Мемлекет басшысы Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёевпен келіссөз жүргізіп, Жоғары мемлекетаралық кеңес отырысына қатысты
Мемлекет басшысы Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёевпен келіссөз жүргізді. Қасым-Жомарт Тоқаев Шавкат Мирзиёевке Ташкентке мемлекеттік сапармен келуге шақырғаны және дәстүрлі қонақжайлық танытқаны үшін ризашылығын білдірді. Кездесу барысында мемлекеттер басшылары қазақ-өзбек стратегиялық серіктестігі мен одақтастығын одан әрі дамыту перспективасын егжей-тегжейлі талқылады, деп хабарлайды Altainews.kz Ақордаға сілтеме жасап.
Президенттер сауда, өнеркәсіп кооперациясы, көлік-логистика, энергетика, ауыл шаруашылығы, су ресурстары секілді басым бағыттардағы, сондай-ақ мәдени-гуманитарлық салалардағы ықпалдастықты нығайту мәселелерін қарастырды. Сонымен қатар өңірлік және халықаралық күн тәртібінің өзекті мәселелері жөнінде пікір алмасты.
Бұдан кейін Қазақстан мен Өзбекстан президенттері Жоғары мемлекетаралық кеңестің екінші отырысына қатысты.
Жиынның күн тәртібінде екі елдің сауда-экономика, көлік-транзит, су-энергетика және мәдени-гуманитарлық салалардағы ынтымақтастық мәселелері қарастырылды.
Мемлекет басшысы сапарының басты мақсаты – қос халықтың достығын нығайтып, тату көршілік байланыстарын күшейту, сондай-ақ түрлі саладағы өзара тиімді ықпалдастықты дамыту екеніне назар аударды.
Қасым-Жомарт Тоқаев халықаралық ахуал аумалы-төкпелі кезеңде сан қырлы ықпалдастықтың даму қарқынын арттыру қажет екенін атап өтті. Мемлекет басшысы Өзбекстан Президентімен келіссөз барысында саяси және экономикалық байланыстарды жандандыра түсетін жаңа бағыттар айқындалғанын жеткізді.
Президенттің пікірінше, сирек кездесетін металдарды өндіру және өңдеу саласындағы серіктестік перспективті бағыттың бірі саналады. Қасым-Жомарт Тоқаев жаңадан құрылатын Жұмыс тобынан барлық аспектіні мұқият зерделеп, өзара тиімді ынтымақтастықты жолға қоюға қатысты ұсыныс беруді сұрады. Сонымен қатар Мемлекет басшысы көлік-транзит саласындағы ықпалдастықты кеңейтудің стратегиялық сипатына тоқталды. Атап айтқанда, тарифтерді оңтайландыру, әкімшілік кедергілерді азайту шаралары қабылданып, шекара маңы инфрақұрылымын дамыту және өткізу бекеттерін жаңғырту жұмыстары қолға алынды.
Қасым-Жомарт Тоқаев екі ел үкіметтері логистикалық тізбектің барлық қатысушысына оңтайлы жағдай туғызып, инфрақұрылымдық, нормативтік және институционалдық міндеттерді шешуі қажет деп санайды.
Бұдан бөлек, Мемлекет басшысы Транскаспий халықаралық көлік бағдарын, Солтүстік – Оңтүстік дәлізін, сондай-ақ Ауғанстан арқылы теміржол бағытын дамыту аясындағы тиімді ықпалдастықты жалғастыру өзекті екенін айтты.
Қасым-Жомарт Тоқаев өзбек тарапын Транскаспий халықаралық көлік бағытын бірге өркендету үшін Ақтау және Құрық порттары бойынша серіктестік құрып, логистикалық жобаларды жүзеге асыруға шақырды. Қазақстан Президенті су-энергетика саласындағы конструктивті ынтымақтастық аса маңызды екенін жеткізді. Өйткені трансшекаралық өзендердің су ресурсын рационалды пайдалану – екі елдің тұрақты прогресіне ықпал ететін басты факторлардың бірі. Бұл орайда Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан мен Өзбекстан үкіметтеріне су шаруашылығы саясатындағы тәсілдерді үйлестіру үшін жүйелі шаралар әзірлеуді ұсынды.
Өзбекстан Президенті екіжақты ынтымақтастықты кеңейтуде Жоғары мемлекетаралық кеңес маңызды рөл атқаратынын жеткізді.
Қасым-Жомарт Тоқаев пен Шавкат Мирзиёев, сондай-ақ видео байланыс арқылы Қазақстан мен Өзбекстанның бірлескен жобаларын іске қосу рәсіміне қатысты.
Тараптар өнеркәсіп, құрылыс, мұнай-газ химиясы, қаржы, логистика және туризм салаларында жалпы құны 1,2 миллиард доллар болатын 7 жоба әзірлеген. Мемлекеттер басшылары символикалық түймені басып, бірнеше жобаны бастап берді.
Атап айтқанда, Сырдария және Түркістан облыстарында «Орталық Азия» Халықаралық өнеркәсіп кооперациясы орталығы, Ташкентте «Tenge Bank» бас кеңсесі қызметіне кірісті. Сондай-ақ Ташкент облысында көпбейінді логистика орталығының, Жаңа Ташкентте «Астана» тұрғын үй орамының, Қашқадария облысында алкилбензол өндіретін мұнай-газ химиясы кешенінің, Жаңа Ташкентте «Астана» қонақ үйінің, ал елордамызда «Ташкент» қонақ үйінің құрылысы басталды.
Фото: Ақорда







