Абай – 180 жыл: Ұлылар мекеніне саяхат жасау (ІІ бөлім)
Көкейімдегі сауалыма толық әрі нақты жауап алдым. Бекен аға Базаралы жайындағы әңгімесін осымен тәмамдаған болар деп ойлағам. Шеткі Ақшоқыдан қозғалып, шөп басып, сілемі ғана қалған қыр жолына түскеннен кейін:
- Мұқаң, ел ақсақалдарынан жинаған материалдарында «Базаралының бағын ойнас пен ұрлық қайырды» – дегенді бүгіп қалмай, сол күйі қалдырған, – деп мана дастарқан басында үзілген әңгімесін жалғады. - Олай дейтінім, өздерің де білесіңдер, романда, кезінде бүкіл Тобықтыға әшкере болған Балбала Әнетқызы мен Құнекеңнің кіші әйелі, Мұқаңның үлкен әпекесі Нұрғаным арасында болған ашыналықты бүркеп, бұлталақтатпай ашық жазды емес пе?! Жазғанда да, жай ауызекі сөзбен баяндай салған жоқ. Өзіне тән айшықты тілімен көркемдеп, безендіріп ер мен әйелдің бір-біріне деген құштарлығының кесек көрінісі етіп бейнелеген жоқ па? – деп, тағы бір ой тұңғиығына сүңгіп кеткен шырақшы ағамыз сәл үнсіздіктен соң:
ШЫНДЫҚТЫ БҮГІП ҚАЛСА, МҰҚАҢНЫҢ КІМ БОЛҒАНЫ?
- Жарықтық Мұқаң өмірінің соңғы жылдарында біраз уақыттан бері суысып жүрген туысы, Сарыағашта тұратын Ахмет Әуезовтің төрінде көңілі шалқып отырып, құрдасы Ахметтен «Абай жолы» романы туралы пікірін сұрапты.
Сонда Ахмет: - Е-е Мұхтар, айтары жоқ, романың төрткүл дүниені мойындатқан шығарма ғой. Менің айтарым – бір-ақ кісі хақында. Нұрғаным апамыздың етегін Базаралыға ашқызғаның не? Базаралы – онсыз да, Базаралы еді ғой, – депті кейістігін білдіріп.
Сөйтсе, Мұқаң рахаттанып тұрып бір күліп ап: - Пәлі! Пәлі! Ойбүй, Ахмет! Мен сені алыстан іздеп жүрсем, сен өзі мына жерде ғана жүр екенсің-ау! Өйтпесем, ең алдымен шырылдаған шындық өлмей ме!? Одан соң, ғашықтар жылайды ғой. Шындық шіркін, сен қанша бүркесең, соншалықты ашыла беретіндігімен шындық. Нұрғаным апамыздың басындағы тағдыр шалға барған бар қазақ қыздарының тағдыры емес пе?! Оны сен білмегенде, кім біледі? Бүгінгі шалдар, сондай трагедияның тірі куәгерлері – біз. Мұқым Ырғызбайдан тараған әулеттің бәрі білетін дүние ғой бұл. Тіпті, Оспан Базаралыға бір ұрттам су татырмай шөлден қақтағанда, ас үйі ішінен құдық қаздырған кім еді? Әлде, мен оны ойдан шығарыппын ба? Осының бәрі жалған деп айта аласың ба, сен? Соның бәрін намыс етіп, жасырып қалсам менің кім болғаным? Апамыз сол ісінің тірісінде де, өлген соң да тексеруге, тергеуге алынатынын білмеді дейсің бе? Білгенде қандай... Біле тұра, ғашығы, құштары үшін соған барды. Сонысымен де ол аса биікке көтерілген. Пәлі, Ахмет! Сен Базаралыны көтеру үшін Нұрғаным әрекетін жазғансың ғой десең, беріден, тіптен беріден ойлап тұрсың дер едім, мен. Есіңде болсын, әдеби шығармада бір бейнені көтеру үшін, екінші біреуді төмендету – шартты нәрсе, – деп біраз күйіп-пысса керек.
Ұлы жазушының алдында шынымен де өзінің беріден ойлап, шолақ ойдың сойылын соққанына қолайсызданып қалған Ахаң «ұялған – тек тұрмастың» керімен:
- Әрине, Мұқан, сенімен дауласатын ойым жоқ. Тек, Базаралының жігітшілігі жайлы басқа да оқиғаларды келтіруге болатын еді ғой деген өз ойым ғой, әншейін, – деп әңгіме ауанын басқа жаққа бұрыпты.
Айтар ойын аяқсыз қалдырып көрмеген Мұқаң жарықтық: - Базаралы Нұрғаным арасындағы оқиғасыз да өмірдегі болмысымен, романдағы өзге суреттеулермен де қаны сорғалаған кесек тұлға болар еді. Базаралы жігітшілігін Балбала арасындағы оқиғаны берумен шектелсем де болатын еді. Жоқ, олай етпедім. Жаңа айттым ғой, бірінші – шындық өліп, ғашықтар жылайды деп. Екінші – Базаралымен арасындағы оқиға арқылы Нұрғаным апамыз аспандамақ. Шалға барған қай қазақ әйелі жүрегі дауалап ғашығына бола үй ішінен құдық қаздыра алды? Айтшы кәнеки, айта алмайсың! – деген екен.
Осы кезде манадан сөзге араласпай отырған Қинаят аға: - Беке, Базаралы мен Нұрғаным арасындағы оқиға да, оған деген Абайдың көзқарасы хақында да ел арасындағы әңгіме әртүрлі айтылады ғой, – деді сөніп бара жатқан отқа тамызық тастағандай.
«Осы көліктің ішінде екеуімізден басқа да адам бар ма еді?!» - деп, таңырқаған жандай маған ажырая бір қарап ап, көліктің арт жағына бар денесімен бұрылған шежіреші, тағы бір жөткірініп ап: - Е,е Қиеке, қазақ «көптің аузына қақпақ бола алмайсың» - дегенді білмей айтты дейсің бе? Өсек шіркіннің сөнбей қалған от құсап әр кезеңде бір бықсып, тұтанып, түтіндеп жататын әдеті емес пе. Абай Базаралы мен Нұрғаным арасындағы оқиға ушығып бара жатқанын байқап, Нұрғанымға «Тыйылсын!» деген сәлеммен кісі жібермей ме. Сонда атадан өжет туған Нұрғаным Абайдың жіберген адамына: - Пәлі, ақылды деп жүрген Абайымыз да мына жерде жүр екен ғой. Мені Базекеңе мырзаның өзі қосқан. Тарылмасын Абай! Ғұмырымда көрген рахатты шағым осы ғана, қисын соны маған! – деген ғой. Осы сөзден кейін Абай қайтып кісі жібермепті. Бір тәуліктен соң, Нұрғанымның өзі де айылын жиған көрінеді.
Мұқаң Нұрғанымның Базаралыдай жігіттің қабыланына қалай, қашан ғашық болғандығын сол Нұрғаным апамыздың аузына сөз сала отырып:
- Үйіне кіргеніме екі жыл толғанда мырза алысқа, бір үлкен асқа кетті. Келгесін өзіне-өзі кейіп отырды. «Апыр-ай, осы қаттылығым-ай! Ас аяқталарда жігіт сыны боп, бір сырлы, сегіз қырлы «Жігіттің сырттаны» жүлдесін Кіші жүздің бір жігіті жеңіп алды. Тәйірі, Қауменнің Базаралысының қолына су құюға да жарамайтын жігіт. Бекер-ақ айдаттым!» - деп өкінді. Мен «Мырза мойындаған Базаралы қандай жігіт екен?» - деп, сырттай құмартып ем. Көргенде өзімді-өзім ұстай алмадым, – деп суреттеген жоқ па еді.
АРПАЛЫСПЕН АЛҒАН АЗАТТЫҚ
Осылай деп сонау Абай заманынан ортамызға қайтып оралған Бекен аға арт жаққа тағы да бұрылыңқырай қарап:
- Әй, Қинаят! Сен білуің де мүмкін. Базаралы жайында ел аузында ертегіге бергісіз әңгіме көп қой. Оның бәрін бір сапарда айтып түгесу мүмкін емес. Мына Серікжан естісін деп отырмын. Күндердің күні бір қажетіне жарап қалар, – деп тағы бір хикаяны бастап кетті.
- Мұқаң романында Базаралының Иркутскіден келуін қашып келіп еді дейді. Ал ертедегі қарттар Базаралы қашып емес, күш өнерінің арқасында сондағы басшылықтан рұқсат алып келген дейтін. Бұл нұсқада Базаралы өзінің елге оралуын былайша баяндаған көрінеді.
«Бірде Үркіттің колониясына ойын-сауық қойып, өнер көрсетуші цирк келді. Біреу тойып секірсе, біреудің тоңып секіретіні ежелден белгілі емес пе. Сондағы іші пысып, еріккен орыс офицерлері үйретінді аюды алдымызға әкеп, кімде-кім осы аюмен күресіп жықса, айдаудан босатылатынын хабарлады. Былайғы уақытта әлі жеткені қорғаушысы жоқ әлжуаздарға тізесін де батырып жіберетін, өңшең шаш ал десе, бас алуға әзір сотталғандардың өзі: «О заманда, бұ заман аюмен күрескені несі?» - дегендей, аңтарылып қалды.
Осы сәтте: «Тәйірі, аю деп зорайтқанымен ол да бір ит емес пе?» - дедім де, не болса да «Нар тәуекелге!» бел буып, күресіп көруді ойладым. Оның үстіне айтқан сөздерінде тұрып, айдаудан босататын болса, менің де Құдайдан тілегенім сол емес пе?
«Мен шығамын!» - деп, қолымды көтеріп, ортаға таман жақындадым. Сол жерде колония бастығымен шарт жасастым. Мен күрес үстінде өліп кетсем – сұрауым жоқ. Жықсам – тоқтаусыз азат болуым керек-ті. Айқасқа қара құлын терісінен тігілген тайжақым бар еді, сонымды киіп шықтым. Аю тырнағына бір төтеп берсе, сол төтеп берер дегендегім ғой. Аю мен ойлағандай емес, шапшаң боп шықты. Шоқтығыма алдыңғы аяғы менен бұрын тиіп, қырқа шалып ап басқанда сүйегім сықыр-сықыр ете қалды. «Атаңа нәлет, шынымен иттен жазым болғаным ба?» - деп, ашуым кеп, менің де оң қолым жотасына тиген бетте, сол қолымды ашадан салып жіберіп, көтеріп ап, соқтым кеп. Басым аюдың арандай ашылған аузына дәл келер ме. Қысылғаным сонша, босаған оң қолыммен ашылған ауызға жұдырығыммен бар пәрменіммен қойып қалдым. Аюдың тісі қаусап, жұдырығым сол бойында аюдың көмейіне дейін кірді де кетті. Аю жағы қарысып қалғандай аузын басып тістей алмай, аузы қанға толып кетті. Аяғын жиырып, серіпкенше үстінен аттап кеттім. Жабайы өскен мақұлық адам баласынан дәп мұндай қайрат күтпеді ме, кім білсін, өкіріп-бақырып, аузы-басы қан-қан боп арлы-берлі аласұра, алқалаған адамдарға тап-тап беріп ұмтылып жүр. Мойнындағы шынжырынан тас қып ұстап алған үйретушілері ие бола алмай жатыр. Тайжақымды бөксеріп түскен екен, шешініп, иығыма жамылып тұра бердім. Алқалап тұрғандар таңғалғаны бар, қолдап-қолпаштағандары бар өзара гуілдесіп кетті. Сайысты ұйымдастырған басшы-қосшылар да шеткерірек шығып кетіп, әлденеге дауласты ма, болмаса тағы күрестірейік деді ме, әйтеуір бір мәмілеге келе алмай, біраз қызылкеңірдек боп жатты...
Ақыры, колония бастығы сөзін жұтпай, екі күнде рұқсат қағазын берді» - деген екен жарықтық Базыкең.
ҚОЙНАУЫНА СЫР БҮККЕН ҚОҢЫРАУЛЫ ҚОРЫМДАР
Әңгіме осы тұсқа жеткенде, біз мінген көлік айналасына тұтасып қалың шеңгел өскен, қабырғалары тау тастарымен қаланған әлдебір көне қорымға таяп қалған. Осы кезде Бекен аға назарын алдымыздағы көне бейіттерден аудармаған қалпы:
- Айналып қана кетейін Құнекем-ай! «Былтырдан бері бұл маңға жоламай кеттің!» - деп, назаланып жатқан жоқпысың? Келдім міне, келдім арысым! – деді, айыбын жуып-шайған адамша. Сосын маған қарап:
- Ал Серікжан! Атыңды осы жерге доғар, шырағым. Аруақтарға құрметіміз болсын, қырық қадам жаяу барайық, – деді. Ағаның жанары жасаурап кеткен екен.
Айнала тым-тырыс. Өлі тыныштық орнағандай. Бейітте қанша адамның және нақты кімдердің жатқаны есімде қалмапты. Жадымда қалғаны – қаншама уақыт өтсе де, табиғаттың нөсер жауыны мен дүлей дауылына, аптап ыстығы мен небір ызғарына әбден мүжіліп, кей жерлері үгітіле бастаған көне бейіттер. Солардың қаусап тұрған қабырғаларын алақанымен аялай сипап, Бекен ағамның аруақты аталарымен тірі адамдарша күбірлей жүріп сөйлескені. Сосын, көк майсаға жүрелей отырып, бір кездегі тарих сахнасынан ойып тұрып орын алған, даңқы дүйім Алашқа аңыз боп қалған аға сұлтан Құнанбай қажыға және сол жерде жатқан марқұмдарға арнайы құран бағыштағаны.
Неге екенін білмеймін, көне қорымнан аттанарда ойыма, осы өңірде кіндік қаны тамып, алты алашты тума талантына тәнті ете білген, өнердегі жанашыр ағам, марқұм Жәнібек Кәрменовтiң:
- Болғандай осы дала күйге жерік,
Тұрады тау мен тасы дыбыс беріп.
Әйтеуір көкірегі күмбірлейді,
Құдайдың қоңырауы секілденіп, – деген өлең жолдары орала берді. Шынымен де, мына қорымдардың қойнауында шешуін біз білмейтін қаншама жұмбақ жатыр? Көне қорымдар келген адамды жатырқайтындай томаға-тұйық. «Басыма тәу ете келген екен!» - деп, кім көрінгенге ашылып-шашылып сырын жайып салмайды. Олар тек, осы өңірдің өткені мен кеткенін, салты мен дәстүрін, тауы мен тасының тілін жетік білетін төл перзентіне ғана, оның өзінде Бекеңдей берен ұлдарына там-тұмдап сыр ашатын секілді. Алыстан, алыс болғанда да тым алыстан, бәлкім жеті қат жердің астынан болар, күмбірлеген қоңырау үні естілгендей болды...
(Жалғасы бар)
Серік Құсанбаев



