KZ
Өскемен
+2°
пасмурно жел 5 м/с, ОШ
522.38 612.6 6.54

Құтқару кеудешесі – әр балықшының міндетті қауіпсіздік құралы

14.11.2025, 16:00 127 Базарова Айгүл

Қыс түсіп, өзен-көлдердің бетін мұз жапқан шақта балықшылар мен табиғат әуесқойлары үшін белсенді маусым басталады. Дегенмен дәл осы кезең қауіптің де көбейетін уақыты. Мамандардың айтуынша, су айдындарындағы жазатайым жағдайлардың басым бөлігі адамдардың қарапайым қауіпсіздік ережелерін сақтамауынан туындайды. Соның ішінде ең көп жіберілетін қателіктің бірі – құтқару кеудешесінсіз мұзға шығу, деп хабарлайды Altainews.kz.

Құтқару кеудешесі – бүгінгі күннің ғана емес, екі ғасырға жуық тарихы бар қауіпсіздік құралы. 1841 жылдың 16 қарашасында патенттелген алғашқы үлгілер флотта қолданылған және батып кетпейтін тығын ағашынан жасалған. Осыдан-ақ адам өмірін сақтауда оның қаншалықты маңызды рөл атқаратынын аңғаруға болады.

Төтенше жағдайлар мамандарының сөзінше, құтқару кеудешесінің негізгі міндеті – адамды басымен суға кетуден қорғау. Адам денесі суық суда 20–30 минутқа дейін төтеп беруі мүмкін, алайда бас суға тиіп, жел мен аяз әсер еткен сәтте әлсіреу, естен тану процесі өте жылдам жүреді. Қыс мезгіліндегі суға бату жағдайларының көбі дәл осы себептен болады. Сондай-ақ, мұз опырылған кезде адам үрейге беріліп, киімінің салмағынан жылдам батып кетуі ықтимал. Ал кеудеше денені су бетінде ұстап, көмек келгенше өмір сүру мүмкіндігін ұзартады.

Құтқарушылар кеудешені тек киіп қана қою жеткіліксіз екенін ескертеді. Оның барлық белдіктері, әсіресе, төменгі бекітпе бауы мықтап тартылуы тиіс. Белдіктері дұрыс байланбаған кеудеше суға түскен кезде ажырап, өздігінен қалқып шығып кетуі мүмкін. Сондықтан балықшылар құралды алдын ала өлшеп, қозғалысқа кедергі келтірмейтіндей, денеге дұрыс отыратынын тексергені жөн. Ашық түсті, алыстан анық көрінетін кеудешелер қауіпсіздік деңгейін арттыра түседі. Сондай-ақ, әр кеудешеде берік жіппен бекітілген ысқырық болуы тиіс — ол оқыс жағдайда құтқарушылардың назарын өзіне аудартатын маңызды белгі.

ШҚО Төтенше жағдайлар департаменті қысқы маусымда ерекше сақ болуды ескертеді. «Су айдындарындағы қауіпсіздік ережелеріне» сәйкес, қалыңдығы 10 сантиметрден аз мұзға шығуға мүлдем тыйым салынады. Көлікпен шығу үшін одан да қалың мұз қажет. Ал қалыңдығы 25 сантиметрден төмен мұзға барғанда өзіңізбен бірге міндетті түрде құтқару кеудешесі, шильц, диаметрі кемінде 11 мм, ұзындығы 12 метрден кем емес арқан, сондай-ақ ұзындығы кемінде 2 метр таяқ болуы тиіс.

Бұған қоса, құтқарушылар ата-аналарға балалардың мұз үстінде ойнауына жол бермеуді қатаң ескертеді. Жұқа мұз – ең алдымен балалар үшін аса қауіпті.

– Қауіпсіздік шараларын бұзғандар Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 412-бабы бойынша жауапкершілікке тартылады, – деп атап өтті ШҚО ТЖД бастығының орынбасары Исхар Савазов.

Қысқы маусымда қарапайым сақтық шараларын орындау, дұрыс құрал таңдау және құтқару кеудешесін қолдану – адам өмірін сақтайтын ең тиімді тәсіл. Сондықтан мамандар әр тұрғынды өз қауіпсіздігін екінші кезекке ысырып қоймай, алдын ала қамдануға шақырады.


Фото: ШҚО ТЖД

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу