KZ
Өскемен
-1°
снег жел 4 м/с, ОШ
514.74 599.36 6.71

Шығыстағы тұңғыш экологиялық мобильді зертхана жұмысын бастады

Кеше, 18:39 67 Базарова Айгүл

Өскеменде бүгін мобильді экозертхана тестілік режимде жұмысын бастады. Бұл – қаладағы ауа сапасын жылдам бағалап, ластану көздерін анықтай алатын жаңа форматтағы жылжымалы бақылау пункті, деп хабарлайды Altainews.kz.

Жалпы құны 65,5 млн теңгені құрайтын экозертхана заманауи, жоғары дәлдікті құрылғылармен жабдықталған. Негізгі құрал – 11 түрлі ластаушы затты анықтайтын газ анализаторы. Электрохимиялық әдіс арқылы өлшеу жедел жүргізіліп, мәліметтер бірден тіркеледі. Сонымен қатар, көлікте төрт метрлік метеостанция орнатылған, ол желдің бағыты мен жылдамдығын, температураны, қысымды, басқа да метеошарттарды көрсетеді.

Бұл жаңашылдықтың басты артықшылығы – мобильділік. Тұрғындардан шағым түскен жағдайда мамандар қаладағы кез келген нүктеге барып, нақты уақыт режимінде ауа үлгілерін алып, нәтижесін сол жерде анықтай алады. Ластану деңгейі тіркелсе, деректер тікелей кәсіпорындарға және экологияны қорғау прокуратурасына жолданып, тиісті шаралар қабылдауға мүмкіндік береді.

Жылжымалы экозертхана Өскеменнің экологиялық мониторинг жүйесінің маңызды элементіне айналып, ауа сапасын бақылау тиімділігін күшейтеді. Құрылғының іске қосылуы саланың ашықтығын арттырып, экология мәселелеріне қоғамның қолжетімділігін кеңейтпек.

Айта кетейік, бұл жобаның жүзеге асуына Halyk Bank қолдау көрсетті.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу