KZ
Өскемен
-28°
плотный туман Штиль
506.7 593.14 6.53

Өндірісті қала – Өскемен өркендей бермек

11.12.2025, 18:30 212

Өндірісті қала Өскемен үшін биылғы жыл қала тұрғындарының өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған маңызды инфрақұрылымдық және әлеуметтік бастамаларды жүзеге асырған кезең болды, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.

Айтар болсақ, шаһарда абаттандыру және жол инфрақұрылымы саласында қалалық ортаны жаңғырту бойынша ауқымды жұмыстар атқарылды.

Бүгін Өскемен қаласының әкімі Алмат Ақышовтың бұл қызметке ресми тағайындалғанына тура бір жыл толып отыр. Осы есепті кезеңде облыс орталығында 42 шақырым жол төсемі орташа жөндеуден өтіп, 52 шақырым жолға қиыршық тас төселді. Жаяу жүргіншілердің қауіпсіздігі мен ыңғайлылығын қамтамасыз ету мақсатында 11 шақырым асфальтбетон тротуар жасалып, 16 мың шаршы метрден астам тақта тас (брусчатка) орнатылды.

– Аула аумақтарына ерекше көңіл бөлінді. 42 учаскеде абаттандыру жұмыстары жүріп, 17 жаңа балалар және 8 спорт алаңы салынды. Сонымен қатар көпір астындағы аумақтарды, Согра кенті мен Шешек тауындағы саябақтарды қоса алғанда, 6 қоғамдық кеңістік жаңа кейіпке енді.
Халықты әлеуметтік қолдау – біздің жұмысымыздың басты басымдығы. Қабылданған шаралардың нәтижесінде 8 896 жұмыс орны ашылды. Оның 7 418-і – тұрақты. Тұрғын үй саласында да маңызды қадамдар жасалды. «Шығыс» кентінде 468 үй тұрғындарға берілді. Сонымен бірге жыл бойы көпқабатты үйлердің қасбеттері жөнделіп, қаланың сәулеттік келбетіне айтарлықтай оң өзгеріс әкелінді, – деді Өскемен қаласының әкімі Алмат Ақышов. 

Шаһар басшысының айтуынша, бұл шаруалардың барлығы да ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың және Үкіметтің алдыға қойған міндеттерін, сонымен бірге облыс әкімінің тапсырмаларын орындауға бағытталған жұмыстардың нәтижесі. 

Қаланың экономикалық белсенділігі де тұрақты өсім көрсетуде. Шағын және орта кәсіпкерліктің жұмыс істеп тұрған субъектілер саны 37 930 бірлікке жетті. Олар бизнесті субсидиялау, гранттар беру арқылы қолдауды сезінуде. Әлеуметтік маңызы бар тауарлар бағасын тұрақтандыру мақсатында 120-дан астам мониторингтік іс-шара ұйымдастырылып, ауыл шаруашылығы жәрмеңкелері тұрақты өткізіліп келеді.

– 2026 жылы да біз осы қарқынды сақтай отырып, ірі көлік айрықтарының құрылысын аяқтауды және қаланы абаттандыру жұмыстарын жалғастыруды жоспарлап отырмыз. Өскеменнің игілігі жолындағы жұмыс жалғаса береді, – деді Алмат Ақышов.


Дәурен Аллабергенұлы

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу