«Газбаллон» акциясы: ШҚО-да профилактикалық рейдтер жалғасуда
Өңірлерде газ баллонды жабдықты пайдалану кезінде туындайтын оқыс оқиғалардың алдын алу, азаматтар мен көлік құралдарының қауіпсіздігін қамтамасыз ету, сондай-ақ тұрғындар арасында қауіпсіздік мәдениетін арттыру мақсатында профилактикалық іс-шаралар белсенді түрде өткізіліп жатыр, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі ҚР Төтенше жағдайлар министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
«Газбаллон» акциясының негізгі мақсаты – өрт қауіпсіздігіне және жалпы қауіпсіздікке қатер төндіретін заңбұзушылықтарды дер кезінде анықтау және жолын кесу.
Шығыс Қазақстан облысының Төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері полиция қызметкерлерімен бірлесіп автокөлік иелері мен жүргізушілер арасында ауқымды түсіндіру жұмыстарын жүргізуде. Жүргізушілерге көлікті газ баллон жабдығымен қайта жабдықтағанда техникалық паспортта белгіленбеген жағдайда әкімшілік жауапкершілік қарастырылғаны ескертіледі. Сонымен қатар, сауда орталықтарының жерасты автотұрақтарында құтқарушылар азаматтарға газбаллон жабдықтарын дұрыс және қауіпсіз пайдалану, апатты жағдайлардың себептері, газдың төгілуінен немесе шығуынан туындайтын қауіптерден сақтану шаралары туралы толық түсіндіру жұмыстарын жүргізеді.
ТЖД өкілдері атап өткендей, газ баллон орнатылған автокөліктерге сауда және бизнес орталықтарының, тұрғын үй кешендерінің кіріктірілген және жапсарлас салынған паркингтеріне кіруге қатаң тыйым салынады. Бұл талап газдың қызған кезде кеңейетіндігін және баллон 85%-дан артық толтырылған жағдайда тәуекелдің артатынын ескере отырып жасалған. Әсіресе қыс мезгілінде ауа температурасы төмен, жылу жүйесі белсенді жұмыс істейтін кезде қауіптілік деңгейі күрт өседі.
Акция барысында құтқарушылар азаматтарды газ баллондарын және газбаллонды жабдықты пайдалану кезінде қауіпсіздік талаптарын қатаң сақтауға шақырады. Жауапкершілік пен мұқияттылық – осындай апаттардың алдын алудың және адам өмірін сақтаудың басты кепілі. Әрбір автокөлік иесі мен жүргізуші өз қауіпсіздігі үшін тексерілген жабдықтарды қолдануы, баллондарды уақытылы техникалық бақылаудан өткізуі, сондай-ақ газбен жабдықталған көліктерді қауіпсіз аймақтарда пайдалануын қатаң сақтауы қажет.
Акция тек бақылау мен рейдтерден ғана тұрмай, азаматтарға қауіпсіздік мәдениетін қалыптастыру, тәуекелдерді азайту және апаттардың алдын алу үшін жан-жақты ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізуді де қамтиды. Бұл шаралар тұрғындардың өмірі мен мүлкін қорғауға, апатты жағдайлардың алдын алуға бағытталған кешенді әрекеттердің бір бөлігі болып отыр.