KZ
Өскемен
-1°
небольшой снег жел 5 м/с, ОШ
514.74 599.36 6.71

Күршімдегі сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастырудың жаңа моделі – ШҚО

Бүгін, 15:00 68 Altainews

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жемқорлық – індет, онымен күресу – міндет» қағидаты еліміздің барлық өңірінде жаңа форматтағы ақпараттық-насихат жұмыстарының өрістеуіне жол ашты. Күршім ауданы да бұл бағытта өз үлгісін қалыптастырып келеді. Ол туралы облыстық мәслихат XXVI сессиясында тыңдалған баяндама айқын ақпарат берді. Ауданда мәселенің түп-тамырына үңіліп, дертке тосқауыл болу әрекеттерін кешенді түрде қарастыра бастаған, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.

Бүгінгі қоғамда сыбайлас жемқорлықпен күрес тек заң нормаларымен шектелмейді. Ол — сана, мәдениет, қоғамдық көзқарас, тіпті күнделікті әдеттер деңгейінде өзгеріс жасауды талап ететін көпқабатты процесс. Жемқорлық дертіне қарсы тұру үшін мемлекет, қоғам, БАҚ, жастар ұйымдары, мектептер мен қоғамдық бірлестіктер — барлығы бір арнада жұмыс істеуі тиіс.

Ақпараттық алаңда белсенділік артты, жастар тартылып, жаңа медиалық құралдар қолданыла бастады. Ең бастысы — қоғамның жемқорлыққа деген көзқарасы өзгеріп келеді. Бұл — бір күннің нәтижесі емес, жүйелі, әр бағытты қамтитын үлкен жұмыстың жемісі.

Ақпараттық-түсіндіру жұмыстарының жаңа үлгісі

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы ақпараттық саясатта ең маңызды құрал — ашық, түсінікті, ұғынықты коммуникация. Күршім ауданында бұл бағыт жаңа серпінмен қолға алынды. Жыл басынан бері ауданның ресми және қоғамдық әлеуметтік желілерінде үш мазмұнды тренинг, жеті бейнеролик, сондай-ақ тұрғындар көп шоғырланатын орындарға он екі тақырыптық баннер орналастырылған. Бұл материалдар бейтарап бюрократиялық тілмен емес, күнделікті өмірге жақын, қарапайым мысалдар арқылы түсіндіріледі. Әсіресе, бейнероликтерде ауыл өмірінен алынған жағдайлар — мемлекеттік мекемеге құжат өткізу, әлеуметтік төлем алу, мектеп пен балабақшадағы тұрмыстық мәселелер — көрініс табады. Мамандар айтуынша, қоғам психологиясына үңілсек, тек таныс картиналарды қабылдау жеңілге соғады екен. Қарапайым ауыл-аймақ тұрғыны санасы селт етер көріністерге көз жүгіртіп, ой елегінен өткізері анық.

«Басты мақсат — жұрт жемқорлықты тек «ірі шенеуніктер деңгейіндегі проблема» деп емес, қоғамдағы кез келген әділетсіз әрекет ретінде түсінуі», - дейді ауда әкімі Мейіржан Әлбеков.

БАҚ-тағы серпін: талдау, пікір, қоғамдық үн

Күршім ауданының басшысы Мейіржан Әлбековтің айтуынша, соңғы айларда аудан аумағында БАҚ белсенділігі айтарлықтай артқан. Ақпараттық кеңістікте тоғыз авторлық материал, «Күршім жаршысы» газетінде сегіз тақырыптық мақала жарияланған. Газет беттеріндегі мақалаларда тек ақпарат берілумен шектелмей, олардың әрқайсысы мәселенің түп-тамырына үңіліп, құқықтық сауаттылықты арттыруды көздейді. Журналистер тұрғындардан пікір алып, мамандардан түсіндірме сұрап, проблеманы жан-жақты ашуға тырысады.

Бұл материалдардың мазмұны тек қана ережені түсіндірумен шектелмейді. Онда жемқорлықтың әлеуметтік салдары, қоғамға тигізетін психологиялық әсері, әділетсіздікке үйреніп кетудің қауіптілігі, сондай-ақ жас буынға берілетін үлгі мәселесі кеңінен қозғалады.

Жастар — мәдениет қалыптастырудың негізгі орталығы

Күршім ауданында жастар саясаты да сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыруда ерекше рөл атқаруда. «Жасыл Ел» жасақшыларымен және прокуратура қызметкерлерімен бірге өткізілген «Заң мен тәртіп» акциясы — аудан жастарының жаңа белсенділігінің көрінісі. Бұл акция барысында жасөспірімдер мен студенттер үшін сурет байқауы ұйымдастырылды. Жастар өз туындыларында әділетсіздікке қарсы үндеу, қоғамда адалдықтың маңызын, заңға бағынудың қажеттілігін көркемдік тәсілдермен бейнелеп жеткізді.

Бұл байқаудың ерекшелігі — жастар жемқорлық мәселесін өз көзімен көрсетті. Олардың жұмыстары эмоцияға толы, шынайы әрі ой салатын туындылар. Байқаудың қорытындысы бойынша әлеуметтік желілерде арнайы бейнеролик жарияланып, жүздеген қаралым жинады.

Ауданда жастар аса белсенді, арнайы қорда жемқорлықпен күресіп, алдын алуда өз үлесін қосуда. Жастар қорының бастамасы — ауылдағы ақпараттық қолжетімділікті арттыру. АRС жастар қоғамдық қоры ақпараттық жұмысты ауылдық аймақтарда да жалғастыруда. Ауданның төрт елді мекенінде сыбайлас жемқорлыққа қарсы ақпараттық парақшалар таратылып, мемлекеттік мекемелерге түрлі түсті ақпараттық плакаттар жапсырылды.

Бұл бастаманың ерекшелігі — шалғай ауыл тұрғындарының ақпаратқа қолжетімділігі артады. Көп жағдайда ауылдағы халыққа түсіндіру жұмысы кеш жетеді немесе мүлдем жетпей қалады. Осы олқылықтың орнын жастар өз күшімен толтырып отыр.

Әкімнің ұстанымы — қоғаммен ашық диалог

Жалпы, ақпараттық жұмыстардың қарқынын арттыру маңыздылығына аудан әкімі Мейіржан Әлбеков арнайы тоқталып өтті.

«Жемқорлыққа қарсы иммунитетті біз бүгін қалыптастырмасақ, ертеңгі ұрпаққа әділ қоғамды қалдыра алмаймыз. Әсіресе, жастардың құқықтық сауаттылығы мен белсенділігі — біздің ең үлкен тірегіміз. Қоғам өзгерсе — жемқорлықтың тамырына да балта шабылады», — деп атап өтті ол.

Әкімнің пікірінше, ақпараттық жұмыс ешқашан тоқтамауы тиіс. Ол қоғамның алдына үнемі шығып отыратын міндет.

Күршім ауданындағы ақпараттық саясат соңғы жылдары айқын өзгеріс әкеліп отыр. Жастар жемқорлыққа қарсы ашық пікір білдіре бастаған, тұрғындар да заң бұзушылық көрсе, үнсіз қалмақ емес. Ал әлеуметтік желілерде осы тақырыпқа қатысты ашық түрде талқылау жиілеп, жалпы ақпараттық өнімдердің сапасы арта түскен. Бұлардың барлығы — жемқорлықпен күрес мәдениетінің қалыптасуының белгісі. Сала мамандарының айтуынша, әр адамның санасында «жемқорлыққа мүлдем төзбеушілік» түсінігі бекіген кезде ғана бұл бағытта үлкен нәтижеге қол жеткізуге болады.

Күршім ауданы соңғы айларда ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жаңа деңгейге көтергенін тек бір ғана баяндамадан емес, халық айнасы болып отырған ақпараттық кеңістіктен-ақ байқауға болады. Бұл тек статистика немесе формалды есеп емес — бұл қоғам санасының өзгерісін көздейтін жүйелі және күрделі жұмыс. Жастар, БАҚ, қоғамдық ұйымдар, әкімдік, әлеуметтік желілер — барлығы бір мүдде үшін, әділ қоғам құру үшін қызмет етуде.



Инабат Қайса 

Фото: Махаббат Ахметжанова 











Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу