ШҚО депуттары қатты радиоактивті қалдықтарды көму пунктін салуға келісім берді
Шығыс Қазақстан облыстық мәслихатының кезекті XXVI сессиясында депутаттар қатты радиоактивті қалдықтарды көмуге арналған жаңа пункттің құрылысына келісім беріп, оның нақты орналасатын аймағын бекітті. Бұл – облыстағы өндіріс қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған қадам, деп хабарлайды Altainews.kz.
Сессия барысында ұсынылған мәселе бойынша облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Арман Есентаев толық ақпарат берді. Оның айтуынша, жоба Өскемендегі «Үлбі металлургиялық зауыты» аумағында жүзеге асырылады. Қазіргі пайдаланылып жатқан қалдық сақтау орны 2026 жылдың 1 қазанына қарай толады, сондықтан өндірістің тоқтап қалмауы үшін жаңа көму аймағын іске қосу маңызды.
Ескі нысанды қайта құру арқылы қалдықтарды көму пунктінің жұмысын жалғастыру жоспарланып отыр.
Арман Есентаев жобаның қауіпсіздік нормаларына сай дайындалғанына ерекше тоқталды. Құрылыс пен көму технологиялары Қазақстан Республикасының нормативтік талаптарына сәйкес келеді. Бұған бірқатар ресми рұқсаттар мен сараптамалық қорытындылар дәлел. Яғни, мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысы, I санаттағы объектілерге экологиялық рұқсат, ҚР ТЖМ өнеркәсіптік қауіпсіздік келісімі, Су ресурстарын реттеу комитетінің келісімі, Ядролық қауіпсіздік орталығының сараптамалық қорытындысы.
Бұл құжаттар жобаның экологиялық, техникалық және ядролық қауіпсіздігінің тексеруден өткенін көрсетеді.
Талқылаудан кейін облыстық мәслихат депутаттары бастаманы қолдап, оң шешім қабылдады.
Бұл шешім өңірдегі уран өндірісінің үздіксіздігі мен экологиялық қауіпсіздігін қамтамасыз етуді мақсат етеді.
Дәурен Аллабергенұлы
Фото: Махаббат Ахметжанова



