Елорда әлемнің үздік бадминтоншыларын қарсы алуға дайын
2025 жылдың 17–21 желтоқсан аралығында еліміздің бас қаласы әлемдік спорт назарын өзіне бұрмақ. Beeline Arena спорт кешенінде бадминтоннан беделді халықаралық турнир — Astana International Challenge 2025 өтеді, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Бұл — маусымдағы ең ауқымды әрі мәртебелі жарыстардың бірі. Турнир Бадминтонның Дүниежүзілік федерациясының (BWF) ресми күнтізбесіне енгізілген маңызды халықаралық іс-шара саналады.
Ұйымдастырушылардың мәліметінше, биылғы додаға АҚШ, Канада, Аустралия, Жаңа Зеландия, Жапония, сондай-ақ Еуропа мен Азияның жетекші спорт державалары бар 40-тан астам елдің спортшылары қатысады деп күтілуде.
Әлемдік аренада танылған шеберлер рейтингтік ұпайлар үшін ғана емес, жоғары мәртебелі жүлделер үшін де тартысқа түседі.
Astana International Challenge — халықаралық BWF International Challenge Series аясындағы беделді турнир. Ол спортшылар үшін әлемдік рейтингте маңызды ұпай жинауға, халықаралық тәжірибені арттыруға, олимпиадалық циклдегі басты дайындық кезеңдеріне сапалы қадам жасауға мүмкіндік береді.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, бұл турнирді қабылдау – еліміздің халықаралық талаптарға сай инфрақұрылымы мен ұйымдастырушылық әлеуетінің айқын дәлелі. Сондай-ақ, Қазақстанда бадминтонды дамытуға бағытталған жүйелі жұмыстың жемісі екені атап өтілді.
Турнир күндері Астана тек спорт додасының орталығына айналып қоймай, қала тұрғындары мен қонақтарына әлемдік деңгейдегі ойындарды тамашалау мүмкіндігін ұсынады.
Көрермендер үздік бадминтоншылардың тартысты кездесулерін тамашалап, шеберлікке толы ойындардың куәсі болады.
Жансая Төлеуғазы
Фото: pexels.com