KZ
Өскемен
-28°
плотный туман Штиль
506.7 593.14 6.53

Өскеменде көше шамдарын жөндеу жұмысы қарқын алды

10.12.2025, 12:00 145 Базарова Айгүл

Облыс орталығындағы көше жарығының тұрақсыз жұмысы соңғы жылдары өзекті мәселелердің бірі болып келеді. 2017 жылы басталған жарықтандыру жүйесін жаңғырту жобасы жоспар бойынша жүзеге аспай, түрлі кедергілер мен техникалық ақаулар салдарынан қаладағы шамдардың жартысына жуығы істен шыққан еді. Алайда Өскемен қаласы әкімдігінің мәліметінше, бүгінде жағдай біртіндеп тұрақталып келеді, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.

Осыдан шамамен он жыл бұрын облыс орталығында халықтың өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталған ауқымды жоба қолға алынды. Оның мақсаты – ескі жарықтандыру жүйесін жаңарту, көшелер мен жаяу жүргіншілер аймағындағы жарық беру деңгейін жақсарта отырып, қаладағы қараңғы көшелер мәселесін шешу болатын. Бұдан бөлек, газ шамдарын заманауи светодиодты шамдармен алмастыру арқылы электр энергиясын үнемдеу көзделді.

Жоба тек Өскеменде ғана емес, сол кезеңде ШҚО құрамында болған Семей қаласында да іске асырылмақ болды. Қажетті қаражатты Еуропалық қайта құру және даму банкінен (ЕҚДБ) несие ретінде алу шешілді. Үкімет пен ЕҚДБ арасында су-жылумен жабдықтау, сумен қамту және көше жарығын жаңғыртуға бағытталған серіктестік орнады. 2024 жылға қарай аталған бағыттар бойынша республика көлемінде жалпы құны 54,5 млрд теңгені құрайтын 12 жоба жүзеге асқан. Оның 34,8 млрд теңгесі – ЕҚДБ несиесі, 16,9 млрд – ҚР Үкіметінің қаржысы, 2,8 млрд – өңір әкімдіктерінің үлесі.

ЕҚДБ несиесінің негізгі талабы – жобаларды мемлекетке тиесілі кәсіпорындар арқылы және қосымша қаржыландырумен жүргізу. Осыған байланысты Шығыс Қазақстанда жобаны іске асыру алаңы ретінде 2010 жылы құрылған «ШҚО мемлекеттік-жеке меншік әріптестік өңірлік орталығы» АҚ таңдалды.

2017 жылғы 23 маусымда Орталық пен ЕҚДБ Өскемен және Семей қалаларындағы көше жарығын жаңғырту туралы кредиттік келісімге қол қойды. Жобаның жалпы құны – 4,8 млрд теңге, оның 3,6 млрд теңгесі – несие, 1,2 млрд теңгесі – бюджет қаржысы. Сол күні облыстық және қалалық әкімдіктер де міндеттемелерді орындау жөнінде қосымша келісім жасасты.

Қиындыққа толы кезең: мердігер таңдау және алғашқы сәтсіздіктер

Құжаттар рәсімделген соң ең маңызды қадам – жұмысты атқаратын мердігерді анықтау болды. Конкурстық негізде таңдалған компания – Тайваньдық Everlight Electronics Co. Ltd. 2019 жылдың желтоқсанында тараптар жобалау, орнату, жабдық жеткізу және техникалық қызмет көрсету бойынша келісімге қол қойды.

Бұл келісім «кілтті тапсырғанша» жүйесімен жасалды: компания шамдар мен бағаналарды ауыстыруы, қажет жерде жаңа СИП кабельдерін тартуы, басқару шкафтарын орнатуы, мониторинг орталықтарын жабдықтап, мамандарды оқытуы тиіс еді.

Қалада барлығы 35 319 жарық нүктесі бар: оның 16 603-і – ШҚО мемлекеттік-жеке меншік әріптестік өңірлік орталығының, 18 716-сы – қала әкімдігінің балансында. Everlight келісімі аясында Өскеменде 11 583 шам ауыстырылды, кабель желілері бөліп-бөліп жаңартылды, 211 басқару шкафы орнатылды.

Алайда күткен нәтиже шықпады – шамдар жиі өшіп, қалада нүктелі және желілік ақаулар көбейді. Әкімдік берген дерекке сүйенсек, орнатылған шамдарда жасырын техникалық ақаулар болған, соның салдарынан олар жаппай істен шыға бастаған. Орталықтың сапасыз шамдарды ауыстыру жөніндегі талаптарын компания қабылдамаған. Оған 50-ден астам шағым жіберілгенімен, нәтиже шықпады.

Осыдан кейін келісімшарт бұзылып, компанияға қарсы Халықаралық арбитраждық сотқа талап арыз берілді. Мақсат – мердігерге айыппұл салып, ақаулы шамдарды ауыстыруға міндеттеу. Бұл сот процесі әлі жалғасуда.

Ал осы кезеңде мәселенің туындауына басқа да факторлар әсер еткен. Мысалы, жарықтандыру жүйесінің тозуы, монтаж жұмыстарының сапасыздығы, шамдардың тез істен шығуы, сондай-ақ көше жарығына рұқсатсыз қосылған светофор, жарнама, аулалық жарықтандыру желілері де жүктемені арттырған.

Бұған қоса, әр уақытта жүйеге әртүрлі ұйымдар қызмет көрсеткен. 2024 жылы екі компания қатар жұмыс істегендіктен, апат туындағанда қайсысы жауапты екені анықталмай, қалпына келтіру созылып отырған. Қала әкімі Алмат Ақышов СИП кабельдері жер астында жататындықтан, қысымнан үзіліп қалатынын да айтқан болатын.

Жүйе қалпына келе ме?

Даулы жағдайлар созылғанда қаладағы жұмыс істейтін шамдардың үлесі 53 пайызға дейін түсті. Тек содан кейін ғана жүйеге жаңа қызмет көрсетуші ұйым тартылды. 2024 жылғы 1 қарашадан бастап көше жарығына Павлодардағы «КЭМОНТ» АҚ-ның Солтүстік-Шығыс филиалы техникалық қызмет көрсетуде.

Жаңа мердігер келген соң жұмыс жүйеленіп, ақауларды жою кестелі түрде жүргізіле бастады. Қызмет көрсету басталғанда қалада 4 381 шам жанбай тұрғаны анықталған. Тұрақты техникалық жұмыстардың арқасында бұл көрсеткіш біртіндеп азайды.

2025 жылғы 19 қарашада нүктелі ақаумен тұрған шамдар саны 1 193-ке дейін төмендеген. Ал желілік апаттар – қысқа тұйықталу, кабельдің үзілуі немесе автоматика істен шығуы – тәулік ішінде қалпына келтіріліп отыр.

Қала әкімдігінің айтуынша, мұндай ақаулар жойылған соң жарықтандыру жүйесінің жұмыс қабілетіне әсер етпейді.


Елизавета Седых

Фото: Махаббат Ахметжанова 

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу