KZ
Өскемен
-28°
плотный туман Штиль
506.7 593.14 6.53

«Qarzhy Saqshysy»: Шығыс Қазақстан жасөспірімдерінің қаржылық сауаттылығын арттыру

10.12.2025, 13:15 171 Базарова Айгүл

Қаржы әлеміндегі қауіп-қатер күн сайын жаңа қырынан көрініп, интернет алаяқтар түрлі жолмен сенімді алдап соғуға тырысуа. Осындай жағдайда жастардың санасында қаржының қалай жұмыс істейтіні, қандай күмәнді ұсынысқа сеніп қалуға болмайтыны туралы дұрыс түсінік қалыптастыру – қоғамның қауіпсіз болашағына салынған инвестиция. Осы мақсатта Қазақстанның барлық аймағында, соның ішінде Шығыс Қазақстан облысында «Qarzhy Sagshysy» атты заманауи білім беру жобасы белсенді түрде өтуде, деп хабарлайды Altainews.kz.

Бұл бастама «Заң және тәртіп» қағдиаты мен «Адал азамат» жобасының бір тармағы ретінде жүзеге асырылуда. Компьютерлік форматта әзірленген ойын жасөспірімдерге қаржылық сауаттылықтың негізгі қағидаларын жеңіл әрі қызықты тәсілмен үйретуді көздейді. Жоба 1–15 желтоқсан аралығында өткізіліп, 10–11 сынып оқушылары мен колледж студенттерін қамтиды. Оны жүзеге асыруға AML Academy, ҚР Қаржылық мониторинг агенттігі және ҚР Оқу-ағарту министрлігі қолдау көрсетуде.

«Qarzhy Sagshysy» — кәдімгі ойын емес. Бұл – жастардың қаржы саласындағы дұрыс шешім қабылдауына ықпал ететін, заманауи қауіптерді талдауға және олардан қорғануға үйрететін интерактивті құрал. 2D форматта әзірленген ойын оқушыларды түрлі оқиғалық жағдайлармен бетпе-бет келтіріп, шынайы өмірде де кездесуі мүмкін келеңсіз жағдайлардан дұрыс жол табуға бағыттайды.

Ойын төрт оқу модулінен тұрады. Атап айтқанда, қаржылық тәуекелдер – инвестиция, қарыз, несие шарттары, қаржы пирамидаларын танып білу, сондай-ақ, киберқылмыс – фишинг, фейк сайттар, әлеуметтік желі алаяқтары. Психологиялық қысым мен эмоциялық манипуляциялар, қауіпсіз мінез-құлық дағдылары.

Қатысушылар шынайы өмірде жиі кездесетін қауіптерді модельдеу арқылы шешім қабылдап үйренеді. Телефон қоңырауы арқылы жалған банк қызметкерінің қоңырауы, «жылдам табыс» ұсынатын күмәнді жарнамалар, жеке деректерді сұрайтын жалған парақшалар — бәрі осы ойынның сценарийінде бар. Мұндай тәжірибе жасөспірімге болашақта алданбаудың тиімді дағдысын береді.

Ойын барысында жинаған білім мен нәтиже сараланып, үздік қатысушылар аудандық, облыстық, кейін республикалық кезеңде анықталады. Қорытынды марапаттау 22–31 желтоқсан аралығында өтеді. Жеңімпаздарды дипломдар мен естелік сыйлықтар күтеді.

ШҚО бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаментінің мамандарының айтуынша, жастарды ерте жастан қаржылық сауатқа баулу – болашақ қылмыстардың алдын алу.

– Бүгінгі жасөспірім – ертеңгі жауапты азамат. Оның қаржыны басқару, киберқауіптен қорғану дағдысын ерте дамыту ел қауіпсіздігі үшін өте маңызды. Бүгін үйренген білім ертең оны алаяқтың құрбаны болудан сақтайды, – дейді ұйымдастырушылар.

Жобаның басты идеясы – жастарды тек теориямен емес, өмірмен байланысты нақты мысалдар арқылы үйрету. Қолыңдағы қаражатты ақылмен жұмсау, электронды төлем қауіпсіздігі, күмәнді ұсынысқа сын көзбен қарау – бүгінгі күні әр азаматқа қажет қабілет. «Qarzhy Sagshysy» ойыны осы мәдениетті қалыптастыруға үлес қосып отыр.

Бұл ойын арқылы жас буын қаржылық сауаттылық негізін меңгеріп, интернеттегі күмәнді әрекеттерді танып, өз деректерін қорғауды үйренеді және ақпаратты талдау мен шешім қабылдау қабілетін дамытады.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу