KZ
Өскемен
-26°
плотный туман жел 1 м/с, СБ
509.63 592.34 6.54

Шоқан Уәлихановтың 190 жылдығына көшпелі көрме өтті

3.12.2025, 10:30 202 Базарова Айгүл

Биыл қазақтың көрнекті ғалымы, ұлт ойының шамшырағы, тау тұлғалы зерттеуші, саяхатшы және этнограф Шоқан Шыңғысұлы Уәлихановтың туғанына 190 жыл толып отыр. Осы мерейлі датаға орай А.С.Пушкин атындағы кітапхана мен “AMANAT” партиясы бірігіп, ұлы ғалымның рухани мұрасын дәріптеуді мақсат еткен әдеби-интерактивті жылжымалы көрме ұсынды. Дәстүрлі кітап көрмесінің қойылымы - өткен мен бүгінді жалғаған, Шоқан ғұмырын жан-жақты танытатын терең мазмұнды мәдени жоба, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.

Шоқан жылнамасы

Көрме кеңістігіне аяқ басқан сәттен бастап көрермен XIX ғасырдың тынысын сезгендей болады. Мұнда Шоқанның қысқа да ғажайып ғұмырынан сыр шертетін сирек фотосуреттер, архивтік жазбалар, замандастарының қолтаңба- пікірлері мен күнделік беттері ұсынылған. Әрбір құжат – уақыттың қалың шаңын жарып шыққан тірі тарих, әрбір сурет – елдің ертеңін ойлап, жер шолып өткен жас ғалымның өр жігерін сездіретін бейне.

Экспозицияның ғылыми бөлімі көрменің өзегі іспетті. Этнография, география, шығыстану, тарих салаларындағы Шоқан қалдырған мұра – қазақ руханиятының алтын қорын құрайтын құндылықтар. “Қашқарияға сапар” еңбегінен алынған бірегей карталар, жазба үзінділер мен жолсапар дәптерлері оның даналығы мен ержүректігін айшықтай түседі. Шоқанның бар ғұмыры – ғылыми ізденістен тұратын тұтас эпопея сияқты.

Заманауи технологиялар көрменің көркемдігін еселей түседі. Интерактивті панельдер, 3D карталар, деректі фильмдерден алынған үзінділер – барлығы көрерменді Шоқан әлеміне жетелейді. Бір сәтте көрермен Қашқар сапарындағы қиын жолдарды виртуалды түрде басып өтіп, этнографиялық зерттеулердің тереңдігіне бойлайды.

- XIX ғасырдағы қазақ ғылыми ойының ең жарқын өкілдерінің бірі, көрнекті ғалым, саяхатшы, этнограф, фольклоршы Шоқан Шыңғысұлы Уәлихановтың 190 жылдық мерейтойына арналған мәдени-танымдық кездесуде көргенімізге қуаныштымыз. Бүгінгі іс-шара «Кітап – AMANAT» жобасы аясында өтуде. Бұл жоба жастардың оқу мәдениетін дамытуға, ұлттық мұраны насихаттауға, жас буынды қолдауға және мәдени бірегейлікті нығайтуға бағытталған. Жобаның басты мақсаты – халықтың рухани байлығын сақтап, оны келер ұрпаққа жеткізу. Шоқан Уәлихановтың тұлғасы біздің жобаның миссиясымен үндес. Ол – білімге құштар, кітапқа жан-тәнімен берілген, кең дүниетанымды азамат болған. Шоқан қоғамның күші білімде, дүниені тануда, өз халқының және көрші халықтардың мәдениетін зерттеуде екенін терең түсінді. Бүгінгі кездесуіміздің мақсаты – тек ұлы зерттеушінің өмірбаянын еске алу емес. Біз оның ғылыми мұрасының ауқымын тереңірек түсініп, оның ойларының бүгінгі заманмен қалай сабақтасып жатқанын көруді қалаймыз. Біз бүгінгі күн тек танымдық шара ғана емес, тарихқа, кітап оқуға, зерттеушілікке деген қызығушылықты арттыруға қосылған маңызды үлес болады деп сенеміз. Бұл кездесу баршамызға шабыт, жаңа білім және Шоқан Уәлихановтың тұлғасы біздің мәдени санамыздың қалыптасуына қаншалықты зор ықпал еткенін терең түсіну мүмкіндігін сыйласын, - деді көрменің ашылуында сөз алған «AMANAT» партиясы ШҚО филиалы төрағасының міндетін атқарушы Аманбай Нұркенов. 

Көрмедегі әдеби экспозиция да назардан тыс қалмады. Шоқан туралы ондаған зерттеулер, заманауи басылымдар, электронды кітаптар мен аудиоматериалдар – бәрі де оның тұлғасын жан-жақты ашып көрсетуге бағытталған. Шоқан жайлы ғалымдар жазған еңбектермен қатар, жазушылардың көркем туындылары да ұсынылып, ұлы ғалым бейнесі әдеби кеңістікте қайта жанданады.

Жылжымалы көрме – ұлттық сананы тәрбиелеуге, жас буынды ғылымға ынталандыруға, қазақ руханиятының іргесін бекітуге арналған үлкен мәдени бастама. Шоқанның қысқа ғұмыры мен өлшеусіз мұрасы – өткенге тағзым әрі болашаққа бағдар. Ұйымдастырушылар ұлы ғалымның еңбектерін ұрпақ санасында жаңғырту арқылы жас зерттеушілердің ғылымға, тарихқа, этнографияға деген қызығушылығын арттыруды көздейді. Өйткені Шоқан – бір дәуірдің ғана емес, бүкіл қазақ руханиятының сәулелі тұлғасы.

- Мамандығым тарихшы болғандықтан, ғалымның «Қашқарияға сапарын» оқыдым. Түркі халқынан шыққандықтан «тыңшы» ретінде сапарға шығып, «Қашқарияға сапар», «Ыстықкөл күнделігі» сияқты көптеген мұралар әкелген ғалым құнды мағлұматтар қалдырды. Студенттерге бүгінгі шараның берері мол. Ұлы тұлғалардың ерліктерін естіген, білген жастардың бойында дәл сондай ұмтылыс оянады деген ойдамын, - дейді С.Аманжолов атындағы ШҚУ –дың «Тарих және қоғамтану» факультетінің 2- курс студенті Дилназ Енсебаева.

Шара соңында қатысушылар үшін Шоқан Уәлихановтың өмірі мен ғылыми мұрасына арналған викторина ұйымдастырылды. Танымдық сұрақтар мен интерактивті тапсырмалардан тұратын бұл бөлім көрермендердің қызығушылығын арттырып, ұлы ғалымның өмір жолын тереңірек тануға мүмкіндік берді. Викторинаға белсенді қатысқан студенттер өз білімдерін сынап қана қоймай, жаңа мәліметтер алып, Шоқан тұлғасының көпқырлы болмысын тағы бір қырынан ашты.


Айдос Мырзахметов

Видео: Жәнібек Ырысбай

Фото: Артем Жигулин

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу