KZ
Өскемен
-3°
небольшой снег жел 4 м/с, ОШ
504.49 587.73 6.57

Жұмысшы мамандықтардың жаңа дәуірі: WorldSkills Kazakhstan–2025 чемпионаты өтуде

5.12.2025, 16:30 114 Қуаныш Рахметоллаұлы

Елімізде жұмысшы мамандықтар беделін арттыруға арналған ең маңызды іс-шаралардың бірі – X республикалық WorldSkills Kazakhstan–2025 кәсіби шеберлік чемпионаты өтуде, деп хабарлайды Altainews.kz. Биылғы чемпионатқа еліміздің барлық өңірлерінен 30 негізгі және 15 қосымша құзыреттілік бойынша 825 жас маман мен 719 сарапшы қатысып отыр. Олардың ішінде Шығыс Қазақстан облысының құрама командасынан 35 қатысушы 32 құзыреттілік бойынша өздерінің кәсіби дағдыларын сынамақ.

Биыл мерейтойлық оныншы чемпионаттың ауқымы бұрынғыдан да кеңейіп, қатысушылар саны да, құзыреттіліктер спектрі де айтарлықтай артты. 9 желтоқсанға дейін жалғасатын ұлттық жарысқа Қазақстанның барлық өңірінен 825 қатысушы мен 719 кәсіби сарапшы келіп, түрлі сала бойынша өз шеберліктерін сынауда. Бұл – техникалық және кәсіптік білім беру жүйесінің дамып келе жатқанын дәлелдейтін айқын көрсеткіш.

ЖҰМЫСШЫ МАМАНДЫҚТАР ЖЫЛЫ ЖӘНЕ ЖАҢА РЕФОРМАЛАР

Ашылу салтанатында сөйлеген ҚР Оқу-ағарту вице-министрі Шынар Ақпарова Мемлекет басшысының тапсырмасымен соңғы жылдары техникалық және кәсіптік білім беру саласында ауқымды өзгерістер іске асып жатқанын атап өтті. Оның айтуынша, 2025 жыл елімізде Жұмысшы мамандықтар жылы деп жарияланып, кәсіби білім беру жүйесі жаңа деңгейге көтерілді.

«WorldSkills – білім, дағды, табандылық сыналатын үлкен сын. Бұл – қазақстандық кәсіптік білім беру саласын әлемдік стандартқа жақындатқан реформаның катализаторы», – деді вице-министр. Бұл чемпионат тек бәсеке емес – еңбек адамының қоғамдағы мәртебесін өсіретін, жастарды кәсіпке баулитын, сұранысқа ие мамандарды анықтайтын ұлттық алаң. Биылғы чемпионаттың басты ерекшелігі – оның ауқымы. Бұрын 30 бағыт қамтылса, қазір 45 түрлі кәсіби құзыреттілік енгізілді. Олардың қатарында өндіріс және инженерия, ақпараттық технологиялар, құрылыс және сәулет,креативті индустрия, қызмет көрсету салалары, әлеуметтік бағыттар бар.

Бұл – қазіргі экономиканың негізгі салаларын қамтитын, еңбек нарығының талаптарына толық сай келетін бағыттар. Жарыс барысында қатысушылар нақты өндірістік жағдайда жұмыс істеп, заманауи құрал-жабдықтарда тапсырмалар орындайды. Бұл тәжірибе жас мамандардың біліктілігін күшейтіп, жұмыс берушілер үшін сапалы кадрлар даярлау мүмкіндігін арттырады.

ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ДЕҢГЕЙГЕ ЖОЛ

Республикалық чемпионаттың жеңімпаздары 2026 жылы Қытайда өтетін WorldSkills International халықаралық чемпионатына жолдама алу мүмкіндігіне ие болады. Бұл – әлемдік аренаға шығатын, әлемнің ең мықты жас мамандарымен бәсекеге түсетін үлкен мүмкіндік. Айта кетейік алғашқы WorldSkills әлемдік қозғалысы 1946 жылы құрылған. Сол уақыттан бері жұмысшы мамандықтар мәртебесін көтеруді мақсат еткен халықаралық жоба бүгінде 89 елді біріктіретін алып платформаға айналды. Қозғалысқа мүше мемлекеттер бірлесіп, заманауи экономиканың талаптарына сай кадрлар даярлаудың ортақ стандарттарын енгізуде. Қазақстан бұл қозғалысқа 2015 жылдан бастап қатысып келеді. Ұлттық чемпионаттың операторы – Оқу-ағарту министрлігіне қарасты «Talap» КЕАҚ. Соңғы жылдары қазақстандық қатысушылар халықаралық деңгейде жоғары нәтижелер көрсетіп, еліміздің кәсіби білім беру жүйесінің бәсекеге қабілетті екенін дәлелдеп жүр. Ал осы жылдың қыркүйек айында Ақтау қаласында алғаш рет TurkicSkills 2025 халықаралық чемпионаты өтті. Қазақстанның бастамасымен ұйымдастырылған бұл жоба – түркі елдерінің кәсіби білім беру саласындағы ынтымақтастығын нығайтып, бірлескен стандарттар қалыптастыруда маңызды қадам болды.

WORLDSKILLS – КӘСІБИ БІЛІМНІҢ БОЛАШАҒЫНА ЖОЛ

WorldSkills қозғалысы бүгінде тек жарыс емес, ол – заманауи кәсіби білім берудің жаңа философиясы. Бұл еңбек нарығына қажетті нақты дағдыларды қалыптастыру, жастардың еңбекке қызығушылығын арттыру, шеберлік пен кәсіби мәдениетті дамыту, жұмысшы мамандықтарға деген стереотиптерді жою, әр салада бәсекеге қабілетті мамандар даярлау жолы. Кәсіптік білім беру жүйесі экономиканың қозғаушы күші болып отырған кезеңде мұндай чемпионаттардың маңызы жыл сайын артып келеді. Өндіріс, IT, сервистік қызметтер және өнеркәсіп салаларына жоғары деңгейдегі мамандар қажет. Сондықтан WorldSkills – Қазақстанның болашақ кадрлық әлеуетін қалыптастырудағы маңызды құрал болмақ. Демек еліміздегі жас мамандардың кәсіби деңгейін көрсететін, жаңа мүмкіндіктерге жол ашатын, еңбек адамының мәртебесін көтеретін ұлттық жоба. Саладағы реформалар мен жаңғырту жұмыстарының нәтижесінде Қазақстан кәсіби шеберлік бойынша халықаралық аренада бәсекеге қабілетті елдердің қатарына еніп келеді. Жастардың шеберлігі – елдің болашағы. Ал WorldSkills – сол болашаққа бастайтын сенімді көпір.


Қуаныш Рахметоллаұлы

Фото: ҚР Оқу-ағарту министрлігі 


Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу