KZ
Өскемен
-28°
плотный туман Штиль
506.7 593.14 6.53

Жүрек ырғағындағы жұмыс

11.12.2025, 18:15 157 Айна Бакимбаева

Шығыс Қазақстан облыстық ауруханасы өңірдегі ең көне емдеу-профилактикалық мекемелердің бірі. Оның тарихы 1889 жылдан басталады. Ғасырдан астам уақыт бойы қызмет етіп келе жатқан аурухана тек Өскеменнен емес, Шығыс Қазақстанның барлық аймақтарынан емделушілерді қабылдап, өңірдегі негізгі денсаулық сақтау орталығына айналды, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі. 

Бүгінде Шығыс Қазақстан облыстық ауруханасының құрылымына стационар мен диагностикалық орталық кіреді. Стационар 256 орынға есептелген және жыл сайын он мыңға дейін, оның ішінде ең күрделі және сирек кездесетін аурулармен ауыратын пациентті қабылдауға қабілетті. Оның он клиникалық бөлімі бар, онда бірегей және жоғары технологиялық операциялар, соның ішінде жүрек пен қан тамырларына ең күрделі оталар жасалады.

Стационардың жұмысын сегіз көмекші бөлімше мен жүздеген қызметкер атқарады. Атап айтқанда, 160 дәрігер, 390 орта буын, 170 кіші медициналық және 156 медициналық емес қызметкер. Олардың күш-жігері күн сайын аймақтың түкпір-түкпірінен келген мыңдаған пациентті қабылдай отырып, сапалы медициналық көмек көрсетуге және мекеменің жұмысын үздіксіз қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Дамыған кардиология және кардиохирургия жүйесі бүгінде медициналық мекеме жұмысындағы жетекші бағыттардың бірі. Күн сайын дәрігерлер облыс тұрғындарына халық арасында кең таралған қанайналым жүйесінің ауруларын емдеуге көмектеседі.

ТАМЫРЛАРҒА ЖАСАЛАТЫН ОТАЛАР

Облыстық аурухананың кардиологиялық бөлімі бүгінде жедел коронарлық синдромы бар науқастарға көмек көрсетудің аймақтық жүйесінің негізгі бөлігі. Бөлімшеде 68 орын бар, оның тоғызы қарқынды терапия палаталарында орналасқан. Мұнда тек Өскеменнен ғана емес, облыстың түкпір-түкпірінен пациенттер қабылданады. Аудандық және ауданаралық ауруханалар инфаркт немесе тұрақсыз стенокардияға күдікті науқастарды жедел түрде облысқа жіберуге мүмкіндік беретіндей маршрут қалыптастырылған. Кардиологиялық бөлімшеде диагностика және емдеу заманауи хаттамалар бойынша жүргізіледі. Негізгі әдіс – коронарлық артериялардың күйін бағалауға мүмкіндік беретін коронарография және соңынан тарылған немесе бітелген тамырдағы қан ағымын қалпына келтіретін стент орнату.

– Стент орнату – бұл артерияны ашып, қан ағымын қалпына келтіруге бағытталған операция, – дейді аурухананың кардиология бөлімі меңгерушісі Инна Олейник. – Стент – бұл артерия арқылы енгізілетін серіппелі каркас. Барлығы рентген аппаратының бақылауымен, бір ғана тесік арқылы орындалады, ал науқас ауырсынуды сезбейді және есін жоғалтпайды.

Науқастың бірнеше артериясы зақымданса немесе тамырларының анатомиясы күрделі болса, оған аортакоронарлық шунттау отасы жасалуы мүмкін. Облыстық аурухананың кардиохирургия бөлімшесі бұл операцияларды да, сондай-ақ клапандарды протездеу, радиожиілікті абляция және кардиостимуляторлардан бастап кардиовертер-дефибрилляторларға дейін әртүрлі құрылғыларды имплантациялау оталарын жасай береді. Аорта қақпақшасына транскатетерлік имплант орнату жоғары технологиялық көмек болып саналады, бұл ауыр ілеспе патологиялары бар егде жастағы пациенттерге жасалады. Мұндай операциялардың саны бойынша аурухана республикада үшінші орында. Бөлімше үзіліссіз және демалыссыз, тәулік бойы жұмыс істейді.

Аудандарда миокард инфарктін алған науқастарға тромболитикалық терапия жүргізіледі, яғни, ұйыған қанды (тромб) ерітетін препарат енгізіледі. Осыдан кейін науқасқа стент орнату үшін міндетті түрде облыс орталығына жіберіледі. Егер мұндай отаны жасау техникалық мүмкін болмаса, пациенттер шунттауға дайындалады немесе кардиохирургиялық бөлімге ауыстырылады.

– Жағдай тым күрделі науқасты республикалық орталықтарға жіберу мүмкіндігі де бар. Республикалық клиникалар күрделілігі төртінші санатқа жеткен, ауыр клапан патологиясы немесе өмірге қауіп төндіретін аритмиясы бар науқастарды қабылдайды, – деп түсіндірді Инна Олейник.

Кардиология қан айналымы жүйесі аурулары бар науқастарға көмек көрсетудің үлкен блогының бір бөлігі ғана. Ауруханада сонымен қатар ми тамырларын ота жасайтын инсульт орталығы және катетеризация мен ангиография технологияларын қолданатын тамыр хирургиясы бөлімшесі жұмыс істейді. Барлық бөлімшелер ортақ инфрақұрылым – эндоваскулярлық емдеуге жылдам қол жеткізуді қамтамасыз ететін және көмекті кешенді жүргізетін ангиографиялық зертханамен біріктірілген.

– Біз оны тері арқылы ота жасау орталығы деп атаймыз. Көмектің барлық негізгі түрлері кардиологиялық, неврологиялық тамырға, осында шоғырланған. Бұл – кардиологтар, эндоваскулярлық хирургтар, кардиохирургтар мен реаниматологтардың командалық жұмысы. Жұмыс барысы талқыланды және орындалды,– деп атап өтті Инна Олейник.

Бұл тәсіл пациенттерге диагностика мен шұғыл операциядан бастап хирургиялық емдеуге және кейінгі оңалтуға дейінгі үздіксіз күтім циклін қамтамасыз етеді.

«АЛТЫН САҒАТТЫҢ» МАҢЫЗДЫЛЫҒЫ

Облыстық аурухананың инсульт орталығы жіті неврологиялық патологиясы бар, ең алдымен инсультпен түскен науқастарды қабылдайды, сондай-ақ кезекте тұрған неврологиялық ауруларды емдейді. Бөлімшенің құрылымына ауыр науқастарға арналған бес төсектік интенсивті терапия палатасы мен тәулік бойы бақылауды қажет ететін және үйінде қажетті күтімді ала алмайтын науқастарға арналған орындар кіреді. Бөлімшеде барлығы 40 төсек-орын орналастырылған.

Инсульт орталығының меңгерушісі Елена Айнабекова атап өткендей, инсульт – бұл өздігінен пайда болмайтын, бірақ өмір салты мен жылдар бойы жинақталған факторлардың салдарынан болған өлімге әкелетін ауру. Науқастардың көпшілігі ауруханаға ауыр жағдайда түседі. Инсультпен үйде емдеу іс жүзінде мүмкін емес, сондықтан аурудың нәтижесін стационарлық көмек анықтайды. Бұл жерде уақыт маңызды рөл атқарады, яғни, науқас мамандандырылған бөлімге неғұрлым тез жеткізілсе, қалпына келтіру мүмкіндігі соғұрлым жоғары болады.

– "Алтын сағат" ұғымы бар. Ми жасушалары оттегі жетіспеушілігіне өте сезімтал және қан ағымы тоқтағаннан кейін бірнеше минуттан кейін олар «өліп» қалады, – деп түсіндіреді Елена Айнабекова. – Белгілері білінген алғашқы 4,5 сағатта көрсетілген көмек ғана тиімді болады, сондықтан "жедел жәрдем – инсульт орталығы" бағыты барынша қатаң түрде құрылған.

Пациенттерді халықаралық стандарттарға сәйкес емдейді. Ишемиялық инсульт алған науқастар дер кезінде жеткізілгенде, егер қарсы көрсетілімдері болмаса, оларға жүйелі тромболиз жүргізіледі, яғни, ұйыған қанды ерітетін препараттар енгізіледі.  

Ауыр жағдайларда тромбты алып тастайды, бұл – ангиографиялық жабдықты қолдана отырып, ангиоблокта орындалатын жоғары технологиялық ота. Инсультті емдеу жүйесіндегі ең көп уақытты қажет ететін кезеңдердің бірі – ерте оңалту ерекше орын алады. Ол бірінші күннен басталады және құрамына дәрігерлер, реабилитологтар, медбикелер, логопедтер, ЕДШ нұсқаушылары кіретін көпсалалы топтың жұмысын қамтиды. Бұл, көпшілік ойлағандай, жай ғана массаж жасау емес. Бұл – өмірлік маңызды функцияларды қадағалап, сақтау, пациенттің тамақтану қажеттіліктерін есептеу, қоректік түтіктерді орнату, электролиттерді бақылау, отыруға, тұруға үйрету, – дейді меңгеруші.

Науқастың жағдайы тұрақтанғаннан кейін оны екінші деңгейдегі оңалту орталығына немесе күтім бөлімшесіне ауыстырады, не болмаса егер жағдайы күнделікті өмірге оралуға мүмкіндік берсе, үйге шығарылады. Алайда дәрігерлер сенімді: инсульт туралы ол әлі болмаған кезде айту керек, өйткені сонда ғана аурудың пайда болу қаупін едәуір төмендету мүмкін.

– Егер адам бірнеше жылдар бойы қан қысымын, салмағын бақыламаса, аз қозғалса және қан тамырларын уақытында тексермесе, оның инсульт алып қалуы ғажап емес. Жеңіл жағдайда бәрі жақсы аяқталады, ал ауыр жағдайда аман қалулары екіталай, - дейді Елена Айнабекова. – Осы аптада ғана 39-дан 43 жасқа дейінгі үш пациент миына қан құйылып, қайтыс болды, олардың қан қысымы өте жоғары болған, 240-250-ге дейін жетті. Тепсе, темір үзетін жастағы азаматтар.

Дәрігерлер үнемі ақпараттық науқандарға қатысады және халықты скринингтерден тұрақты түрде өтіп тұруға шақырады. Тексерулер ағзадағы өзгерістерді қайғылы салдарға әкелмей тұрып, алдын ала көруге мүмкіндік береді. 

ЗЕРГЕРЛІК ЖҰМЫС

Аурухананың тамыр хирургиясы бөлімшесінде артериялар мен тамырларға операциялардың көптеген түрлері жасалады. Жұмыстың негізгі бағыты – варикозды және әр түрлі аймақтардағы тамырлардың, инсульт пен гангренаның пайда болу қаупі бар каротид артерияларынан іш қуысының тамырларына дейін, зақымдануын емдеу. Мұнда жыл сайын мыңға жуық ота жасалады.

– Көбінесе біз аяқтың, іштің тамырларына және ұйқы артерияларына операция жасаймыз. Бізде пациенттер негізінен 50 жастан асқандар, өйткені атеросклероз дәл осы жастағыларда жиі кездеседі, - деп түсіндірді бөлім меңгерушісі Тимур Мұхамеджанов.

Жұмыста заманауи эндоваскулярлық әдістер қолданылады. Соның бір мысалы – аорта аневризмасы кезінде стент-графты имплантациялау. Науқастың өміріне үлкен қауіп төндіретін ашық операциядан айырмашылығы, стент-графтты орнату адам өміріне қауіпті аймақты айналып өтуге мүмкіндік береді. Протез әр науқас үшін жеке таңдалады және ішті кеспей-ақ, шаптағы артерия арқылы енгізіледі. Протезді орнатқаннан кейін қан аневризмалық аймақты айналып өтіп, құрылымның ішінде өтеді, бұл аневризманың жарылу мүмкіндігін азайтады.

Сондай-ақ, бөлімшеде каротид артерияларын стенттеу және оларға ашық операциялар жасалады. Жергілікті хирургтер жаңа технологияларды шетелдік мамандардан үйренеді және Қазақстанның жетекші клиникаларында біліктіліктерін жетілдіріп отырады.



Кристина Кирдяпкина

Аударған: Айна Бакимбаева 

Фото: автордыкі

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу