«Ауыл аманаты» — ауылдың тіршілігін түлеткен бағдарлама
Мемлекет қолға алған «Ауыл аманаты» бағдарламасы бүгінде талай ауыл тұрғынына үміт отын жақты. Бірі шағын шаруашылығын кеңейтіп, бірі жаңа кәсіп ашты. Ал кей ауылдарда бұл бастама бүтін бір елді мекеннің тынысын өзгертті. Бүгінде Шығыста төрт жүзден астам ауыл тұрғыны осы мүмкіндік арқылы өз кәсібін бастап, елді мекеннің экономикалық белсенділігін арттырып отыр. Бағдарламаның мәні мен мазмұны, ауыл адамдары үшін мүмкіндіктері жөнінде оны жүзеге асырудағы сенім білдірілген агент ұйым — «Ертіс» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» АҚ Несие департаментінің директоры Дидар Социалұлы Мажириновпен Altainews.kz тілшісі әңгімелесті.
– Дидар Социалұлы, әңгіме басында «Ауыл аманаты» бағдарламасының негізгі мақсатына тағы бір тоқтала кетейікші...
— «Ауыл аманаты» — ауыл тұрғындарының табысын арттыруға бағытталған мемлекеттік бағдарлама. Яғни бұл — ауылдағы азаматтарға өз кәсібін бастауға, бар шаруашылығын дамытуға берілген үлкен мүмкіндік. Мемлекет шағын несие беріп қана қоймай, ауыл өмірін жандандыруды көздейді. Себебі ауыл тұрмысы түзелсе — ел еңселенеді. Бағдарлама ауыл адамын қолдауға, оның еңбегіне сенуге негізделген.
Шығыс Қазақстан облысында жоба 2023 жылдан бері жүзеге асуда. Қазірге дейін 400-ден астам ауыл кәсіпкері өз ісін дөңгелетуге жалпы 4 миллиард теңгеден астам жеңілдетілген несие алды. Әр несиенің артында бір әулеттің еңбегі, бір ауылдың тіршілігі жатыр. Біреу мал бордақылауда, біреу жылыжай ашты, енді бірі өңдеу цехын іске қосты. Міне, осылай ауылдың тынысы қайта жанданып келеді.
– Шарттары шынында да өте тиімді дейді. Негізгі ерекшелігі неде?
— Иә, бұған ұқсайтын басқа бағдарлама жоқ десе де болады. Несиенің пайыздық мөлшерлемесі бар-жоғы 2,5 пайыз, өтеу мерзімі — 7 жылға дейін, ал туризм бағыты бойынша 5 жылға дейін беріледі. Қаржы көлемі де жобаның түріне қарай өзгереді. Егер шаруа қожалығы немесе жеке кәсіпкер ауыл шаруашылығы жобасын жүзеге асырса, ең көбі 2 500 айлық есептік көрсеткішке дейін, яғни шамамен 9,8 миллион теңге ала алады. Ал өнім өңдеумен айналысатын жоба болса, несие көлемі
8 000 АЕК-ке, яғни 31 миллион теңгедей сомаға дейін көтеріледі. Кооператив құрып, бірігіп жұмыс істейтіндерге де дәл осы мүмкіндік қарастырылған.
Жұрт қазір жақсы біледі, бағдарламаға қатысу үшін адамның жасы 21-ден 63 жасқа дейін болуы шарт. Егер азамат жеке кәсіпкер ретінде тіркелмеген болса, жобасы мақұлданған соң жергілікті салық органына барып тіркеледі. Яғни бәрі түсінікті әрі қарапайым. Мемлекеттің ниеті — ауылдағы еңбекқор адамдарға жағдай жасау. Ал қалғаны өз қолында: идея болса, оған ынта қосылса — демек, іс жүреді.
— Кепіл мүлкі несие алу кезіндегі сенімді тірек деген ұғым алға тартылады. Бірақ ауылдық жерде бұл мәселелі сұрақ. Үй-жайлар ескілігіне, бағалау құнының төмендігіне байланысты жарамай жатады. Бұл тұста қолдау тетіктері бар ма?
— «Ауыл аманаты» бағдарламасына қатысушылар үшін кепіл мәселесі ең жиі қойылатын сұрақтардың бірі. Көпшілік оны қиын, қол жетпейтін шарт деп ойлайды. Алайда шын мәнінде бұл — кәдімгі қауіпсіздік кепілі. Біз халықтың жеке меншігін алып қоюды емес, оның қаржысын сақтап қалуды көздейміз.
Несие деген – екі тараптың өзара сеніміне негізделген келісім ғой. Ал мемлекет қаржыны жеңілдікпен бергендіктен, оның әр тиынының орны болуы тиіс. Сондықтан кепіл мүлкі — осы келісімнің жауапкершілік тұсы.
Ал енді қандай мүлік кепіл ретінде қабылданатынына тоқталсақ, кепілге қойылатын мүлік тек қаладағы үй немесе ғимарат болуы шарт емес. Біз ауыл жағдайына бейімделген талаптарды ұстанамыз. Көп жағдайда адамдар өз үйлерін, қора-жайларын, шаруаға қажет ғимараттарын немесе жер телімдерін кепілге ұсына алады. Мәселен, ауылдағы тұрғын үй, мал қорасы, шағын дүкен, шеберхана, тіпті шөп қорасы да жарайды — егер оның құжаттары дұрыс рәсімделген болса.
Сондай-ақ ауыл шаруашылығына арналған жер — жайылым, шабындық немесе егістік — қосымша кепіл ретінде қарастырылуы мүмкін. Негізгі талап – меншік құқығы расталған, яғни мүлік құжаттары заңды болуы және салынған үй немесе ғимараттың жасы 65 жылдан аспауы керек.
Кей жағдайларда бірнеше адам бірігіп кепіл қоя алады. Мысалы, отбасылық шаруашылықта үй ерлі-зайыптылардың атында болса, екеуінің де келісімі қажет. Ал кооператив құрып, ортақ жобаға қатысушылар бірлесе кепілге мүлік қоюы мүмкін.
Біз үшін ең маңыздысы – мүліктің заңды статусы. Кейде ауыл тұрғындары жылдар бойы тұрып келе жатқан үйінің немесе қорасының техникалық паспорты жоқ екенін жоба ұсынарда бірақ біліп жатады. Мұндай жағдайда біз оларды шеттетпейміз, қайта көмектесіп, құжаттарды реттеуге бағыт-бағдар береміз.
Жеке меншіктегі жылжымайтын мүлік басқа адамның атына тіркелген болса да қарастырылады, тек ол адам кепілге келісім беруі тиіс. Бұл – заң талабы. Ал егер мүлікке бұған дейін басқа банк тарапынан тыйым салынған болса, яғни шектеу бар болса, оны алдымен сот орындаушылары арқылы шешіп алу керек.
— «Кепіл — шектеу емес, тәртіп құралы» дейді мамандар. Оны қарапайым халық түсініп, қабылдап отыр ма?
— Рас, кейде адамдар «кепілге қоям, сосын үйімнен айрылып қалам ба?» деп, көкейіндегі сұрағын қоятыны бар. Бірақ мұндай қауіп тек несиені мақсатсыз жұмсап, төлемді тоқтатқан жағдайда ғана туындайды. Біз әрбір жобаны жан-жақты талдап, адамның табыс көзі мен қайтару мүмкіндігін нақты бағалаймыз. Біздің мүддеміз – азаматтың кәсібі жүруі, табыс табуы. Өйткені табысты кәсіп — кепілді қайтарудың ең сенімді жолы. Кепіл — тек формалды талап емес. Ол сіздің бизнесіңізге де тәртіп әкеледі. Адам өз мүлкін кепілге қойған соң, іске немқұрайды қарай алмайды. Сол себепті бұл тетік қаржыны жауапты пайдалануға үйретеді. Бастысы – ниет пен адалдық. Егер несие алушы шынымен жұмыс істеп, кәсібін дамытуға күш салса, біз оған қолдау көрсетуге дайынбыз. Мемлекет тарапынан берілген жеңілдік те – осы сенімнің көрінісі. Ендеше, халық та өз кезегінде жауапкершілік танытса, ауылдағы кез келген жоба жемісті болары сөзсіз.
– Көбіне қай бағыттар қаржыландырылады? Биылғы басымдықтар қандай?
— Бүгінде біз ауыл экономикасын әртараптандыруға баса мән беріп отырмыз. Өйткені о баста, 2023 жылы берілген несиелердің 80 пайызы мал сатып алуға жұмсалған. Ал былтыр жол бойындағы сервис, туризм бағыттары басымдықта болды. Биыл біз басқа салаларға да кең өріс аштық. Мысалы, ауылдың табиғи ерекшелігіне қарай, бір өңірде бақша мен көкөніс өсіруге, екіншісінде жылыжай шаруашылығына, енді бір жерде туризмді дамытуға жағдай бар. Балық шаруашылығына да мүмкіндік мол — Шығыс Қазақстанның өзен-көлдері соған сұранып тұр. Сонымен қатар жұмыртқа бағытындағы құс өсіру мен қаз шаруашылығын жолға қоюға қызығушылық артып келеді.
Келесі бір маңызды бағыт — ауыл шаруашылығы өнімін өңдеу. Қазіргі сұраныс пен нарықтық үрдіс бойынша өнімді шикі күйінде емес, өңдеп сатқан тиімді. Сондықтан осындай жобаларға ерекше басымдық береміз. Ал туризм саласы — біздің өңір үшін табиғи мүмкіндік пен қолда бар әлеует. Өздеріңізге мәлім, өңіріміз тауларға, көлдерге, ормандар мен шипалы бұлақтарға бай. Солардың айналасында шағын демалыс үйлері мен қонақжайлар салуға ниетті азаматтар көбейіп келеді. Яғни, «Ауыл аманатының» шеңберінде ауыл тұрмысына жан бітіретін кез келген бастамаға қолдау бар.
Тағы да айтамын, «Ауыл аманатының» басты артықшылығы — тек бір саланы емес, ауыл өмірінің тұтас құрылымын дамытуға бағытталуы. Яғни, ауыл екен деп тек мал алумен шектелмейді. Әрбір өңірдің әлеуетіне қарай түрлі бағыттарға қолдау көрсетіледі. Мәселен, мал шаруашылығына бөлінетін қаржы жалпы қаржыландырудың 40 пайызынан аспауы тиіс. Бұл – өзге салаларға да өріс ашу үшін қабылданған шешім. Үкімет деңгейінде бекітілген шектеулер арқылы, ауыл тұрғындарының басқа идеялары да еленіп, қаржыландырылып жатыр. Ауыл шаруашылығы басқармасының ұсынысымен биыл мал бағыты негізінен бордақылау алаңдары, сүт фермалары және ұсақ мал өсіру жобаларына арналады. Бұл бағытта кооператив құру аса маңызды. Себебі, тек мал алуды ғана емес, оның жем-шөбін, жайылымдық жерін, қора-жабдығын бірдей ойластырғанда ғана мал басын көбейтіп, кәсіпті шығынға батпай дөңгелетуге болады. Онсыз, ертең несие қайтару бас қайғы болып кетеді.
Ал өсімдік шаруашылығы — көкөніс пен бақша дақылдарын өсіру, мал азығын дайындау, жылыжай салу сияқты істерге мүмкіндік береді. Әсіресе жазық әрі суармалы аймақтарда бұл бағыт жақсы нәтиже беріп жатыр.
Балық шаруашылығы да ерекше әлеуетке ие сала. Өңірдің өзен-көлдері, су айдындары жеткілікті. Сондықтан балық өңдеу, өнімін сату ісі үлкен сұранысқа ие болмақ.
Келесі өзекті бағыт – құс және қаз шаруашылығы. Біздің аймақта әлі ірі жұмыртқа фабрикалары жоқ, бірақ жеке шаруалар мен ұсақ фермалардың тәжірибесі жақсы. Бұл бизнес жылдам ақталады, өйткені қаз-үйрек өсіру жеңіл, азығы қолжетімді, ал бейімделгіштігі жоғары.
Тағы бір маңызды сала – ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу. Бұл бағытқа бөлінетін барлық қаражаттың кем дегенде 20 пайызы жоспарланған. Мен жоғарыда айтып өткендей, өнімді тек өсіріп қана қоймай, оны өңдеп, нарыққа дайын тауар ретінде шығару – ауыл экономикасын күшейтудің ең тиімді жолы.
Ал ауыл шаруашылығы техникасын жаңарту мәселесі – өзекті тақырып. Көп фермерлердің қолында ескі техника бар, оны жаңарту үшін қаражат табу оңай емес. Сол себепті «Ауыл аманаты» осы проблеманы да шешуге септігін тигізбек.
Қысқасы, бағдарлама аясында әр ауылдың табиғи, экономикалық және әлеуметтік жағдайына сай келетін кез келген өміршең жобаға жол ашық.
– Демек, жобаларды іріктеу кезінде осы бағыттарға сәйкестігіне ден қоясыздар ғой? Жалпы жобалар қалай таңдалып, қалай іріктеледі? Шешімді кім қабылдайды?
— Бағдарламада бекітілген бағыттар — нақты даму картасы. Жоба қарастыруда бәрі әділ әрі ашық. Арнайы комиссия әр жобаны жеке қарап, оның ауылға тигізер пайдасын бағалайды. Бізде «скрининг» деген ұғым бар — ол ауылдың нақты әлеуетін көрсетеді. Қай елді мекенде не дамуға бейім, қай бағыт тиімді — соған қарай шешім шығарылады. Нақты бір «таңдаулылар» немесе алдын ала келісілген тізім деген жоқ. Шешім шығару кезінде басты назар — жобаның өміршеңдігі мен ауылға берер пайдасында. Скрининг — әр ауылдың әлеуетін талдап, қай салада даму мүмкіндігі көбірек екенін анықтайтын жүйе. Мысалы, жайылымы мол ауыл мал шаруашылығына бейімделсе, егіншілікке ыңғайлы жерде бақша мен жылыжай ісін қолдау орынды.
Жобаны мақұлдау үшін тағы бір маңызды шарт бар — ол жаңа жұмыс орындарын ашу. Яғни кәсіп иесі өзі ғана емес, ауылдасын да еңбекке тартып, тұрғылықты мекеніне серпін беруі тиіс. Сонда ғана бағдарлама шын мәнінде халықтық сипат алады.
– Сонда жобаны алдын ала толық ойластырып алу қажет қой?
— Дәл солай. Біз ауыл тұрғындарына әрдайым айтамыз: асықпаңыздар, бәрін есеппен жасаңыздар. Қандай жабдық аласыз, кімнен сатып аласыз, кепілдік бар ма — осының бәрін анықтап алу керек. Мысалы, бір азамат нан пісіретін цех ашқысы келді делік. Ол алдымен қажетті жабдықтың нақты түрін, жеткізушісін таңдап, келісімшарт жобасын дайындайды. Қаржы мақұлданған соң ақша тікелей сол өндірушінің шотына аударылады. Кәсіпкер жабдығын алып, ісін бастап кетеді. Осылайша бәрі заңды, таза әрі қауіпсіз жүреді. Біз де 90 күн ішінде қаржының дұрыс жұмсалғанын тексереміз, кәсіптің іске қосылғанына көз жеткіземіз.
– Ал егер қаржы мақсатсыз жұмсалса ше?
— Ондай жағдайда айыппұл салынады. Мемлекеттік қаражатта — айналып келгенде сол халықтың қаржысы. Сондықтан әр тиын есепте, әр соманың сұрауы бар. Барлығы құжатпен дәлелденіп, нақты іске жұмсалуы керек. Несиені жеке мақсатқа пайдалану — шартты бұзу болып есептеледі. Сондай-ақ қаржыны қолма-қол шешіп алуға немесе картаға аударып пайдалануға мүлде тыйым салынған. Барлық төлем тек есепшот арқылы жасалады, яғни, қолдан қолға емес, шоттан шотқа. Бұл — қарапайым әрі сенімді тәсіл. Біз әр адамға келісімшартты мұқият оқуға, менеджерден түсінбей қалған жерлерді дер кезінде сұрап алуға кеңес береміз. Басты мақсат — ауыл адамын бағыттап, ақпараттық сүйемелдей отырып, жобасының құпталуына көмектесу.
– «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында біздің өңіріміз бойынша қаржыланбайтын бағыттар бар ма?
— Әрине, бар. Бағдарламаның басты бағыты — ауыл шаруашылығы. Сондықтан ауыл өміріне қатысы жоқ істерге несие берілмейді. Мысалы, жеңіл көлік сатып алу, туыстан мал алу немесе тұрғын үй салып, оны жалға беру, тікелей бөлшек сауда-саттық жасау сияқты мақсаттар — несиелендірілетін бағыттар тізіміне кірмейді. Мемлекет қолдауы ең алдымен өнім өндіруге, өңдеуге, туризмді дамытуға бағытталып отыр.
– Құжат жинауға келгенде көпшілік жасқанатыны жасырын емес. Бұл жағынан қандай жеңілдіктер бар? Негізгі өтініш қайда тапсырылады?
— Иә, кейде адамдар қағазбастылықтан сескенеді. Бірақ шын мәнінде барлығы түсінікті. Қажетті құжаттардың көбі — қолда бар нәрсе: жеке куәлік, өтініш, кепілге қойылатын мүлік құжаты, қарыздың жоқтығын растайтын анықтама. Біз ешкімді қиындықта қалдырмаймыз. Қажет болса, мамандарымыз құжат жинауға көмектеседі, не жетпей тұрғанын түсіндіреді. Себебі біздің мақсатымыз — жобаны іске асыру, ауыл азаматын қолдау.
Ал өтініш тапсыруға келсек, қазір бәрі ыңғайлы. Біз «Oskemen-Atameken» микронесиелік ұйымымен тығыз жұмыс істейміз. Оның аудан-ауданда филиалдары бар. Сондай-ақ аудандық әкімдіктердің ауыл шаруашылығы бөлімдері де кеңес береді.
«Ертіс» ӘКК-нің есігі әрдайым ашық. Біз түсіндіреміз, қабылдаймыз, сүйемелдейміз. Барлық өтінімдер Amanatnesie жүйесі арқылы электронды түрде қабылданады. Мақұлданған соң келісімшарт жасалып, кепіл тіркеледі де, қаржы тез арада аударылады. Біз ауыл кәсіпкерінің уақытын бағалаймыз. Дайын жобасы мен ниеті бар азаматты күттіріп қою — дұрыс емес. Сондықтан құжат жинау, тапсыру және қарастыру процестерін барынша жеделдетіп отырамыз.
– Сөз соңында ауыл азаматтарына айтарыңыз болса…
— Әр өтінім берушіге айтарым — қорықпаңыздар, ниет етіңіздер, бастаңыздар. Бәрі де шағын іспен басталады — бір жылыжайдан, бір трактордан, бір сиырдан. Бірақ соның өзі үлкен өзгеріс әкеледі.
Біз талай мысал көрдік: кеше ғана қарапайым шаруа болған азамат бүгін ауылына жұмыс беріп отыр. Бұл — «Ауыл аманатының» шынайы жемісі. Өйткені бұл бағдарлама — жай несие ғана емес. Бұл ауылға деген сенім. Халықтың өз еңбегімен ел дамуына үлес қосуына жол ашқан бастама.
Бағдарлама аясында Шығыс Қазақстан бойынша кезекті қаржыландыру жүзеге асты. Осыған орай «Ауыл аманаты» аясында өтінім қабылдау мен жобаларды қарастыру ресми басталғаны мәлімделді. Қажетті құжаттар тізімі төмендегідей, ал кеңес алу бойынша толық ақпарат сұхбатта баяндалды.
«АУЫЛ АМАНАТЫ» БАҒДАРЛАМАСЫНА ҚАТЫСУ ҮШІН ҚАЖЕТТІ ҚҰЖАТТАР ТІЗІМІ
Бағдарлама аясында микрокредит алу үшін әрбір үміткер белгіленген тізім бойынша құжаттар тапсыруы қажет. Құжаттардың толық және дұрыс болуы өтінімнің қаралу мерзімін қысқартады және оң шешім қабылдануына мүмкіндік береді.
1. Жеке кәсіпкер (ЖК) немесе шаруа қожалығы (ШҚ) ұсынатын құжаттар:
• Өтінім (анкета) — микрокредит алуға арналған ресми өтініш нысаны;
• Жеке куәліктің көшірмесі;
• Некеге тұрғаны (тұрмағаны) туралы куәлік (егер бар болса);
• Кредиттік есепті алуға және несие тарихы бойынша ақпарат беруге келісім (жеке қол қойылады);
• Кепілге қойылатын мүлікке арналған құжаттар (техпаспорт, меншік құқығын растайтын актілер);
• Кепіл иесінің (егер басқа тұлға болса) жазбаша келісімі;
• Кепілге қойылатын жылжымайтын мүліктің ауыртпалықтар (тыйым, шектеулер) жоқтығы туралы анықтама;
• Қызмет көрсетуші банктен ағымдағы шоттың бар екенін және несиелік берешегі жоқтығын растайтын анықтама;
• Бағаланған кепіл мүлкі туралы бағалау есебі (қажет жағдайда — бағалау компаниясының мөрімен);
• Қажет болған жағдайда қосымша құжаттар (жер актісі, салық бойынша анықтама, бизнес-жоспар және т.б.).
2. Ауыл шаруашылығы кооперативі ұсынатын құжаттар:
• Құрылтайшылардың жалпы жиналысы хаттамасы;
• Кооперативтің жарғысы және құрылтай шарты;
• Кооператив мүшелерінің жеке деректерін өңдеуге және сақтауға келісімі;
• Қызмет көрсетуші банктен шоттың бар екені туралы анықтама;
• Несие берешегінің (соның ішінде мерзімі өткен қарыздың) жоқтығы туралы анықтама;
• Кепілге қойылатын мүлікке қатысты құжаттар және кепіл иелерінің келісімі;
• Мүлікке ауыртпалықтардың (тыйым, шектеулер) жоқтығы туралы анықтама;
• Қажет болған жағдайда — қосымша анықтамалар мен есептер.
3. Өтінім қабылдау және кеңес алу орындары:
• «Oskemen-Atameken» микрокредиттік ұйымы — аудандық филиалдарда кеңес беріледі, Әуезов д-лы, 26/1.
• Аудан әкімдіктерінің ауыл шаруашылығы бөлімдері;
• «Ертіс» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы АҚ (Өскемен қ., Қазақстан к-сі, 59/1-үй, 8-қабат).
Өтінімдер Amanatnesie электрондық жүйесі арқылы қабылданады.
Маңызды: Барлық құжаттар толық әрі анық жазылуы керек. Бір ғана құжатта нақтыланбаған дерек үшін электрондық жүйе арқылы тұтас жобаны кері қайтаруға тура келеді. Сол себепті алдын ала барлық құжаттардың дұрыс реттілігін, деректердің сәйкестігін анықтап алған дұрыс. Есте сақтаңыз, құжаттарды жинау барысында «Ертіс» ӘКК және микрокредиттік ұйым мамандары кеңес беріп, үлгілерін ұсына алады. Кеңес беру барлық азаматтар үшін тегін.
Инабат Қайса
Фото: автордыкі