ТЖМ ескертеді: қатты аяз өрттің көбеюіне ықпал етуі мүмкін
Фото: gov.kz
Қазгидрометтің мәліметінше, алдағы күндері ауа температурасы айтарлықтай төмендейді. Осыған байланысты Төтенше жағдайлар министрлігі тұрғындарды жылыту маусымында өрт қауіпсіздігін ерекше назарда ұстауға үндейді, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Ведомство айтып өткендей, аяз кезінде жылыту жабдықтарына түсетін жүктеме артып, өрт шығу қаупі жоғарылайды. Сол себепті азаматтар төмендегі қарапайым, бірақ маңызды ережелерді сақтауы қажет:
• Пештерді, электр және газ жылытқыштарын қолданар алдында олардың жарамдылығын тексеру;
• Тек сертификатталған, жарамды жылыту құрылғыларын пайдалану;
• Жабдықтың қызып кетпеуін қадағалау және жұмыс істеп тұрған құрылғыларды қараусыз қалдырмау;
• Жанғыш материалдар мен жылыту аспаптарының арасындағы қауіпсіз қашықтықты сақтау;
• Қолдан жасалған немесе ақаулы жылытқыштарды қолданбау;
• Мұржалардың тарту қабілетін тексеру және қажет болса, уақытылы тазалау.
ТЖМ мамандарының айтуынша, жылыту құрылғыларын дұрыс пайдалану – өрттің алдын алудың негізгі жолы және қатты аязда тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ететін маңызды фактор.
Министрлік азаматтарды сақтық шараларын назардан тыс қалдырмай, өздерінің және жақындарының қауіпсіздігін қамтамасыз етуге шақырады.

