Қазақстан диалогты нығайтуды және ЕҚЫҰ-ның негізін қалаушы қағидаттарын ұстануды жақтады
Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрі Ермек Көшербаев Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының (ЕҚЫҰ) Сыртқы істер министрлері кеңесінің 32-ші отырысына қатысты. Кездесуге қатысушылар Финляндия төрағалығының нәтижелерін қарастырды, ЕҚЫҰ өңіріндегі негізгі қауіпсіздік мәселелерін бағалап, пікір алмасты және Ұйымның институционалдық мәселелерін шешу жолдарын талқылады, деп хабарлайды Altainews.kz ҚР Сыртқы істер министрлігіне сілтеме жасап.
Өз сөзінде Қазақстан сыртқы саяси ведомствосының басшысы Хельсинки қорытынды актісі мен Астана декларациясының мерейтойлары ЕҚЫҰ-ның негізін қалаушы қағидаттарының өзектілігін айқын көрсететінін атап өтті. Оның пікірінше, халықаралық қауымдастықтың міндеті – бұл қағидаттарды қайта қарау емес, оларды бірізді сақтауға саяси ерік-жігер таныту. Ол Ұйымның алдын алу, медиация және мониторинг салаларында бірегей құралдары бар екенін айтып, оларды тиімді пайдалануға шақырды.
Ермек Көшербаев қақтығыстардың орнына дипломатияны таңдау қажеттілігіне назар аударды. Ол Қазақстанның дағдарыстарды, оның ішінде Украинадағы, Таяу Шығыстағы және басқа да өңірлердегі жағдайды қоса алғанда халықаралық құқыққа негізделген дипломатиялық жолмен шешуді жақтайтынын жеткізді. Осы тұрғыда ол Әзербайжан мен Армения арасындағы Бейбітшілік декларациясына қол қойылуын, сондай-ақ Орталық Азия елдері арасындағы шекара мәселелерін шешудегі прогресті құптады.
Министр Орталық Азияның жаһандық процестерге белсенді қатысатын біртұтас және конструктивті өңірге айналып келе жатқанын мәлімдеді. Сондай-ақ Ауғанстандағы тұрақтылық пен орнықты дамудың маңыздылығына ерекше назар аударды. Осыған байланысты ол Алматыда БҰҰ-ның Орталық Азия мен Ауғанстанға арналған Орнықты даму мақсаттары жөніндегі Өңірлік орталығын құрудың маңыздылығына тоқталып, бұл өңірлік ынтымақтастықты нығайтудың практикалық құралына айналатынын атап өтті.
ЕҚЫҰ-ның экономика және қоршаған орта өлшеміне қатысты Министр өзара байланыстықты, жасыл экономиканы дамыту және өңірлік экологиялық тұрақтылығын арттыру бойынша күш-жігерді күшейту қажеттілігін атап өтті. Негізгі сын-тегеуріндердің қатарында Арал мен Каспий теңіздерінің тартылуы, климаттың өзгеруі, шөлейттену және су тапшылығы мәселелері аталды. Қазақстан 2026 жылғы сәуірде Астанада өтетін Өңірлік экологиялық саммитті қоса алғанда осы салалардағы шешімдерді белсенді түрде ілгерілетуді көздейді.
Сонымен қоса СІМ басшысы ЕҚЫҰ-ның адами өлшемі аясында Қазақстанның адам құқықтарын, демократияны, заң үстемдігін және гендер теңдігін ілгерілетуге деген міндеттемесін растады әрі елде жүзеге асырылып жатқан ауқымды демократиялық реформалармен таныстырды.
Сөз соңында ол Қазақстан қауіпсіздік саласындағы диалог пен ынтымақтастық үшін бірегей, инклюзивті платформа ретінде ЕҚЫҰ-ны нығайту үшін Швейцарияның алдағы төрағалығымен және барлық мүше мемлекеттермен белсенді түрде өзара іс-қимылды жалғастыратынына сендірді.
Сондай-ақ, Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрі Ермек Көшербаев Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы (ЕҚЫҰ) Сыртқы істер министрлері кеңесінің 32-ші отырысы аясында Нидерланд Корольдігі, Кипр Республикасы, Аустрия Республикасы, Германия Федеративтік Республикасы, Грекия Республикасы, Грузия мен Украинаның сыртқы саяси ведомстволарының басшыларымен кездесулер өткізді.
Келіссөздер барысында екіжақты ынтымақтастықтың басым бағыттары, саяси диалогты қолдау, сауда-инвестициялық серіктестікті кеңейту, ЕҚЫҰ және басқа да көпжақты алаңдардағы өзара іс-қимыл мәселелері талқыланды.
Нидерланд Сыртқы істер министрі Давид Ван Веелмен кездесу Қазақстан мен Нидерланд арасындағы сауда-экономикалық серіктестікті нығайту жолдарын қарастыруға және жаңа әлеуетті бағыттарды анықтауға мүмкіндік берді. Екі ел сыртқы істер министрлері барлық деңгейдегі саяси диалог пен екіжақты байланыстарды дамытуға өзара мүддені растады.
Кипр сыртқы саяси ведомствосының басшысы Константинос Комбоспен қазақ-кипр саяси, сауда-экономикалық, инвестициялық және мәдени-гуманитарлық ынтымақтастығының қазіргі күйі мен келешегі талқыланды. Тараптар сындарлы диалогты жалғастырып, екіжақты ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға өзара бейілділікті растады.
Аустрияның Еуропа және халықаралық істер федералдық министрі Беате Майнль-Райзингермен кездесуде қазақ-аустрия қарым-қатынастарының қазіргі жағдайы мен келешегі, сондай-ақ халықаралық және өңірлік күн тәртібіндегі өзекті мәселелер талқыланды. Екіжақты диалог пен экономикалық ынтымақтастықты Үкіметаралық комиссия мен Іскер кеңес арқылы ілгерілетудің маңыздылығы аталып өтті.
Германия Федералдық сыртқы істер министрі Йоханн Вадефулмен кездесу барысында тараптар сімаралық консультациялардың нәтижелерін жоғары бағалап, қазақ-герман жан-жақты байланыстарының зор болашағын атап өтті. Министрлер тұрақты байланысты қолдап, ведомствоаралық ынтымақтастықты кеңейтуге мүдделілік танытып, Астана мен Берлин арасындағы барлық саладағы ықпалдастықты тереңдетуге келісті.
Грекия Сыртқы істер министрі Георгиос Герапетритиспен өткен келіссөздер барысында тараптар қазақ-грек қатынастарының қазіргі жағдайын мен оларды тереңдету әлеуетін талқылады. Саяси саладағы өзара іс-қимылдың динамикасына, сондай-ақ сауда-экономикалық, инвестициялық және мәдени-гуманитарлық бағыттардағы серіктестікті кеңейту мәселелеріне ерекше назар аударылды.
Грузия Сыртқы істер министрі Мака Бочоришвилимен екіжақты күн тәртібінің өзекті мәселелері талқыланып, саяси диалогты тереңдетуге, сауда-экономикалық, көлік-логистикалық және мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықты дамытуға бейілділік расталды. Әсіресе Транскаспий халықаралық көлік бағыты шеңберіндегі өзара іс-қимылды кеңейту және өңірдің транзиттік әлеуетін арттыру бойынша бірлескен шараларға баса назар аударылды.
Украинаның Сыртқы істер министрі Андрей Сибигамен кездесуде тараптар саяси, экономикалық және гуманитарлық салалардағы өзара іс-қимылға ерекше назар аудара отырып, екіжақты ынтымақтастықтың өзекті мәселелерін талқылады. Сұхбаттастар Қазақстан мен Украина арасындағы дәстүрлі достық қарым-қатынастарды дамытуға және сындарлы саяси диалогты қолдауға өзара мүдделілікті растады. ЕҚЫҰ-ның Еуразия өңірдегі рөлін қоса алғанда, өңірлік және халықаралық күн тәртібі мәселелері бойынша пікір алмасу өтті.
Кездесулердің қорытындысы бойынша сыртқы саяси ведомстволардың басшылары жан-жақты серіктестікті одан әрі дамытуға, ведомствоаралық байланыстарды нығайтуға және халықаралық әрі өңірлік күн тәртібіндегі өзекті мәселелер бойынша ортақ көзқарастарды ілгерілетуге ниетті екенін білдірді.
Бұдан бөлек ЕҚЫҰ негізгі институттарының басшыларымен бірқатар екіжақты кездесулер өткізді.
Қазақстан СІМ басшысы ЕҚЫҰ Бас хатшысы Феридун Синирлиоглумен, Демократиялық институттар және адам құқықтары жөніндегі бюроның (ДИАҚБ) директоры Мария Телалианмен, ЕҚЫҰ БАҚ бостандығы мәселелері жөніндегі өкілі Ян Братумен, сондай-ақ Аз ұлттар істері жөніндегі жоғарғы комиссары Кристофор Камппен кездесті.
ЕҚЫҰ Бас хатшысымен келіссөздер барысында Е.Көшербаев Қазақстанның Ұйыммен ынтымақтастығының стратегиялық сипатын атап өтіп, ЕҚЫҰ шеңберінде жан-жақты ынтымақтастықты дамыту Қазақстанның сыртқы саясаты басымдықтарының бірі екенін айтты.
Тараптар ЕҚЫҰ-ның саяси-әскери, экономика-экологиялық және гуманитарлық өлшемдері шеңберінде өңірлік қауіпсіздікті нығайту, практикалық өзара іс-қимылды кеңейту және бастамаларды бірлесіп жүзеге асыру мәселелерін талқылады.
ЕҚЫҰ Аз ұлттар істері жөніндегі жоғарғы комиссары К.Камппен кездесу барысында Министр этникалық әртүрлілік мәселелерін қозғап, Қазақстанның этносаралық үйлесімділікті қамтамасыз етудегі бірегей тәжірибесін атап өтті.
М.Телалиан және Я.Братумен келіссөздер барысында демократиялық даму, құқық үстемдігі, БАҚ бостандығы, адам құқықтарын қорғау және азаматтық қоғам институттарын нығайту мәселелері талқыланды.
Өз тарапынан ЕҚЫҰ өкілдері Қазақстанның сындарлы рөлін жоғары бағалап, практикалық ынтымақтастықты кеңейтуге, оның ішінде адам құқықтарының, медиа бостандығының өзекті мәселелері және инклюзивті қоғамдық процестерді қамтамасыз етуге қызығушылық білдірді.
Кездесу қорытындысы бойынша тараптар тұрақты диалогты қолдауға және ЕҚЫҰ күн тәртібінің басым бағыттары бойынша серіктестікті дамытуға дайындықтарын растады.















