KZ
Өскемен
-3°
небольшой снег жел 6 м/с, ОШ
504.49 587.73 6.57

Ұландағы игі істер өз жалғасын табуда

15.11.2025, 17:30 177 Базарова Айгүл

Аумағы кең, топырағы құнарлы Ұлан ауданы да өзге өңірлерден қалыспай дамып келеді. Бұрын ауыл шаруашылығымен ғана айналысқан өлкеде қазір өндіріс те, туризм де қатар өркендеуде. Соңғы жылдары ауданда жаңа өнеркәсіп орындары салынып, шаруашылықтар қатары көбейді, жолдар жөнделіп, елді мекендер ажарлана бастады. Ауыл жастары туған жерінен жыраққа кетпей-ақ, өз ауданында жұмыс таба алатын болды. Ұланның қазіргідей көркейіп келе жатқаны – ел бірлігінің, халық еңбегінің нәтижесі, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.

ЛИТИЙ – АУДАН ЭКОНОМИКАСЫНЫҢ ЖАҢА ТІРЕГІ

Шығыс Қазақстанның жүрегінде орналасқан Ұлан ауданы соңғы жылдары облыс экономикасының тірек нүктесіне айналып келеді. Бүгінгі таңда өңірде әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштердің басым бөлігі бойынша оң динамика байқалады.

Жыл басынан бері ауданда 1269 жұмыс орны ашылды, оның 919-ы – тұрақты. Ал жұмыссыздық деңгейі 4,9 пайыз көлемінде сақталуда. Бұл – өңірде экономикалық тепе-теңдіктің сақталып отырғанының айқын дәлелі.

Ұлан ауданының 2029 жылға дейінгі даму жоспары ауқымды мақсаттарды қамтиды. Жоспар бойынша 15 млрд теңге бюджет қаражаты және 357 млрд теңге жеке инвестиция тартылмақ. Бұл қаражат негізінен агроөнеркәсіп, туризм және өңдеу салаларын дамытуға бағытталады. Соңғы жылдары жеке инвесторлардың белсенділігі артып келеді. Мәселен, Ново-Азово ауылында «Ram Agro» шаруашылығы 258 млн теңгеге су тарту инфрақұрылымын салды, Привольное ауылында «Багратион ВАВ» серіктестігі 350 млн теңгеге суару жүйесін орнатты, Донское ауылында «Ертіс» ЖШС 300 млн теңгеге «Су-Береке» маркалы бес техника алмақ, Украинка ауылында құны 1,3 млрд теңге 600 бас ірі қараға арналған роботтандырылған ферма іске қосылды, Пролетаркада «Багратион Ұлан» кәсіпорны 196 млн теңгеге сүт цехын жаңартты, Саратовкада «OstFish» кәсіпорны 70 млн теңгеге қайта жабдықталды.

Биыл да ірі жобалар жалғасуда. «Өскемен құс фабрикасы» 700 млн теңгеге өндірісін жаңғыртса, Гагарино ауылында «AgroVostok LTD» 600 млн теңгеге сүт және ет өнімдерін өңдейтін жаңа ферма салып жатыр. Ал Қасым Қайсенов кентінде «Дара» демалыс-сауықтыру кешені 200 млн теңгеге жаңартылуда.

Аудан экономикасының 23 пайызы агроөнеркәсіп кешенінің үлесіне тиесілі. Ұлан өңірі дәстүрлі түрде мал шаруашылығымен ерекшеленеді: мал шаруашылығының үлесі – 87,5%, егіншілік – 12,5%. Қазіргі уақытта ауданда 58 мың бас ірі қара (облыстың 14%), 100 мың қой мен ешкі (15%), 44 мың жылқы (18%) бар.

Осы жылдың тоғыз айында аудан шаруашылықтары 57 мың тонна ет өндіріп, облыс көлемінің 60 пайызын қамтамасыз етті. Оның 54 мың тоннасы ауыл шаруашылығы құрылымдарының үлесіне тиесілі. Бүгінде өңірде 8 сүт-тауарлы ферма және 9 бордақылау алаңы жұмыс істейді.

Халықтың табысын арттыру мақсатында «Ауыл аманаты» жобасы жүйелі түрде жүзеге асуда. 2023-2025 жылдары 674 млн теңгеге 50 жоба қаржыландырылған, оның ішінде 2025 жылы – 341 млн теңгеге 20 жоба. Сонымен қатар «Іскер» және «Агро Бизнес» бағдарламалары бойынша 27 жобаға 398 млн теңге бөлінді.

Ұлан ауданы су үнемдеу технологияларын белсенді енгізіп келеді. Қазіргі уақытта 10 мың гектар суармалы жердің 4 мыңы тиімді пайдаланылуда. 2024-2025 жылдары 6 шаруашылық 13 жаңбырлатқыш машина орнатып, суармалы жер көлемін 1,128 мың гектарға ұлғайтты. Келесі жылы тағы 3 шаруашылық 9 машина орнатып, қосымша 397 гектарды қамтымақ. Нәтижесінде суармалы жердің жалпы көлемі 6,125 мың гектарға жетеді.

Аудан өнеркәсібінің 87 пайызы – өңдеу саласының үлесінде. Оның ішінде 45 млрд теңге көлеміндегі өнім өндірілсе, 95 пайызы – азық-түлік өндірісі. Басты кәсіпорындар қатарында «Өскемен құс фабрикасы», «Багратион Ұлан», «№3 нан зауыты» бар.

Бүгінде аудан аумағында 52 кен пайдаланушы тіркелген. Олардың қызметі кең таралған пайдалы қазбаларды, сирек металдарды өндіруге бағытталған. Мұнда 7 сирек металл кен орны бар. Соның бірі – литий, ол электр көліктері мен аккумулятор өндірісінде кең қолданылып, энергияны тиімді сақтауға мүмкіндік береді. Жалпы, литий қоры бар өңірлер жаңа инвестиция мен өндіріс орындарын тартып, экономикалық өсімге серпін береді.

Қазіргі кезде аудан бойынша 345 млрд теңгеге 13 инвестициялық жоба жүзеге асырылуда. Соның бірі – «Stone Wool» компаниясының 8,8 млрд теңгеге жылу оқшаулағыш материалдар зауыты (аяқталу мерзімі – 2026 жыл).

2028-2030 жылдары екі ірі жоба іске қосылмақ: «Creada corporation» және «Алатау Литий» серіктестіктері 90 млн теңгеге пегматит рудасын өңдеп, литий оксиді концентратын өндіретін заманауи кәсіпорын салады, Германияның Bergbau компаниясымен бірлесіп 235 млрд теңгеге литий кенін байыту фабрикасы тұрғызылады. Сонымен қатар Қасым Қайсенов кенті маңында 14 гектар жер телімі бөлініп, «DTJ Commerce» компаниясы 21 млрд теңгеге көлік-логистикалық орталық салуды көздеп отыр. Жоба бойынша теміржол желісі тартылып, жүктерді қабылдау, сұрыптау, кедендік рәсімдеу және сақтау қызметтері ұсынылмақ. Құрылыс келер жылы басталып, 2027 жылы аяқталмақ.

ЖОЛ ТҮЗЕЛМЕЙ, ТУРИЗМ ДАМЫМАЙДЫ

Ұлан ауданы соңғы жылдары экономикалық әртараптандыру бағытында қарқынды дамып келе жатқан өңірлердің біріне айналды. Географиялық ерекшеліктері мен табиғи байлығын тиімді пайдалана отырып, аудан басшылығы туризмді негізгі басым бағыттардың бірі ретінде айқындаған. Бұл сала шағын және орта бизнестің дамуына серпін беріп, тұрғындардың табысын арттыруға ықпал етуде.

Жылдың алғашқы жартысында Ұлан ауданында туристер саны 3 мың адамды құраған. Қазіргі кезде ауданда 22 туристік нысан жұмыс істейді. Соңғы үш жылда «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында туризм бағытындағы 17 жобаға 223 млн теңге бөлінген.

Аудандағы ең ірі жобалардың бірі – «Багратион» шипажайының кеңейтілуі. Биыл 80 млн теңгеге 40 төсек-орынға арналған жаңа ғимарат іске қосылды. Сондай-ақ Шыбындыкөлдің маңында 250 млн теңгеге «QaiMaq Resort» ЖШС демалыс базасының және 120 млн теңгеге «БНВХ» ЖШС торлы балық өсіру шаруашылығының құрылысы кезең-кезеңімен жүргізілуде.

Жол бойындағы қызмет көрсету сапасын арттыру мақсатында 5 санитарлық-гигиеналық торап орнатылған. Оның бірі – Өскемен – Алматы трассасында «ҚазАвтоЖол» АҚ арқылы жүзеге асқан. Ал келесі жылы Өскемен – Самар тасжолы бойындағы Тарғын ауылында жаңа үлгідегі санитарлық торап пен жолаушыларға арналған дәмханасы бар кешен салу жоспарланған.

Алдағы уақытта «Меломан Тревел» компаниясы Жоғарғы Тайынты ауылында шолу алаңын орнатуды, ал «Vista Lago» ЖШС Сібе көлінде демалыс базасын салуды көздеп отыр.

Бозанбай ауылында ауылдық туризм ерекше дамып келеді. Мұнда қонақ үйлерде демалушылар қазақ мәдениетімен танысады. Ал қазанда өткен бесінші халықаралық «Шығыс салбурыны» фестиваліне 10 мыңнан астам көрермен мен Ресей, Қытай, Испания, Мажарстан, Моңғолия және Қырғызстаннан келген 148 бүркітші қатысты.

Ауданның туризм саласын дамытуға арналған кешенді жоспар шеңберінде үш жыл ішінде 2,7 млрд теңге көлемінде жеке инвестиция тарту көзделген. Бағдарлама аясында Дұбығалы, Шыбындыкөл көлдеріндегі муниципалдық жағажайлар абаттандырылып, Бозанбайдағы Бүркіттөбе, Аблайкит және Ақбауыр археологиялық кешендері туристік бағытқа енгізіледі.

Туризмнің дамуы, ең алдымен, сапалы жолмен тікелей байланысты. Осы ретте ауданда соңғы жылдары жол жөндеу жұмыстары ерекше серпін алды. Былтыр ауданда жалпы ұзындығы 32 шақырым болатын жол жөнделді, оған 909 млн теңге жұмсалды. Оның ішінде облыстық маңызы бар 15 км жол және елді мекендер көшелерінің 17,5 км бөлігі қамтылған.

Нақтырақ айтқанда Мамай батыр – Бозанбай жолының 17-32 км аралығы, Қасым Қайсенов кентінде 3,6 км, Ұлан ауылында 4,7 км, Айыртауда 2,9 км, Таврияда 0,6 км, Мамай батырда 1,8 км, Герасимовка мен Украинкада 2,4 км, Тарғында 1,5 км жол қалпына келтірілді.

Ал биыл аудан бойынша 52 км жолды жөндеу жоспарланған. Бұл бағытқа 2,5 млрд теңге бөлінді. Атап айтқанда Мамай батыр – Бозанбай (0-16,9 км), Мамай батыр – Бозанбай – Алғабас – Тарғын (22,7-36 км). Қазірдің өзінде бірнеше жол пайдалануға берілді: Айыртау – Жаңа Қанай – 4 км, Шалқар көліне кіреберіс – 0,6 км, Шабындыкөлге кіреберіс – 5 км, Алмасай ауылына кіреберіс – 6,5 км. Айта кетерлігі, Алмасай жолында облыста алғаш рет «суық ресайклинг» әдісі қолданылды.

«Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында Отрадное және Сағыр ауылдарында ұзындығы 3,5 км болатын жол жөнделуде. Сонымен қатар 13 ауылда (оның ішінде Донское, Герасимовка, Қазачье, Украинка, Жантас, Саратовка және Сарыөзек бар) көшелерді ағымдағы жөндеуге 156 млн теңге бөлінген.

Туризм үшін маңызды бағыттардың бірі – Дұбығалы көлі. Табиғи әлеуеті зор бұл аймаққа баратын жолдың болмауы бұрыннан тұрғындар мен инвесторларды алаңдатып келген. Енді бұл мәселе шешімін таппақ, көлге апаратын жол аудандық маңызы бар автожолдардың тізіміне енгізілді.

Жоспар бойынша келесі жылы Бозанбай, Каменка, Митрофановка және Пролетарка ауылдарының көшелеріне орташа жөндеу жүргізіледі. Жобалардың жалпы құны 5,8 млрд теңгеден асады. Мәселен, Бозанбайдағы Абай, Болашақ және Дүйсембаев көшелері, Каменкадағы Орталық көше, Митрофановкадағы Токпанов көшесі, Пролетаркадағы Орталық көше, Митрофановка ауылына кіреберіс, Ұлан – Бозанбай жолы (0-27 км), Манат ауылына кіреберіс, Тарғын мен Айтықов ауылдарының көшелері жөнделмек.

Туризм мен көлік инфрақұрылымының дамуы – Ұлан ауданының экономикалық әлеуетін арттырудың басты факторы. Жаңа жолдар, сапалы сервис, абаттандырылған демалыс аймақтары өңірдің тартымдылығын күшейтіп, кәсіпкерлік пен инвестицияға жол ашады.

ҰЛАНДЫҚТАР ЕНДІ ТАЗА СУДАН ТАРЫҚПАЙДЫ

Ел Президентінің тұрғындарды ауызсумен толық қамту жөніндегі тапсырмасын орындау бағытындағы жүйелі жұмыс Ұлан ауданында да нақты нәтижесін беріп отыр. Аудандағы 45 елді мекеннің 42-сі орталықтандырылған сумен қамтылған. Қазір 33 199 тұрғынның 30 418-і, яғни 91%-ы сапалы ауызсумен қамтамасыз етілген. Асубұлақ, Бозанбай және Отрадное ауылдарында су жүйесін тарту жұмыстары аяқталуға жақын.

Асубұлақ ауылында су жүйесін жаңарту жобасының құны – 3,241 млрд теңге. Жоба алдағы желтоқсанда толық аяқталады. Бозанбайда су құбыры желілерінің құрылысы 3,976,9 млн теңгеге бағаланған. Ал Отрадное ауылындағы жоба құны – 677,5 млн теңге, оның ішінде 579,5 млн теңге ағымдағы жылы игерілуде. Осы үш жобаның толық іске асуы нәтижесінде ауданның барлық 45 елді мекені таза ауызсумен қамтылады.

Сонымен қатар Қасым Қайсенов кентінде су желілерін жаңарту жобасы жалғасуда. Жалпы құны – 4,432 млн теңге, жұмыстар келер жылға дейін жоспарланған. Бұған қоса, Огневка ауылындағы су жүйесіне 7,2 млн теңге, Айыртау ауылындағы су мұнарасының төбесін жөндеуге 3,5 млн теңге бөлінді.

Ауданда үш орталық қазандық бар: Қасым Қайсенов кентінде, аудандық аурухана аумағында және Таврия ауылында. Өткен жылы Қасым Қайсенов кентінде ұзындығы 811 метр жылу магистралі жаңартылды. Биыл жылу желілерін қайта құру жобасына 2,6 млрд теңге, ал Таврия ауылындағы жаңа қазандық құрылысына 1,1 млрд теңге қарастырылған.

Сондай-ақ «Бір қабатты Шығыс» жобасы аясында ауданның 10 ауылында 30 қоспәтерлі үй (60 пәтер) салынуда. Жалпы ауданы – 4,56 мың шаршы метр, құны – 1,2 млрд теңге. Үйлердің құрылысы жуырда аяқталады. Биыл 24 пәтер көпбалалы отбасыларға, 36 пәтер әлеуметтік осал топтарға беріледі. Былтыр ауданда 44 екіпәтерлі үй (88 пәтер) салынды, оған 1,6 млрд теңге жұмсалған.

Бүгінде Ұлан ауданында тұрғындардың 93%-ы интернетке қосылған. Қараша айының соңына дейін Манат ауылында спутниктік «One Web» нүктесі орнатылады. Сонымен қатар Сарыөзек, Алғабас, Жантас, Азовое, Мирное, Борсақ, Смолянка, Тройницкое, Восточное, Украинка және Макеевка ауылдарын кезең-кезеңімен интернетке қосу жоспарланып отыр. Бұл жұмыстар 2027 жылға дейін ұлттық «Қолжетімді интернет» жобасы аясында іске аспақ. Қазірдің өзінде ауданның 12 мектебіне «Starlink» жүйесі орнатылған.

Ауданның әлеуметтік саласы да назардан тыс қалған жоқ. Облыстық бюджеттен қаржы бөлініп, Бозанбайдағы Халықты әлеуметтік қамту орталығы күрделі жөндеуден өтуде. Ал жабдықтау жұмыстары «Baquatty Aimaq Qory» қоры есебінен жүзеге асып жатыр. Жаңартылған орталық 50 жаңа жұмыс орнын ашады.

Сонымен қатар былтыр мүмкіндігі шектеулі азаматтарға арналған инватакси сатылып алынды.

Медицина саласында да айтарлықтай ілгерілеу бар. Өткен жылы Тройницкое ауылында медициналық пункт салынды. Герасимовка және Айыртау ауылдарындағы дәрігерлік амбулаториялар күрделі жөндеуден өтті. Қасым Қайсенов кентінде 150 келушіге арналған емхана пайдалануға берілді. Привольное ауылындағы амбулатория жөнделді, ал Асубұлақтағы нысан жаңартылып жатыр. Биыл үш заманауи рентген аппараты сатып алынды. Қазір аудандық медициналық ұйымдардың жабдықталу деңгейі – 83%.

Қасым Қайсенов кентінде 600 орындық жаңа мектептің жобалық құжаттары дайындалуда. Биыл 6 білім нысанына 114 млн теңге, сонымен қатар роботты техника, химия, физика, биология кабинеттерін жабдықтауға 57 млн теңге бағытталды.

ЖАНҰЗАҚ АУЫЛЫНДА СПОРТ МОДУЛІ САЛЫНУДА

Мәдениет саласында Ұлан ауылындағы клуб жөнделді. Таврия ауылында дене шынықтыру-сауықтыру орталығы ашылды. Жыл соңына дейін Бозанбайда осындай нысан пайдалануға беріледі. Қасым Қайсенов кентінде мәдениет және демалыс орталығы ашылып, тұрғындардың сүйікті орнына айналды. Келесі жылы Герасимовка ауылындағы клубтың төбесі жөнделмек.

Қорытындылай айтқанда, Ұлан ауданының дамуында кешенді көзқарас айқын байқалады, инфрақұрылым жаңарып, әлеуметтік нысандар бой көтеруде, тұрғын үй, интернет, білім және медицина бағыттары тең қарқынмен дамуда.


Ержан Әбіш

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу