KZ
Өскемен
-3°
небольшой снег жел 6 м/с, ОШ
504.49 587.73 6.57

Шығыс Қазақстанда қысқы туристік маусым басталды

Кеше, 13:00 93 Базарова Айгүл

Шығыс Қазақстан облысы ресми түрде қысқы спорт пен белсенді демалыс әуесқойларын қарсы алуға дайын. Бүгін аймақ тұрғындары мен қонақтары қысқы туристік маусымның салтанатты ашылу салтанатына қатысты, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.

Қысқы маусымның бастауы – жай ғана тау-шаңғы трассаларының жұмысын іске қосу емес, қонақтарға шынайы қысқы ертегі мен естен кетпес көңіл-күй сыйлау. Биылғы маусым келушілерге ұмытылмас сәттер мен нағыз мереке тарту етпек.

Кешке дейін демалушылар тау трассаларында сырғанап, көңіл көтеретін музыкалық бағдарламаларды тамашалай алады. Сонымен қатар, қонақтарға қызықты әрі сыйлық қоржыны бағалы тартуларға толы ұтыс ойындары ұйымдастырылып, дәмді дастархан күтеді.

Ашылу салтанатында мерекеге арнайы келген қатысушылар таудан жаппай төмен сырғанап, мемлекеттік Туды алып өтті. 

Айтулы шарада облыс әкімі Нұрымбет Сақтағанов тұрғындар мен қонақтарды құттықтап, өңірде қысқы туризмді дамытудың маңызды бағыты екенін атап өтті. Оның сөзінше, Шығыс Қазақстан белсенді қысқы демалысқа үлкен әлеуетке ие, ал жаңа жобалар туристер ағынын ұлғайтуға мүмкіндік беріп отыр.

— Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев өз Жолдауында туризм саласының бәсекеге қабілеттілігін арттырудың маңызын атап өтіп, инфрақұрылымды дамыту мемлекеттік органдар жұмысының тұрақты басымдығы болуы керектігін айтқан еді. Шығыс Қазақстан жыл сайын қысқы демалыс үшін ең тартымды аймақтардың бірі саналады. Таңғажайып табиғат, бірегей ландшафт пен климат мұнда қысқы туризмнің түрлі бағыттарын, соның ішінде тау шаңғысын дамытуға мүмкіндік береді. Мерекеміздің дәл осы жерде өтуі де бекер емес. Дәл осы Алтай Альпісінде жерлесіміз Александр Алексеевич Чиликиннің бастамасымен алғашқы тау шаңғысы трассасы ашылған. Білікті бапкерлер Виктор Лемешко мен Виктор Рейхердтің тәлімінде бұл тауларда фристайл, могул бағытында талай танымал спортшылар тәрбиеленді. Қазақстанды дүние жүзіне танытқан Олимпиада жүлдегері Юлия Галышева, халықаралық жарыстардың жүлдегерлері Дмитрий Рейхерд, Павел Колмаков, Валерия Цой және Анастасия Городко – осы өңірдің мақтаншақтары. Бүгінде бұл тау-шаңғы кешені демалыс күндері мыңдаған адамды жинайды. Мұнда тек өңір тұрғындары ғана емес, Қазақстанның басқа қалаларынан, сондай-ақ Ресей мен Қытайдан да қонақтар келеді, — деді аймақ басшысы.

Сонымен қатар, Нұрымбет Сақтағанов туристерге тек тау шаңғысы ғана емес, Сібе көлдерінің табиғи мұз айдындарында коньки тебу, Риддер мен Алтайда фрирайд пен сноумобильмен серуендеу, Самар, Күршім және Үлкен-Нарын өңірлерінде қысқы балық аулау да тартымды екенін атап өтті.

— Біздің міндет – өңірді белсенді демалысқа барынша қолайлы әрі қолжетімді ету. Қызмет түрлері кеңейіп, жаңа нысандар пайда болып жатыр. Мемлекет инвесторларды қолдап, инфрақұрылымға қолжетімділік ұсынып, құрылыс шығындарының бір бөлігін өтейді. Алдағы уақытта Глубокое, Риддер, Алтай бағыттарында тау-шаңғы трассаларын кеңейту, Катон-Қарағай мен Марқакөл аудандарында туристік нысандар салу, Зайсан мен Катонда әуежай ашу көзделген. Бүгінгі шара – Шығыс Қазақстан туризмі алға жылжып, қарқын алып келе жатқанын көрсетеді. Біз ашық диалогқа дайынбыз, мәселені білеміз және жаңа бастамаларды қолдаймыз. Мақсатымыз – өңірімізді елдің қысқы және тау туризмі бойынша көшбасшыларының қатарына шығару. Туризмді дамытатын кәсіпкерлерге, инвесторларға, спортшыларға, сала мамандарына зор алғыс білдіремін, — деді облыс әкімі.

Шарада салаға үлес қосқан азаматтарға Алғыс хаттар табысталды.

Қонақтар үшін интерактивті алаңдар, музыкалық номерлер, жәрмеңке, жергілікті өнімдердің дегустациясы, қолөнершілер көрмесі ұйымдастырылды. Ұйымдастырушылардың айтуынша, әр қонақ бұл жерден көтеріңкі көңіл-күймен қайтады. Қысқы маусым жаңа әсерге толы болмақ.

— Жыл сайын осы маусымның ашылуын тағатсыз күтемін. Мұнда ерекше атмосфера – музыка, қар, дәмді тағам – бірден жаңа жылдық көңіл-күй сезіледі, — дейді Өскемен тұрғыны Ирина Клиновицкая.

Риддер қаласынан келген қонақ Арман Бекенов трассалардың қолайлылығын атап өтті.

— Трассалар тамаша дайындалған, сырғанау өте жақсы. Инфрақұрылымның жақсарып жатқанын байқаймыз. Тағы да келгім келеді, — деді Арман.

ШҚО-дағы қысқы туристік маусымның ашылуы – жай ғана мереке емес, өңірдің артып келе жатқан туристік әлеуетінің айқын көрінісі. Шығыс Қазақстан қысқы демалыс орталығы ретінде өз орнын нығайтып, тұрғындар мен қонақтарға белсенді әрі сапалы демалыс мүмкіндіктерін ұсынып келеді.

Жаңа маусым жарқын, мазмұнды, әсерге толы болмақ — дәл осылай қыс спортын сүйетіндер асыға күтеді.


Наргиз Еркінбекова 

Фото: Жібек Нұрахмет 

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу