KZ
Өскемен
-3°
небольшой снег жел 5 м/с, ОШ
504.49 587.73 6.57

Өңір студенттерінің пікірсайысы: жастар мәселесі жаңа қырынан қаралды

15.11.2025, 19:30 171 Базарова Айгүл

Өскемендегі С.Аманжолов атындағы ШҚУ-да жасөспірімдер арасындағы лудомания, суицид, құқық бұзушылық және басқа да келеңсіз әрекеттердің алдын алу мақсатында студенттер арасында ауқымды пікірсайыс турнирі өтті. Бұл туралы Altainews.kz тілшісі хабарлайды.

Жастар арасындағы азаматтық жауапкершілікті арттыруды көздеген жарысқа қаладағы әртүрлі оқу орындарынан құралған 17 команда — 9 орыстілді және 8 қазақтілді топ қатысты. Қатысушылар соңғы жылдары қоғамды алаңдатып отырған жасөспірімдердің зиянды әдеттерге бой алдыруы, оның себептері мен алдын алу жолдары жөніндегі өз көзқарастарын жан-жақты талқылады.

Қазақтілді топтар арасында «Үкімет» және «Оппозиция» форматында өткен пікірталаста «Аргумент» (КАСУ), «Арыстан» (педагогикалық колледж), «Алау» (Абай лицейі), «Аргумент» (медициналық колледж) секілді командалар белсенділік танытып, мәселені сан түрлі қырынан қозғады.

Сайыстың әділ қазылары қатарында Өскемен қалалық прокуратурасының қоғамдық мүдделерді қорғау бөлімінің прокуроры Әсел Қыстаубаева, заңтану кафедрасының аға оқытушысы Самал Дүйсембаева, сондай-ақ сот және прокурорлық қызмет мамандығының студенттері Аяулым Жеңісқанова мен Абайхан Нұрәлі болды.

Бірнеше сағатқа созылған пікірталас барысында студенттер жасөспірімдер арасында шылым шегу, ішімдікке әуестену, есірткі тұтыну, түнгі клубтарға бару мен құмар ойындарға тәуелділік сияқты әрекеттердің көбейгенін атап өтті. Олар мұндай жағдайлардың алдын алу үшін ата-ана бақылауын, мектеп пен колледждердегі тәрбие жұмыстарын күшейту, сондай-ақ жауапкершілікті арттыру қажеттігін айтты.

— Пікірсайыстың негізгі мақсаты — балаларды жаман әдеттерден аулақ болуға шақыру, қоғамдық орындарда тәртіпті сақтауға және салауатты өмір салтын ұстануға үндеу. Жастар бүгін көптен бері қордаланған мәселелерді ашық қозғап, оларды шешудің түрлі жолдарын ұсынды, — дейді ұйымдастырушылар.

Шара қорытындысында барлық қатысушы топтар белсенділігі үшін марапатталды. Ұйымдастырушылар мұндай пікірсайыстар алдағы уақытта да жалғасып, жастар арасындағы маңызды мәселелерді талқылайтын алаңға айналатынын жеткізді.


Серік Құсанбаев

Фото/видео: Евгений Щетников 

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу