KZ
Өскемен
-27°
туман Штиль
509.63 592.34 6.54

Қаламгерге құрмет: «Өнер мұраты – сөз қуаты» кеші

27.11.2025, 11:30 175 Айжанат Бақытқызы

А.Пушкин атындағы Шығыс Қазақстан облыстық кітапханасында белгілі қаламгер, публицист, ақын, Қазақстан Жазушылар одағының облыстық филиалының төрағасы, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Әлібек Қаңтарбаевпен рухани кездесу өтті, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.

Мәдени іс-шара жазушының мемлекет тарапынан берілген жаңа марапаты – «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» атағын иеленуіне орай өткізілді.

Кешке әдебиет пен мәдениет өкілдері, қоғам қайраткерлері, өнер саласының тұлғалары, кітапхана оқырмандары мен дарынды жастар қатысып, қаламгерге өздерінің ақ тілегі мен құттықтауларын жеткізді.

Шығыс Қазақстан облысы мәдениет басқармасының басшысы Самат Қасенов, қоғам қайраткері Түсіпхан Түсіпбеков, С.Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінің ректоры Мұхтар Төлеген, жазушы Жұмағазы Игісінов, журналист Олжас Керей сөз сөйлеп, Әлібек Қаңтарбаевтың ұлттық руханиятты дамытуға қосқан елеулі еңбегін атап өтті. 

Кеш барысында облыстық Мәдениет басқармасы қаламгерге шапан жауып, университет ректоры арнайы сый-сияпат тарту етті. Шәкірттері де ұстаздарына арнаған жыр жолдарын оқып, жүрекжарды лебіздерін білдірді.

Кездесу барысында Әлібек Қалиұлы өзінің шығармашылық жолына тоқталып, көркем естеліктерімен бөлісті. Сонымен қатар қаламгердің сөзіне жазылған әнді филармония солистері орындап, кештің көркін аша түсті.

Шара соңында күйшілердің орындауындағы қазақтың дәстүрлі күйлері тартылып, «Өнер мұраты – сөз қуаты» атты рухани кеш ұлттық нақышпен түйінделді.


Айжанат Бақытқызы

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу