KZ
Өскемен
-3°
небольшой снег жел 5 м/с, ОШ
504.49 587.73 6.57

Риддерде әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштер тұрақты өсіп келеді

15.11.2025, 16:30 181 Базарова Айгүл

Үстіміздегі жылдың он айында Риддер қаласы әлеуметтік-экономикалық дамуда тұрақты өсім көрсетіп, бюджет кірістері 17,6 млрд теңгені құрады, өнеркәсіп пен ауыл шаруашылығында оң серпін байқалады, тұрғын үй құрылысы мен инфрақұрылымдық жобалар белсенді жүріп жатыр. Жылыту маусымына дайындық аяқталып, қысқы жол күтімі жүйелі жүргізілуде. Туризм дамып, денсаулық сақтау мен білім беру нысандары жаңартылып келеді. Әлеуметтік қорғау жүйесі де ауқымды. Барлық көрсеткіштер Риддердің өркендеу жолына түскенін дәлелдейді, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.

– Осы жылдың 10 айының қорытындысы бойынша Риддер қаласы әлеуметтік-экономикалық дамуында тұрақты өсімді көрсетті. Барлық деңгейдегі бюджетке түскен қаржы – 17,6 млрд теңге, бұл 2024 жылғы деңгейден 123%-ға жоғары. Қалалық бюджет кірістері де жоспардан асып, 104%-ға орындалды, – деді Риддер қаласы әкімінің міндетін атқарушы Қаныбек Төлеухан Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте.

Өнеркәсіп саласында тауарлық өнім өндірісі 129 млрд теңге көлемінде болды, оның ішінде өңдеу өнеркәсібі – 119 млрд теңге. Ауыл шаруашылығында жалпы өнім көлемі 9,7 млрд теңгені құрап, сүт өндірісі 14,5%-ға, жұмыртқа өндірісі 3,9%-ға өсті. Жылқы, қой-ешкі және құс санының өсуі ауыл шаруашылығының тұрақты дамуын көрсетеді.

Сауда және қызмет көрсету саласында бөлшек тауар айналымы 41,9 млрд теңге болып, өсім 9,1% деңгейінде байқалды. Кәсіпкерлік саласында жұмыс істеп тұрған субъектілер саны – 3 225.

Инвестициялар мен құрылыс саласында да оң серпін бар. Негізгі капиталға тартылған инвестиция көлемі – 47 млрд теңге. Пайдалануға берілген тұрғын үйлердің ауданы өткен жылмен салыстырғанда үш есе өсіп, 7 226 шаршы метр болды.

Басты даңғыл ажарлана түспек

Биыл Риддерде жалпы құны 614 млн теңге болатын Тәуелсіздік даңғылын жаңарту жобасы басталды. Жобаны іске асырушы – «ВостокМонтажИнжиниринг» ЖШС. Мақсат – қоғамдық кеңістіктердің жайлылығы мен қауіпсіздігін арттыру, тұрғындар мен қонақтарға заманауи демалыс жағдайларын жасау. Реконструкция барысында тротуарларды жаңалау, жарық шамдарын орнату, көгалдандыру, шағын сәулеттік нысандар мен отбасылық демалыс орындарын құру көзделген. Бүгінгі таңда жұмыстардың 30 пайызы орындалды. Оның ішінде монтаж жұмыстары, бордюрлер орнату, плита төсеу, электр кабельдерін төсеу жүргізілді. Жобаны аяқтау мерзімі – келер жылғы 1 қыркүйек.

Сонымен қатар қаланың санитарлық тазалығын қамтамасыз ету бағытында «Фирма Эталон» ЖШС қатты тұрмыстық қалдықтарды жинау және қалалық полигонға шығару жұмыстарын жүзеге асыруда. 

– Биыл қоқыс жинау жүйесін жаңарту бойынша 13 жаңа жабық контейнерлік алаң орнатылды, 53 заманауи еуроконтейнер, жаңа қоқыстасығыш автокөлік сатылып алынды, жуырда тағы бір техника алынбақ, 43 контейнерлік алаң абаттандырылды. Қала бойынша 98 контейнерлік алаң және 408 контейнер бар. Күнделікті қоқыс шығару жұмыстарына үш қоқыстасығыш техника қатысады, қажет болған жағдайда қосымша екі бригада тартылуы мүмкін, – деді Қаныбек Төлеухан.

Осы жылғы қыркүйекте Риддер қалалық мәслихатының шешімімен тұрғындар үшін қатты тұрмыстық қалдықтарды тасымалдау тарифі адам басына 803 теңге болып бекітілді.

Қала қытымыр қысқа тас-түйін дайын

Риддер қаласындағы «Шығыс Жылу» АҚ филиалы бойынша жылыту маусымына дайындық жұмыстары толық орындалды. Ағымдағы жөндеу шеңберінде №1, 2, 4, 5 қазан агрегаттары мен турбоагрегаттар жөнделіп, газ жүретін жолдар мен технологиялық құбырлар тазартылды.

– Жылу желілерін жөндеуге 4 мердігер ұйым тартылып, барлық магистральдық және кварталдық желілер монтаждалды, абаттандыру жұмыстары қысқы кезеңге дайындық ретінде уақытша тоқтатылды. Жалпы орындалу деңгейі – 98%. Станция отынмен толық қамтамасыз етілген, көмір қоры – 20 мың тонна, мазут қоры – 300 тонна. «Қаражыра» АҚ-ның көмір жеткізу жоспары бойынша қараша айына 25 мың тонна қажет болса, нақты жеткізілім – 6 мың тонна. Үкімет қолдауымен ЖЭО-ның тозу деңгейі 45%-ға, жылу желілерінің тозуы 66%-ға дейін төмендеді, – деді Риддер қаласы әкімінің міндетін атқарушы.

Жалпы 2025-2026 жылдарға арналған жөндеу-қалпына келтіру жұмыстарының құны – 6 423 млн теңге, бұл №3 және №6 қазан агрегаттарын, қосалқы жабдықтарды және 6 км жылу желілерін қамтиды. 

Тишин кенішінің қазандық станциясы бойынша да жөндеу жұмыстары аяқталу сатысында, орындалуы – 85%. Гидравликалық сынақтар кезінде ақаулар анықталған жоқ, жылу тасымалдаушысының температурасы штаттық режимде.

Қаладағы әлеуметтік инфрақұрылым, көппәтерлі үйлер және әкімшілік ғимараттар жылуға толық қосылған. Денсаулық сақтау, білім беру және мәдениет мекемелеріне қажетті 4900 тонна көмір толық жеткізілді.

Қазіргі уақытта жылыту маусымы Риддер қаласында штаттық режимде өтіп жатыр, жеткізілім проблемалары байқалмайды. Барлық қазан агрегаттары, желілер мен инфрақұрылым тиімді жұмыс істеуде.

Көшелер қардан дер кезінде тазартылады

Риддерде қысқы жол күтімі жұмыстары қар жауған сәттен басталды. Алдымен тротуарлар, қоғамдық көлік жүретін негізгі көшелер және әлеуметтік нысандарға кіреберіс жолдар тазартылады. Содан кейін техника жеке сектор көшелерін тазалауға бағытталады, қажет болған жағдайда жол жиегі кеңейтіліп, қар шығарылады.

– Күнделікті тазалау жұмыстарын «Фирма Эталон» ЖШС жүргізеді. Оларға көпқабатты тұрғын үйлер аудандарындағы 104 көше, жеке сектордағы 183 көше, 33 тротуар тиесілі. Жұмыстар тәулік бойы жүргізіледі. Қысқы маусымға жергілікті бюджеттен 257 млн теңге бөлінген, оның ішінде қар шығару шығындары қарастырылған, – деді Қаныбек Төлеухан.

Қаладағы автомобиль жолдарының жалпы ұзындығы – 584 шақырым. Жұмыстарға 25 техника жұмылдырылған, оның ішінде 7 автогрейдер, 2 шнек-роторлы машина, 1 құмсепкіш, 7 доңғалақты трактор, 3 тиегіш, 1 бульдозер, 4 жүк көлігі бар. Қысқы маусымға арналған жанар-жағармай қажеттілігі – 210 тонна, оның жартысы дайындалған. Қор қажет болған жағдайда толықтырылып тұрады. 

Жол ұйымдары, полиция бөлімі, төтенше жағдайлар басқармасы және қала әкімдігі арасындағы жедел өзара іс-қимыл жоспары әзірленіп, қысқы қауіпсіздік пен тұрғындар үшін қолайлы жол жағдайы қамтамасыз етілген.

Анатау – жыл бойы жұмыс істейтін тау шаңғысы курорты

Риддер өңірінде 39 туристік нысан жұмыс істейді, жалпы нөмірлік қоры – 515, бір мезгілде 1586 төсек-орын ұсынуға қабілетті. Осы жылдың 9 айында қалаға 32 мыңнан астам турист келген, бұл өткен жылмен салыстырғанда 6%-ға көп.

Қысқы туризм белсенді демалыс түрлерімен ұсынылған: шаңғы, фрирайд, снегоход серуендері, тау шаңғысы. Қалада екі тау шаңғысы базасы – «Star Dust Camp» және «Эдельвейс» жұмыс істейді. Белсенді қысқы туризмді дамытуға «BearLog» демалыс базасы мен «Ridder Resort Hotel» айтарлықтай үлес қосады. Атап айтсақ, жазда бассейн, багги-турлар, хайкинг, қыста қармен жүретін мотоциклдер, фрирайд, скитур, хелиски және тікұшақпен экскурсиялар бар.

Жаңа инфрақұрылым мен жобалар қысқы туризмді кеңейтуге мүмкіндік береді. Жыл соңына дейін «Ridder Inn» қонақ үйі және «Палевая Яма» демалыс базасы ашылады, нөмірлік қорды 37-ге артады.

– 2025-2027 жылдарға жоспарланған төрт инвест жоба бар: «Эдельвейс» кешені кеңейтіліп, «Компас» туристік кешені, Поперечное ауылында «Cabanna de ski» қонақ үйі, «Анатау» жыл бойы жұмыс істейтін тау шаңғысы курорты салынуда. Тау шаңғысы кластерін құру аясында Иванов жотасы тау шаңғысы мен бұқаралық туризмге, Проходной Белок аумағы қармен жүретін техникаға және экстремалды туризмге мамандандырылады. Инфрақұрылымды біріктіру мүмкіндігі де зерделеніп жатыр, – деді қала әкімінің міндетін атқарушы.

Жалпы, Риддерде туризм саласы тұрақты дамып келеді. Инвестициялар мен жаңа нысандар инфрақұрылымды жаңғыртып, заманауи, бәсекеге қабілетті туристік өнім қалыптастыруға ықпал етеді. Кешенді даму қонақтар санын көбейтуге және қызмет көрсету сапасын жақсартуға мүмкіндік береді. Риддер Шығыс Қазақстандағы белсенді және экологиялық туризм орталығына айнауда.

Көпсалалы аурухананың ашылар күні алыс емес

Риддерде 200 төсектік стационар мен бір ауысымда 500 адамды қабылдауға арналған көпсалалы аурухана кешені салынып жатыр. Нысан алдағы желтоқсан айында пайдалануға берілуге тиіс. Емхана мен стационарда заманауи медициналық жабдықтар орнатылып, компьютерлік томография мен ультрадыбыстық зерттеулерді жүргізуге мүмкіндік туады.

– Мамандар тапшылығы бар. Биыл қалаға 9 дәрігер келсе, 8 дәрігер кеткен. Жас мамандарды тарту мақсатында «Қазцинк» ЖШС 5 дәрігерге бір миллион теңгеден көтермеақы төледі, ал келер жылы 5 дәрігерге үй бөліп, «Отбасы банк» арқылы 2 пәтер сатып алмақ. Бос жұмыс орын жәрмеңкелері, интерн-дәрігерлерді тәжірибеден өткізу сияқты тұрақты іс-шаралар жүргізілуде, – деді Қаныбек Төлеухан.

Қалада барлығы 33 білім беру ұйымы жұмыс істейді. 14 мектепке дейінгі ұйымда 2232 бала қамтылған. Педагогтар саны – 220, қажеттілік – 7. 15 мектепте 7174 оқушы бар, мұғалімдер саны – 598, қажеттілік – 86 педагог. 

Осы жылы 8 білім беру нысанын жөндеуге 416 млн теңге бөлінді, оның ішінде 4 мектеп пен 3 балабақшаға ағымдағы жөндеу, №14 мектепке күрделі жөндеу жүргізілді. 34 млн теңгеге физика, биология және роботты техника кабинеттері сатып алынды, психологиялық-педагогикалық түзету кабинетінде 61 бала қамтылған.

Сонымен қатар Риддерде 600 орындық мектеп құрылысы жүріп жатыр. Нысанның дайындық деңгейі – 40%. Құрылыс келесі жылдың шілде айында аяқталуы керек. 

Мұқтаж жандар қамқорлықты сезінуде

Риддерде 2155 мүмкіндігі шектеулі адам тіркелген. Қалада сондай-ақ 11 320 зейнеткер және 371 көпбалалы отбасы тұрады. Риддер қалалық аумақтық әлеуметтік қызмет көрсету орталығы 250 адамға үй жағдайында көмек көрсетеді, олардың ішінде мүгедектігі бар балалар мен ересектер, жалғызбасты зейнеткерлер бар.

Облыстық жұмыспен қамту басқармасы мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс аясында «Незабудка» әйелдерді қолдау орталығы арқылы жартылай стационарлық жағдайда 23 адамға арнайы әлеуметтік қызмет көрсетті. Жыл басынан бері 294 зейнеткер және 58 мүгедек сауықтыру орталықтары мен санаторийлерге жолданған. Мүгедектерге қолжетімді ортаны қалыптастыру бойынша 17 нысан бейімделді. Атаулы әлеуметтік көмекпен 87 отбасы қамтылған.

– Биыл қалада 2283 жұмыс орны ашылды, оның ішінде 1827-сі – тұрақты. Мемлекет басшысының тапсырмасы аясында «Әрбір 10 мың тұрғынға 100 жұмыс орны құру» жоспары бойынша 791 адам, кәсіпорындарға 1076 адам, ұлттық жобалар бойынша инфрақұрылымдық жобаларға 109 адам орналасқан. Субсидияланатын қоғамдық жұмыс орындарына 349 адам бағытталды, – деді Риддер қаласы әкімінің міндетін атқарушы.

34 жұмыссыз азамат қысқа мерзімді кәсіби оқытудан өтіп, сұранысқа ие мамандықтарды меңгерді. Әлеуметтік осал азаматтардың кәсіпкерлік бастамаларын қолдау мақсатында 400 АЕК (1 572 800 теңге) мөлшерінде грант қарастырылған. Ағымдағы жылы 16 грант берілді.

Осылайша, Риддер қаласында жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау жүйесі тұрақты жұмыс істеп, мұқтаж жандарға жан-жақты қолдау көрсетілуде.



Ержан Әбіш

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу