Ірі көлемдегі есірткі арнасының жолын кесілді – ШҚО
Шығыс Қазақстан облысында есірткі қылмысына қарсы күрес бағытындағы жедел іс-шаралар нәтижесінде ірі көлемдегі психотроптық заттарды таратумен айналысқан курьер әшкереленді. Облыстық Полиция департаментінің Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері тыйым салынған интернет-дүкеннің «қойма-ораушысы» ретінде әрекет еткен жас күдіктіні қолға түсірді, деп хабарлайды Altainews.kz.
Жедел деректерге сәйкес, 2006 жылы туған, Алматы облысының тумасы заңсыз интернет-платформа арқылы есірткі бизнесіне тартылған. Ол мессенджерлердің бірі арқылы белгісіз куратормен байланыс орнатып, одан тапсырмалар алып отырғаны анықталды. Күдікті жасырын түрде есірткі заттарын дайындап, таратуға бейімделген.
Санкцияланған тінту барысында оның уақытша тұрып жатқан жалдамалы пәтерінен айғақты заттар табылды. Атап айтқанда, ақ түсті ұнтақ тәрізді зат салынған бес полимерлі пакет және өсімдік тектес заты бар екі полимерлі пакет тәркіленді. Жүргізілген сараптама нәтижесі тәркіленген заттардың психотроптық екендігін растады. Олардың жалпы салмағы 495,32 грамды құрады.
Қазіргі уақытта аталған дерек бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізілуде. Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалып, оның қылмыстық әрекеттерге қатыстылығы жан-жақты тексеріліп жатыр.
Шығыс Қазақстан облысының Полиция департаменті қоғамға, әсіресе, жасөспірімдер мен жастарға үндеу тастайды.
Құқық қорғау органдары азаматтарды сақ болуға, заңсыз әрекеттерге алданбауға және күмәнді ұсыныстар туралы дер кезінде полицияға хабарлауға шақырады. Заң мен тәртіп – қоғам қауіпсіздігінің басты кепілі.
Фото: ШҚО ПД





