553 мыңнан астам қазақстандық Skills Enbek платформасында онлайн оқудан өтті
Осы жылдың басынан бері Skills Enbek кәсіптік оқыту платформасында 553,7 мыңнан астам азамат онлайн курстарды аяқтап, сертификат алды. Олардың ішінде 53,5 мыңға жуық жұмыссыз бар. Платформа іске қосылғалы бері жалпы 960 мың адам оқудан өтті. Биыл ғана жүйеге 710 мыңнан астам жаңа қолданушы тіркелген, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Жұмыссыз азаматтардың ішінде шамамен 16,5 мың жас (16-35 жас) платформаны белсенді пайдаланып, жаңа дағдылар мен мамандықтарды меңгерген. Ең көп оқыған өңірлер – Түркістан, Қызылорда, Қостанай облыстары мен Алматы қаласы.
Платформа ашылғалы авторлар түрлі бағыттар бойынша 1000-нан астам курс жүктеді, оның 375-і – тегін. Сонымен бірге Courstore, Fluent Education және Яндекс Қазақстан серіктестерінің курстарына өту мүмкіндігі бар. Курстардың ұзақтығы 6-72 сағат аралығында.
Қыркүйекте ең танымал болған бағыттар: IT және телекоммуникациялар, кондитерлік іс, тігін мен пішу, персоналды басқару, сондай-ақ «Электрондық еңбек биржасын» пайдалану жөніндегі мансаптық бастама курстары.
Жұмысшы мамандықтарды дамыту жылы аясында биыл мектеп түлектері мен колледж студенттеріне арналған арнайы кәсіби бағдар курстары жарияланды. Қазірдің өзінде 375 мыңнан астам жас бұл курстарды оқып, сертификат алды. Олар жұмыс іздеу, түйіндеме жасау, Электрондық еңбек биржасының құралдарын қолдану сияқты маңызды дағдыларды меңгерді.
Платформа халықаралық маркетплейс қағидатымен құрылған. Қолданушылар оқу тілін, қарқынын өздері таңдай алады. Жасанды интеллектке негізделген чат-бот іздеуді жеңілдетеді және сұрақтарға жедел жауап береді.
Оқуды аяқтау үшін тыңдаушы 70% шекті деңгеймен тест тапсырады. Сертификат Enbek.kz жүйесіндегі түйіндемеде автоматты түрде көрсетіледі, бұл жұмыс берушілерге кандидаттың нақты дағдыларын бағалауға мүмкіндік береді. Сонымен қатар сертификатты жүктеген кезде Enbek.kz платформасы дағдыларға сәйкес бос жұмыс орындарын автоматты түрде ұсынады.
Курс авторлары үшін де ыңғайлы жағдай жасалған: сабақ конструкторы, статистика, материал орналастырудың тегін болуы, үш тілде жұмыс істей алу мүмкіндігі, ерекше қажеттіліктері бар адамдарға арналған бейімделген интерфейс.
2023 жылдың желтоқсанынан бастап курстарды Enbek мобильді қосымшасы арқылы оқу мүмкіндігі бар. Қосымшаны Google Play және App Store дүкендерінен жүктеуге болады.
Платформаға тіркелу немесе оқу процесіне қатысты барлық сұрақтар бойынша «ЕРДО» АҚ мамандарына 8 (7172) 95 43 17 нөмірі арқылы хабарласуға болады.