Қалыптасқан дәстүр бойынша желтоқсанның алғашқы сенбісінде облыс орталығындағы Жібек жолы көшесі, 6 мекенжайында орналасқан «Алтай» көтерме-тарату орталығының аумағында таңғы сегізден Ұлан ауданының ауылшаруашылық жәрмеңкесі ұйымдастырылды, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Жәрмеңкеге ауданның он төрт ауылдық округінен ауылшаруашылық өнімдерін өндірушілер қатысып, халыққа қолжетімді бағада жылқы, сиыр, қой етін, сүт өнімдерін, тары мен талқан, сары май, құрт және жұмыртқа, күнбағыс майы секілді өзге де құнарлы азық-түліктер ұсынды.
– Бүгін аудан фермерлері алты тоннаның үстінде ет әкелді. Оның ішінде ірі қара бір жарым тонна, 2,5 тонна жылқы еті, 600 келідей қой және сонша шошқа еті бар. Мұның сыртында мереке қарсаңы болғасын, көпшілік сұранысына орай тоннаға жуық қаз, үйрек, тауық етін де әкелдік. Сонымен қатар, аудан шаруа қожалықтары екі жарым тоннадан артық көкөніс жеткізді. Екі жүз келіден астам бал да бар. Сүт өнімдерінің өзі сегіз жүз келідей болады. Баға жағына келсек, қолжетімді. Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы бекіткен бағаға сәйкес сатылуда. Мұндағы баға қала нарығындағы бағадан әлдеқайда төмен. Ұлан ауданы Өскеменнің іргесінде орналасқандықтан, ұсақ және ірі шаруашылықтар апта сайын жәрмеңкеге сапалы өнімдер әкеліп отырады, – деді Ұлан аудандық кәсіпкерлік және ауылшаруашылығы бөлімінің басшысы Әділбек Рамазанов.
Аудан басшылығы айтып өткендей, жылқы етінің келісі – 3100 теңгеден, сиыр еті – 3300, қой еті 3000 теңгеден сатылды.
– Тарғын ауылының тумасы боламын. Тоқсаныншы жылдардан бері Өскеменде тұрамын. Ұландықтар келді деген соң, қолдау көрсетуге, ет алуға келдім. Сиыр етін мол етіп сатып алдым, баға еңбектеріне сай, көңілімізден шығып жатыр, – дейді өскемендік тұрғын Мұратбек Әлімқанов.
Ауданның Алмасай ауылдық округінен келген "Қабдыразақ" шаруа қожалығының өкілі Назым Сағатова қыс мезгілі болғандықтан, таза әрі сапалы етке әрдайым сұраныс жоғары болатынын айтады.
– Жәрмеңкеге жүз пайыз өз өнімдерімізді – жылқы, сиыр, қой етін әкелдік. Келісін үш мың теңгеден сатып жатырмыз. Өтпей қалады деген қорқыныш жоқ. Түске дейін барлығы сатылып кетеді деген ойдамыз. Аудан атынан осындай шараларға тұрақты қатысып тұрамыз. Өнім сапасы жоғары, сондықтан да сұраныс бар. Көп алатын болса, бағасын түсіріп, үйге дейін жеткізіп те береміз. Бас, сирақ, өкпе-бауыр, ішек-қарын бәрі де таза, дайын күйінде тұтынушыларға ұсынылады. Жақында 16 желтоқсанда, аудан орталығы Қасым Қайсенов кентінде ет дүкенін салтанатты түрде ашуды жоспарлап отырмыз. Онда да ет өнімдері арзан бағада сатылатын болады. Бізде әрқашан баға төмен, сапа жоғары, – дейді Назым Болатханқызы.
Сенбілік жәрмеңкеге ауданның барлық округтері ұйымшылдықпен қатысқаны бірден байқалады. Соның бірі Азовое ауылдық округі.
– Бүгін екі бас жылқы, екі бас сиыр әкелдік. Баға төмен қойылған соң халықтың көңілінен шығып жатыр. Сауда таңғы сағат жетіден қызып жатыр. Өзіміз таңғы төрт кезінен осында болдық. Негізінен біздің округ ет жағына басымдық бердік, – деді Азовое ауылдық округі әкімі Даян Нұржанов.
– Мен Марқакөл ауданының тумасымын. Бүгін осы жәрмеңкеге алғаш рет келіп тұрған жайым бар. Қазы мен қарта сатып алдым. Көрейінші деп арнайы келгенмін. Ұнады. Алда тағы да келіп тұрамыз, – деді қала тұрғыны Ержан Қуанов.
Жәрмеңке барысында сонымен бірге ұлттық спорт ойындарынан жарыстар өткізіліп, сауда орталығында Ұлан ауданының көркемөнерпаздары қазақтың танымал халық және эстрадалық хит әндерден шашу шашып, шерумен жүріп өтті. Күні ұзаққа қала тұрғындары мен қонақтарына әсем ән мен биден концерт ұйымдастырып, мерекелік жоғары көңіл-күй сыйлады.
Дәурен Аллабергенұлы
Фото: Артем Жигулин
Видео: Руслан Акматалиев