«Туған жер – алтын бесігім!»: Ұландықтар ұмытылмас рухани кеш сыйлады
Бүгін Өскемен қаласында «Туған жер – алтын бесігім!» облыстық жобасы аясында ұлылар мекені, батырлар бесігі атанған қасиетті Ұлан ауданының мәдени күндері басталды, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Алдымен күндіз облыстық А.Пушкин атындағы кітапханада Ұлы Абайдың 180 жылдығына арналған «Абай рухани әлемінің айнасы» атты мәнерлеп оқу байқауы ұйымдастырылып, қатысушылар тыңдармандарды ақынның сыршыл да тұңғиық, бай рухани әлеміне жетеледі. Абайдай ұлы дананың ақыл-ой айдынына саяхат жасатты.
Ал кешкісін облыстық филармониясының кең фойесінде Ұлан ауданы фермерлерінің ауылшаруашылық өнімдерінің және аудандық қолөнер шеберлерінің көрмесі ұйымдастырылды. Көрмедегі ауданның сан-саладағы жетістіктерін облыс әкімі Нұрымбет Сақтағановқа Ұлан ауданының әкімі Арман Бекбосынов таныстырды. Мазмұны бай, көзге тартымды көрме жиналған көпшіліктің көңілінен шыққаны анық.
Бұдан бөлек шара барысында облыс басшысына елімізге, өңірге белгілі өлкетанушы Борис Щербаков Ұлан ауданының аумағындағы 16-17-18 ғасырларға тиесілі тарихи ескерткіштер жайында нақты мәліметтермен мол әрі аса құнды ақпарат ұсынды. Мәселен, өлкетанушы әңгімелеп берген Ақбауыр ғажайыптары, Аблайкит монастрі жайлы мәліметтер жұртшылықтың қызығушылығын тудырды. Аймақ әкімі Нұрымбет Аманұлы облыстық мәдениет басқармасының басшылығына алдағы уақытта өлкетанушының бұл еңбегін жеке жинақ ретінде бастыруды, халыққа кеңінен таныстыруды тапсырды.
Сонымен қатар бұл кеште өңірдегі кәсіби фототілшілердің «5 жыл – бір мақсат: Шығыс салбурыны» атты әсерлі фотокөрмесі де жұртшылық назарына ұсынылды. Ағымдағы жылы ауылдық туризмді дамыту бағытында «Шығыс салбурыны» халықаралық фестивалі жоғары деңгейде өткені белгілі. Биыл іс-шараға 6 елден 148 бүркітші қатысып, 10 мыңнан астам көрермен келді. Фестиваль ауданның халықаралық мәртебесін арттырып отыр. Аудан басшыларының айтуынша, алдағы жылы Азия чемпионатын өткізу жоспарлануда. Бұл бағытта мүдделі тараптармен келіссөздер жүргізілуде.
Тағдырын халқымен біртұтас сезініп, елдің аманатын арқалаған халық қаһарманы Қасым Қайсенов, Кеңес Одағының тоғыз батыры, білім мен ғылымның шамшырақтары Сәрсен және Алтай Аманжоловтар, Зәки Ахметов, Кәкен Аханов сынды біртуар ғалымдар туған, Тұрғазы Нұқаев, Серік Ғабдуллин, Мүсілім Құмарбеков, Сәдібек Түгелдей қарымды қаламгерлер дүниеге келген, бірлігі мен ынтымағы жарасқан көпұлтты, еңбекқор жұрты бар ұлылар өлкесі – Ұлан ауданы бұл шараға үлкен әзірлікпен тыңғылықты дайындалғаны, Абай Құнанбайұлының 180 жылдық мерейтойына басымдық бергені байқалады. Оған халық лық толған филармонияның концерттік залында өткен бір жарым сағаттық «Ұлы мекен – туған елім» атты Ұлан ауданы өнерпаздарының мерекелік концерті нақты дәлел.
Кеш шымылдығы Тұрсынбек Дүзбаев режиссерлік еткен «Ұлан» халық театрының «Абай тағылымы» театрландырылған көрінісімен басталып, Абайдың «Тор жорға» күйіне жалғасты. «Жастар» халықтық би тобы және «Айнаline» би тобы ұсынған «Рух қанаты» хореографиялық композициясы да аса әсерлі шықты.
Кеш қонақтары ретінде қатысқан Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, ұландық Естай Мұқашев және қазақ эстрадасы мен киносының жарық жұлдыздары Руфат Маратұлы мен халыққа «Келінжан» сериалындағы «Балқия» рөлімен танылған ұландық келін Нұргүл Мыңғатова өз өнерлерін өскемендіктер мен қала қонақтарына тарту етіп, көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.
Ал барша ұландықтардың әнұранына айналып кеткен, бүгінде арамызда жоқ, ақын Мұрат Тастағанов пен сазгер Оралхан Көшеровтың шығармашылық одағынан туындаған «Ұланым» әнін Толқын Сәрсембина, Жанболат Талғат, Арайлым Аплатонова, Хадхан Манай, Бақыт Қыдырханова, Мәди Асқарбеков және «Шуақ» балалар вокалдық тобы нақышына келтіре шырқады.
Рухани кеш белгілі ұландық мәдениет саласының қайраткері Болат Шакеровтің «Шығысым» әнімен мәресіне жетіп, сахна төріне облыс әкімі Нұрымбет Сақтағановтың атынан ұландықтарға ықылас гүлі әкелінді.
Оның айтуынша, қысқы туризм де белсенді дамуда. Шалқар көліндегі табиғи мұз айдынына келушілер саны жыл сайын артып келеді. Келушілер үшін жылы киіз үйлер, ыстық шай, коньки жалға беру және ойын-сауық ұйымдастыру қызметтері жолға қойылған. Алдағы уақытта Жоғарғы Тайынты ауылында панорамалық табиғатты тамашалау алаңын орнату және заманауи демалыс базаларын салу жоспарланып отыр.
Туризмнің дамуы инфрақұрылыммен тікелей байланысты. Осы бағытта жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Шалқар жағажайына апаратын жол жөнделді, Шыбындыкөлге дейінгі жол грейдермен тегістелді. Дұбығалы көліне және Сібе көлдеріне апаратын жолдарды жөндеу жоспарда. Жол бойы сервисті жақсарту үшін бес санитарлық-гигиеналық торап орнатылған.
Байланыс инфрақұрылымы да кеңеюде. Биыл Жоғарғы Тайынты ауылында антенна-мачталық құрылғы іске қосылып, Шыбындыкөл жағалауы тұрақты байланыспен қамтылды. Дұбығалы көліне интернет пен байланыс тарту жұмыстары пилоттық жоба аясында жалғасады. Сонымен қатар Starlink жүйесін енгізу бойынша операторлармен және мемлекеттік органдармен келіссөздер жүргізілуде.
Интернет желісін кезең-кезеңімен кеңейту 2026 жылдың соңына дейін «Қолжетімді интернет» ұлттық жобасы аясында жүзеге асырылмақ.
Айта кетейік, ұландықтардың мерекелік шаралары ертең де жалғасын табады. Нақты айтсақ, Өскемен қаласы, Жібек жолы көшесі, 6 мекенжайында орналасқан «Алтай» көтерме-тарату орталығының аумағында таңғы сегізден Ұлан ауданының ауылшаруашылық жәрмеңкесі ұйымдастырылады және ұлттық спорт ойындарынан жарыстар өткізіледі.
Ал сағат 10:00-де аталған сауда-саттық орталығында Ұлан ауданы көркемөнерпаздарының қазақ халық әндерінен шеруі ұсынылмақ.
Дәурен Аллабергенұлы
Фото: Артем Жигулин
Видео: Жәнібек Ырысбай















