KZ
Өскемен
-2°
небольшой снег жел 6 м/с, ОШ
508.3 592.17 6.63

Биыл ШҚО-да 800-ден астам адам цифрлық сауаттылық курстарын тәмамдады 

Кеше, 16:30 104 Ержан Әбіш

ШҚО-да цифрлық сауаттылықты арттыру бағытындағы бастамалар жүзеге асуда: осы жылдың 11 айында 800-ден астам тұрғын заманауи технологияларды, электрондық қызметтерді пайдалану негіздерін үйренді. Өскемендегі «Oskemen Hub» орталығы түрлі санаттағы азаматтарға арналған практикалық курстарды тұрақты ұйымдастырып, тұрғындарды цифрлық әлемге тиімді бейімдеуде, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.

Бүгінгі заманда цифрлық технологиялар өмірдің барлық саласына еніп, білімнен бастап мемлекеттік қызметке дейінгі әр салада шешуші рөл атқаруда. Осыған байланысты облысымызда тұрғындардың цифрлық сауаттылығын арттыруға ерекше мән беріліп келеді. Өскеменде орналасқан «Oskemen Hub» өңірлік инновациялық орталығы осы бағыттағы негізгі білім беру алаңына айналды.

– «Oskemen Hub» базасында жыл сайын әр түрлі санаттағы азаматтарға арналған курстар, семинарлар мен шеберлік сабақтары тұрақты түрде ұйымдастырылады. Оқыту бағдарламалары тек теориялық біліммен шектелмей, практикалық дағдыларды дамытуға бағытталған. Оқушылар, студенттер, мемлекеттік қызметшілер, кәсіпкерлер және басқа да мүдделі тұлғалар курстар барысында заманауи цифрлық технологияларды тиімді пайдалану, электрондық мемлекеттік қызметтерді меңгеру, ақпараттық қауіпсіздік негіздерін білу мүмкіндігіне ие болады, – дейді облыстық цифрландыру және архивтер басқармасы басшысының орынбасары Арнұр Сапарғалиев.

Сонымен қатар бағдарлама жасанды интеллект, бағдарламалау, дизайн және цифрлық кәсіпкерлік сияқты заманауи салаларды қамтиды. Бұл тек кәсіби қабілеттерді арттырып қана қоймай, жеке тұлғаның шығармашылық және кәсіпкерлік әлеуетін дамытуға мүмкіндік береді. Курстар қатысушыларға цифрлық әлемдегі жаңа мүмкіндіктерді түсінуге және оны күнделікті өмірде тиімді қолдануға бағытталған нақты құралдар мен практикалық тапсырмалар ұсынады.

2025 жылдың 11 айында осы бағдарламалар аясында 800-ден астам адам оқытылды. Бұл көрсеткіш өткен жылдармен салыстырғанда айтарлықтай көп. Қазіргі уақытта орталық жұмысты кеңейту, жаңа оқу форматтарын енгізу, тәжірибелі сарапшылар мен менторларды тарту арқылы қатысушылар санын арттыруды көздеп отыр.

Цифрлық сауаттылық тек жеке адамның емес, жалпы қоғамның дамуына әсер ететін маңызды фактор болып отыр. Қазіргі кезде электрондық мемлекеттік қызметтерге қол жеткізу, онлайн-білім алу, цифрлық кәсіпкерлікті дамыту және жеке қауіпсіздікті сақтау сияқты мәселелер күн тәртібінде тұр. Осы орайда «Oskemen Hub» орталығының бастамалары тұрғындардың цифрлық әлемге бейімделуіне елеулі үлес қосып отыр.

Жалпы, цифрлық білім беру бағдарламаларының тұрақты жүзеге асырылуы, халықтың әртүрлі санаттарын қамтуы және жаңа форматтарды енгізу бойынша атқарылып жатқан жұмыс облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуына, тұрғындардың бәсекеге қабілеттілігін арттыруға және ақпараттық қоғамға толық интеграциялануына ықпал етуде. Бұл бастамалар алдағы жылдары одан әрі кеңейіп, облыс тұрғындарын цифрлық мүмкіндіктерге толыққанды қол жеткізуге үйрететін стратегиялық бағдарға айналмақ.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу