«Жеке қауіпсіздік» сабағы: оқушылардың 95%-ы оң пікір білдірді
Фото: Ақорда
Елімізде жаңа оқу жылы басталғалы бері барлық білім беру ұйымдарында – балабақшалар, мектептер және колледждерде «Жеке қауіпсіздік» тақырыбындағы 1,4 млн-нан астам қысқа форматтағы сабақтар өткізілді. Бұл бастама елімізде балалардың өмір қауіпсіздігін арттыруға, олардың бойында өзін қорғау, қауіпті жағдайларды тану және дұрыс әрекет ету дағдыларын қалыптастыруға бағытталған ауқымды жұмыс болып отыр, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі ҚР Оқу-ағарту министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Бағдарлама шеңберінде балаларға қауіпсіздік мәдениетін жастайынан үйрету көзделеді. Бүгінгі цифрлық дәуірде балалардың шынайы ортада да, интернет кеңістігінде де түрлі қауіптерге тап болуы ықтимал. Осы себепті сабақтар мазмұны жан-жақты әзірленіп, әр жас топтарының психологиялық ерекшеліктеріне сай бейімделген.
Жүргізілген республикалық мониторинг жұмысына 46 мың педагог пен 318 мыңнан астам оқушы қатысып, сабақтардың тиімділігі жан-жақты бағаланды. Зерттеу нәтижесі бойынша, педагогтердің 92%-ы бұл сабақтардан кейін мектептегі тәртіп пен балалардың жауапкершілік деңгейінің арта түскенін айтқан. Сондай-ақ мұғалімдердің 96%-ы оқушылардың өзіне деген сенімділігі нығайғанын атап өтті. Ал оқушылардың 95,5%-ы сабақ мазмұнын оң бағалап, олардың 90%-ы қауіпсіздік дағдыларының күнделікті өмірде өте маңызды екенін жеткізген.
«Жеке қауіпсіздік» сабағы аптасына бір рет, 10 минут көлемінде өткізіледі. Қысқа әрі нақты ақпарат баланың тез қабылдауына және ұзақ есте сақтауына мүмкіндік береді. Сабақтар балалардың жасына сай бейімделген, сондықтан әр топ өзін қызықтыратын әрі пайдалы ақпарат алады.
Балабақша тәрбиеленушілері алғашқы қауіпсіздік дағдыларымен танысады. Олар шұғыл қызметтердің негізгі нөмірлерін жаттайды, бейтаныс адамдармен қарым-қатынаста сақ болуды үйренеді, ойын алаңында дұрыс ойнау ережелерін меңгереді. Сондай-ақ жолда жүру, көшеде өзін ұстау, қауіпті заттарды танып-білу сияқты қарапайым, бірақ маңызды дағдыларды игереді.
Мектеп оқушылары үшін сабақтардың мазмұны кеңейтіліп, цифрлық ортадағы қауіпсіздікке басымдық беріледі. Жасөспірімдер жеке деректерді қорғау, интернеттегі алаяқтықтан сақтану, фейк ақпаратты ажырату, кибербуллингтің алдын алу, күдікті заттармен әрекет ету ережелері сияқты маңызды тақырыптарды меңгереді. Сонымен бірге табиғаттағы, суда, мұзда және көшеде қауіпсіздік сақтау жолдары да оқытылады.
Колледж студенттері үшін сабақтарда әлеуметтік және цифрлық тәуекелдер тереңірек қарастырылады. Жастарға бағытталған материалдарда өз құқықтарын білу, алаяқтықтан қорғану, қауіпті қаржылық пирамидалар мен онлайн табыс көздерінен сақтану, қоғамдық орындарда қауіпсіз жүру, эмоцияны басқару және төтенше жағдайларда дұрыс әрекет ету сияқты тақырыптар қамтылады.
ҚР Оқу-ағарту министрлігі Балалардың құқықтарын қорғау комитетінің төрағасы Насымжан Оспанова бұл бастаманың маңызын ерекше атап өтті:
Бағдарламаны іске асыру үшін дайындалған оқу-әдістемелік кешен 130 сабақты қамтиды. Негізгі тақырыптар оқу жылы ішінде үш рет қайталанып, балалардың жеке қауіпсіздік дағдыларын тұрақты түрде бекітіп отыруға бағытталған. Бұл тәсіл қауіпсіздік мәдениетін қалыптастыруда жүйелілік пен үздіксіздікті қамтамасыз етеді.
Жалпы, жүргізіліп жатқан жұмыс баланың денсаулығы мен өмірін қорғауға, олардың қауіпсіздікке деген жауапкершілігін арттыруға бағытталған маңызды қадамдардың бірі болып отыр.