WorldSkills Kazakhstan – 2025: Шығысқазақстандық жастар үздіктер қатарында
Астана қаласында үш күн бойы үздік мамандық иелерінің шеберлігі сынға түскен WorldSkills Kazakhstan – 2025 X Республикалық чемпионаты мәресіне жетті. Бұл – еліміздің болашақ кәсіби кадрлары бас қосатын, жас таланттар өз білігі мен мүмкіндігін дәлелдейтін үлкен дода. Қатысушылар түрлі құзыреттер бойынша бақ сынап, білім мен тәжірибенің, шыдамдылық пен ұмтылыстың шынайы өлшемін көрсетті. Осы бір дүбірлі додада Шығыс Қазақстан облысы колледждерінің намысын қорғаған жас мамандар тамаша нәтиже көрсетіп, қоржынды жүлдемен толықтырды, деп хабарлайды Altainews.kz.
Нәтижесінде жалпыкомандалық есепте ШҚО командасы ел бойынша үздік ондыққа енді. Бұл – Шығыс Қазақстандағы техникалық және кәсіптік білім берудің даму деңгейін айғақтайтын жетістік.
Жалпы нәтиже бойынша өңір қанжығасында 2 алтын, 6 күміс, 2 қола және 10 “Үздік маман” медальоны бар.
Бұл жетістік – жас шеберлердің табандылығы, тәлімгерлерінің талапшылдығы мен колледж ұжымдарының еселі еңбегі екені сөзсіз. Ең бастысы – өз кәсібіне деген берік сенім мен тынымсыз тәжірибенің жемісі.
Сонымен, алтын жүлде иегерлері – мобильді робототехника бойынша командалық есепте Өскемен жоғары политехникалық колледжінен Иванин Константин, Дмитриев Артём.
Ал күміс жүлдегерлер – мехатроника бағытында командалық есепте Скрипников Ярослав пен Энгель Александр, өнеркәсіптік автоматика бағытында Луковкенко Кирилл, ақпараттық қауіпсіздік бойынша командалық есепте Благодетелев Даниил, Литвинов Ярослав, наубайхана ісінде Рахым Айдар.
Тұғырлы үшінші орында CAD-инженерлік графика бойынша Сапаров Рамиз, шаштараз ісінде Вилижина Вероника.
“Үздік маман” медальон иегерлері:
Сантехника және жылыту — Александров Александр
Дәнекерлеу технологиясы — Конкин Николай
Құрғақ құрылыс қоспалары — Қабылқайыров Қуат
3D ойындарын модельдеу — Секишев Али
Электромонтаж — Белялев Андрей
Мобилді қосымшалар әзірлеу — Ерболұлы Нұрбол
1С автоматтандыру — Ширяев Александр
Аспаздық ісі — Бакшинскас Сергей
Ветеринария — Лазаренко Елизавета
Автокөлік жөндеу — Дамолданов Эльнар
Бұл жеңіс – тек биылғы байрақты бәсекенің нәтижесі емес. Бұл – талмай дайындалған түндер, шеберлікке жетелеген ұстаздар еңбегі, озық техника мен жаңа көзқарасты қатар ұштаған кәсіби мектептің жемісі.
Чемпионатқа қатысқан барлық жастың бойынан уақытпен жарысқан алғырлықты, ісіне деген адалдықты, үздік болуға деген ұмтылысты байқауға болады. Олар – ертеңгі инженерлер, құрылысшылар, IT мамандар, технологтар. Еліміздің экономикасы мен өндірісін алға сүйрейтін шынайы күш – дәл осы жастар.
Фото: ШҚО Білім басқармасы




