«Шемонаиха – Секисовка» бағытында көлік қозғалысына шектеу енгізілді
«ОблШығысЖол» ЖШС-нің ресми мәліметінше, 2025 жылғы 9 желтоқсан күні сағат 19:00-ден бастап ауа райының күрт нашарлауына байланысты жол қозғалысына уақытша шектеу енгізілді, деп хабарлайды Altainews.kz.
Ауа райының тосын мінезі – көзге түртсе көргісіз қалың тұман, екпіні үдей түскен, көру мүмкіндігін шектеген боран, толассыз жауған қар мен көктайғақ салдарынан рұқсат етілген салмағы 3,5 тоннадан асатын жүк көліктері, тіркемелі және жартылай тіркемелі жүк автокөліктерінің барлық түрлері, сондай-ақ тұрақты жолаушылар тасымалымен айналысатын автобустардың қозғалысына шектеу қойылды. Бұл шешім – адамдардың өмірі мен жолдағы қауіпсіздігін қорғауға бағытталған қажетті қадам.
Шектеу «Шемонаиха – Секисовка» облыстық маңызы бар автомобиль жолының 0-56 шақырым учаскесінде күшіне енеді. Мамандар жүргізушілерді ауа райы тұрақталғанға дейін алыс сапарға шықпауға, жол жағдайына аса мұқият болуға шақырады.
Табиғат тосын мінез танытқан шақта әр сәт маңызды. Сондықтан сабыр сақтап, қауіпсіздік ережелерін назарда ұстау – әрбір азаматтың борышы.