KZ
Өскемен
-2°
пасмурно жел 1 м/с, С
504.49 587.73 6.57

Сотқа тараптарды шақырудың өз тәртібі бар

Кеше, 10:00 180 Ержан Әбіш

Сот отырысының уақыты мен өтетін орны туралы дер кезінде хабарландыру – азаматтың сотта қорғалуға конституциялық құқығын толық жүзеге асырудың басты шарттарының бірі. Шақыру хабарламасының дұрыс әрі белгіленген тәртіппен жеткізілуі сот шешімінің әділдігіне тікелей ықпал етеді.

Сотта қорғалуға конституциялық құқықты қамтамасыз етудегі маңызды талаптардың бірі – іске қатысушы тұлғаны сот талқылауының өтетін орны мен уақыты туралы дер кезінде және тиісті түрде хабардар ету.

Сот процесіне қатысушы адамға оның сот отырысына келу қажеттігі туралы ақпаратты жеткізудің бірнеше тәсілі бар. Бұл тәсілдердің әртүрлілігі, сондай-ақ оларға қойылатын талаптар сотқа қатысушы тұлғаға хабарды белгіленген мерзімде жеткізуді міндеттейді. Сот талқылауының толық құрамда өтуі қабылданатын шешімнің әділдігіне тікелей әсер етеді. Сондықтан сот шақыру қағаздарын жеткізу мен тапсыру мәселесін зерттеу сот процесіне қатысу құқығын қамтамасыз етуде ерекше маңызды.

Іске қатысушы тұлғалар, сондай-ақ куәгерлер, сарапшылар, мамандар және аудармашылар сотқа төмендегі тәсілдер арқылы шақырылады: қабылданғаны туралы хабарламасы бар тапсырыс хат арқылы, қабылданғаны туралы хабарламасы бар соттың шақыру қағазы арқылы, телефонограмма немесе телеграмма арқылы, факс байланысы арқылы, сот хабарламасының немесе шақырудың жолданғанын және адресатқа тапсырылғанын тіркеуді қамтамасыз ететін өзге де байланыс және жеткізу құралдары арқылы.

Яғни негізгі талап – сот отырысына келуге тиіс тұлғаның хабарламаны алғанын растайтын дәлелдің болуы.

Сот процесіне қатысушы тұлғалар, егер сот олардың басталған сот ісі жөнінде тиісті түрде хабарланғаны туралы мәліметтерге ие болса, істің барысы туралы ақпарат алуға шара қолданбауынан туындайтын қолайсыз салдарлардың тәуекелін өздері көтереді. Бұл ереже тек ақпарат алуға шара қолдануға мүмкіндік болмаған төтенше әрі еңсерілмейтін жағдайларда қолданылмайды.

Іске қатысушыларды хабардар етудегі маңызды шарт – сот хабарламалары мен шақырулары олардың іске дайындалуы және сотқа уақытылы келуі үшін жеткілікті мерзімде табысталуға тиіс.

Іске қатысушы тұлғаға арналған сот хабарламасы оның өзі немесе өкілі көрсеткен мекенжайға жіберіледі.

Сонымен қатар іс қаралып жатқан кезеңде тараптар мекенжайын өзгерткен жағдайда бұл туралы сотқа хабарлауға міндетті. Егер мұндай хабар берілмесе, сот шақыру қағазы немесе басқа да сот хабарламасы сотқа белгілі соңғы мекенжайға жіберіледі және адресат ол жерде тұрмаса да, хабарлама тапсырылған болып есептеледі.

Егер сот хабарламасы адресатқа тапсырылған кезде ол оны қабылдаудан бас тартса, бұл туралы хабарламада белгі қойылады. Алайда мұндай жағдай тұлғаның отырысқа келмеуінің немесе хабарландырылмауының «дәлелді себебі» ретінде көрсетуге құқық бермейді.

Сот хабарламаларын жіберудің таңдалған тәсілдері олардың мазмұнын тіркеуді және адресатқа табыстауды қамтамасыз етуі аса маңызды. Бұл өз кезегінде тұлғаның тиісті түрде хабарланғанын дәлелдеу үшін қолданылуы мүмкін.

Роза Ахметжанова, 
Өскемен қаласы мамандандырылған ауданаралық тергеу соты әкімшісінің басшысы

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу