KZ
Өскемен
-12°
облачно с прояснениями жел 1 м/с, С
507.05 594.82 6.51

Жеке клиникада МӘМС арқылы медициналық қызметті қалай алуға болады?

5.12.2025, 15:30 192 Айна Бакимбаева

Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры жеке медициналық ұйымдарда міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) шеңберінде қызмет алу тетігін түсіндірді. Қордың баспасөз қызметінің мәліметінше, бұл мүмкіндік жүйе алғаш әзірленген кезеңнен бастап қарастырылған әрі бүгінгі күні толық көлемде қолданыста, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.

Пациент тіркелген емханадан міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде жұмыс істейтін кез келген клиникаға жолдама ала алады. Бұл — мемлекеттік немесе жеке медициналық ұйым болуы мүмкін. Жолдамамен барған жағдайда пациент көрсетілген медициналық қызмет үшін төлем жасамайды, себебі шығын Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры тарапынан қосалқы орындау шарты аясында өтеледі.

ҚАНДАЙ ЖАҒДАЙДА ЖОЛДАМА БЕРІЛЕДІ?

Егер пациент тіркелген емханада қажетті бейінді маман болмаса немесе белгілі бір диагностикалық қызметті көрсетуге арналған жабдық жетіспесе, науқас басқа медициналық ұйымға жіберіледі. Мұндай жағдайлар көбіне халқы аз тіркелген алғашқы медициналық-санитарлық көмек ұйымдарында кездеседі. Мәселен, кей жерлерде пульмонолог, аллерголог, ангиохирург сынды бейінді дәрігерлер болмауы мүмкін немесе ультрадыбыстық зерттеу (УДЗ), рентген аппараттары жоқ.

Осындай кезде емхана қосалқы қызмет көрсету туралы келісімшарт жасасқан клиникаға, оның ішінде жеке медициналық ұйымға, пациентті жолдайды.

Сонымен қатар, қажет мамандар мен жабдық болса да, қабылдауға жазылу мерзімі ұзарып, бір айға дейін толып қалған жағдайлар кездеседі. Дәрігер еңбек демалысында болғанда немесе жабдық уақытша істен шыққанда да осы механизм іске қосылады. Мұндай жағдайда пациент қажетті қызметті алу үшін басқа клиникаға жолдама сұрауға құқылы.

МАҢЫЗДЫ ЖАЙТ

Жолдама тек Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының жеткізушілер базасында тіркелген жеке клиникаларға ғана беріледі. Бұл ретте пациент тіркелген емхана мен қабылдайтын клиника арасында жеке қосалқы орындау шартының болуы міндетті емес — жолдама берген сәтте барлық ақпарат жүйеде автоматты түрде қалыптастырылады.

ҚАНДАЙ ҚЫЗМЕТТЕР КӨРСЕТІЛЕДІ?

Жеке клиникаларда пациенттер тек бейінді мамандардың консультациясын алып немесе диагностикалық тексерулерден өтіп қана қоймай, күндізгі немесе тәуліктік стационар жағдайында ем қабылдай алады. Бұған МӘМС пакетіне кіретін түрлі операциялық араласулар да жатады.

ҚҰҚЫҚТЫ ҚОРҒАУ ТЕТІГІ

Егер пациент жолдама ала алмаса, алдымен тіркелген емханасындағы Пациенттерді қолдау және ішкі сараптама қызметіне жүгінуіне болады. Егер мәселе сол деңгейде шешілмесе, Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына ресми өтініш жолдау арқылы тексеру жүргізуді сұрауға құқылы.

Қордың мәліметінше, кез келген консультациялық-диагностикалық қызметті тағайындау тек емдеуші дәрігердің құзырында. Мамандар науқастың шағымдарын, жалпы жағдайын және клиникалық белгілерді мұқият бағалап, қажетті көрсетілімдер болған жағдайда ғана зертханалық және аспаптық тексерулерге немесе бейінді мамандардың консультациясына жолдама береді.

Еске сала кетейік, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру аясында медициналық қызмет алу үшін азаматтың сақтандырылған мәртебесі болуы шарт.


Айна Бакимбаева 

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу