысан. Кез келген сәтте қозғалысқа келуі ықтимал. Егер бір зат киімге ілініп қалса, ол адамды дөңгелек астына тартып әкетуі әбден мүмкін», — дейді Алтай стансасы көліктегі полиция бөлімшесінің бастығы, полиция майоры Аслан Әбілмажинов.

Полицейлердің айтуынша, жаяу жүргіншілер тек арнайы белгіленген өткелдермен ғана өтуі тиіс. Бұдан бөлек, кей жерлерде аспалы көпір немесе арнайы төсемелер бар — дәл сол жерлерден өту қауіпсіз.

Қауіпсіздік мәдениетін қалыптастыру мақсатында көліктегі полиция бөлімі мектептерде жүйелі түрде түсіндіру сабақтарын өткізіп келеді. Сабақ барысында оқушылар теміржолдағы ережелермен, жол белгілерімен және сақтық шараларымен танысады.

«Біздің мақсат – балалар мен ересектердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Әр адам темір жолдың ойын алаңы емес, қауіпті аймақ екенін түсінуі тиіс. Өйткені адам өмірінен қымбат ештеңе жоқ», — дейді полиция майоры Аслан Әбілмажинов.

Есте сақтаңыз:

Темір жолдан тек рұқсат етілген жерден өтіңіз;

Балаларыңызға қауіпсіздік ережелерін үйретіңіз;

Вагондарға жақындамаңыз, астынан өтпеңіз;



Фото: Қазақстан темір жолы

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу