KZ
Өскемен
-2°
пасмурно жел 3 м/с, ОШ
504.49 587.73 6.57

Қазақстанда зооволонтерлік қозғалыс жүйелі түрде дамып келеді

2.12.2025, 11:00 114 Ержан Әбіш

Қазақстанда жануарларды қорғау мәдениеті жылдан-жылға нығайып келеді. 2025 жылы ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің және «Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы» КЕАҚ қолдауымен Ұлттық волонтерлік желі жүзеге асырған «Kazakhstan for Animals» жобасы осы бағыттағы ең маңызды бастамалардың бірі болды. 

Жобаның негізгі мақсаты – жануарларға жауапкершілікпен қарауды, гуманизм қағидаттарын кеңінен насихаттау және елімізде зооволонтерлік қозғалыстың тұрақты дамуына жағдай жасау, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Жобаға елдің түкпір-түкпірінен үлкен қызығушылық байқалды. Қазақстанның 20 өңірінен 1612 азамат қатысып, жануарларға қамқорлық көрсетуге бағытталған түрлі іс-шараларға белсенді араласты. Бастама шеңберінде жеті мектепте арнайы волонтерлік клубтар ашылды. Бұл клубтар жастарды еріктілікке баулып қана қоймай, жануарларға деген мейірімділік сезімін қалыптастыруға ықпал етті. Серіктес ұйымдармен бірлесе отырып 20-дан астам акция, семинар, көше жануарларына арналған күтім іс-шаралары ұйымдастырылды.

Волонтерлерді оқыту жүйелі түрде жолға қойылды. Жоба аясында жануарлармен жұмыс істеудің этикасы, оларды қорғау, медициналық көмек көрсету және қауіпсіздік мәселелерін қамтитын базалық оқыту бағдарламасы әзірленді. Осы бағдарламадан 886 тыңдаушы сәтті өтіп, сертификат алды. Қатысушылар енді атқарған жұмысты кәсіби деңгейде жүргізуге мүмкіндік беретін біліммен қаруланды.

Сонымен қатар, балалар мен жасөспірімдер арасында жануарларға қамқорлық тақырыбын кеңінен тарату үшін шығармашылық байқау өткізілді. Онда балаларға арналған кітаптардың, комикстер мен анимациялық фильмдердің авторлары жануарларды қорғау идеяларын көркем түрде жеткізіп, оқырмандар мен көрермендерге жаңа қызықты туындылар ұсынды. Бұл байқау жас буын арасында жануарларға деген сүйіспеншілікті арттыруға бағытталған қадам болды.

Жобаның жалпы нәтижесі еліміздегі зооволонтерлік қозғалыстың даму қарқынының жоғары екенін көрсетеді. Қоғамда жануарлардың әл-ауқатын қорғауға бағытталған мәдениет қалыптасып келеді. Мемлекеттік органдардың, қоғамдық ұйымдардың және ерікті азаматтардың бірлескен іс-әрекеті жануарларға қамқор болу идеясын кеңінен жаюға мүмкіндік берді.

«Kazakhstan for Animals» бастамасы – Қазақстанда жануарларды қорғау саласындағы оң өзгерістерге бетбұрыс жасаған маңызды жоба. Ол зооволонтерлердің мүмкіндіктерін кеңейтіп қана қоймай, қоғамға жануарларға мейіріммен қараудың маңызын тереңірек түсіндіруді көздейді.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу