Тәлкекке түскен тағдырлар...
Қайырлы Алихановтың ғұмыры – бір әулеттің ғана емес, тұтас бір дәуірдің тағдырын айшықтаған өмір жолы. Ашаршылықтың ызғары, саяси қуғын-сүргіннің зобалаңы, соғыс жылдарындағы жанкешті еңбек пен соғыстан кейінгі ел еңсесін тіктеуге арналған маңдай тер – барлығы да оның тағдырынан орын алды. Әке мейірімінен ерте айырылып, «халық жауының баласы» деген ауыр таңбамен өмір сүрсе де, ол мойымай, еңбекке сүйеніп, адал тіршіліктің қадірін дәлелдеген нағыз «Еңбек адамы» еді, деп хабарлайды Altainews.kz.
Катонқарағай ауданындағы Берел ауылының тумасы Алиханов Қайырлы ақсақал Кеңес өкіметінің қазақ даласына қоғамдық өзгерістерді күшпен енгізіп жатқан кезінде, яғни, ұжымдық шаруашылық құру басталған 1928 жылы дүниеге келіпті. Ақсақалдың көзінің тірісінде басынан кешірген өмір жолы «тұнып тұрған тарих» деп айтуға болады. Жастайынан еңбекке араласқан ол өткен ғасырдың отызыншы жылдарында қазақ елін бордай тоздырған ашаршылықтың шет жағасын көрген, Кеңестік саясаттың салдарынан өте жақын сезінген, Ұлы Отан соғысы кезіндегі ауыл жұртының көрген жан шыдатпас ауыртпалығын өз иығымен көтерген, соғыстан кейінгі ел шаруашылығын көтеруге белсене араласып, зейнеткерлікке шыққанға дейін ауыл шаруашылығының түрлі саласында аянбай еңбек еткен адам. Жұбайымен бірге ұл-қыздарын жеткізіп, барлығының жоғары білім алуына жағдай жасап, қазір немере-шөберелерінің қызығын көріп отырған бақытты жан.
Тыңдар құлақ болса, ол кісі өзінің басынан кешкендерін жалықпай жүйе-жүйесімен әңгімелеп айтуға даяр болатын. Мен ол кісінің көп әңгімелерін тыңдаған едім, оның барлығын қағаз бетіне түсірсе, бірнеше кітапқа татырлық. Сол айтқандарының ішінен өзіме қатты әсер еткен төмендегі әңгімені жариялауды жөн көрдім.
ӘКЕМІЗБЕН ЖЫЛАЙ-ЖЫЛАЙ ҚОШТАСТЫҚ
1937-38 жылдары қазақ халқының басына түскен сұмдық апат, өкімет басында отырған «көсемдердің» қолдан жасаған қысастығы еді. Ашық күнде кенеттен соққан қара дауылдай сол алапат нәубеттің құйыны кең байтақ еліміздің қиыр шығысында бұйығып жатқан біздің Катонқарағай жерін де шарпып өтті.
Мен ол кезде әлі оң-солын танып үлгірмеген, мектеп табалдырығын енді ғана аттағалы тұрған сегіз-тоғыз жас шамасындағы баламын. Менен төрт жас кіші інім бар, ал қарындасым әлі бір жасқа да толмаған емшектегі бала еді.
Әкем арнаулы мал дәрігерлік білімі бар, ауылдағы көзі ашық азаматтардың бірі еді. Өз жұмысына ұқыпты, тапсырылған жұмыстарды тиянақты орындайтын, үйде де бар шаруаны тындыратын еңбекқор адам болатын. Жұмыстан қолы қалт етсе, аңшылықпен айналысатын.
Мығым денелі, келбетті, аң аулап жалғыз өзі тау кезгенде қорқу дегенді білмейтін ер мінезді адам еді. Шыншыл, достыққа берік, көпшіл болғандықтан қазақтардан да, сол кездері Берел, Өрел, Катон жақта көп мекендеген орыстардан да достары көп болатын. Солардың ішінде, менің есімде ерекше қалғаны – Өрелдегі шекара комендатурасында қызмет істейтін Захаров дейтін (атын ұмыттым) офицер. 1937 жылы ел ішінен шетелдіктермен байланысы бар «халық жауларын» іздеу басталды. Мен ойын баласы болғандықтан, үлкендердің айтқанынан естігенім болмаса, ол кездегі саясаттың қатігездігінен бейхабар едім. «Халық жауы» дегендер әлдеқандай бір қорқынышты адамдар сияқты болып елестейтін, оның бізге еш қатысы жоқтай сезілетін.
Уақыт өткен сайын, бұл ойым өзгере бастады. Өйткені, «халық жауы» деп, ауылымыздағы күнде көретін, ел басқарып жүрген таныс адамдарды ұстап, әкете бастады. Бір сұмдықтың шеті бізге де жақындап қалғанын кішкентай жүрегім сезгендей еді. Әскери адамдар мінген «Студобеккер» маркалы үлкен жүк машинасы келсе болды, ауылдың бетке ұстар екі-үш адамын алып кететін.
Күз айының бір күні әкем әдеттегідей колхоз малын аралап кетті. Ол жұмысын аяқтаған соң, жол-жөнекей аң аулап қайтпақ болып, аздап жауған жаңбырды елемей, «Бақбақ» аталатын шілік ішінде аңдардың ізін бағып жүреді. Ауылға келген әскерилер сұрастырып біліп, сол жерге дейін іздеп барып, оны «тұтқындапты».
Біз ауыл шетіндегі колхоз басқарма үйінің екінші жартысында тұратын едік. Таудан түсе берген әскерилердің ортасында қамауда келе жатқан әкемді мінген атына қарап, алыстан бірден таныдық. Алдынан жүгіріп шықпақ болған мені шешем «бәлеге ұрынып қалар» деген қауіппен жібермей ұстап қалды. Әкемді айдаушылар кеңсеге қарай алып кетті. «Енді не болар екен?» деп үрейленіп отырғанда әскерилерден хабаршы келіп, бәрімізді кеңсеге шақырды. Шешемнің қолында емізулі бала, мен інімді жетелеп, сүріне-қабына кеңсеге жеттік. Кіріп келгенде байқағаным, қабағы салыңқы болса да, сабырлы қалпын сақтаған әкем, аң аулап жүріп, су болған киімдерін кеңседегі пешке кептіріп отыр екен. Бас салып құшақтауға әскерилерден қаймығамыз.
Әскерилердің айтуынша, менің ұққаным, әкеме «Қытай тыңшыларымен байланысы бар» деген айып тағылыпты. Оған дәлелдері – биылғы көктемде мал басының шығыны көп болған, оның ішінде жас төлдердің өлімі көп, әкем соның бәрін Қытай елінің бұйрығымен әдейі ұйымдастырып, Кеңес өкіметіне қастандық жасап отырған көрінеді-мыс.
Таңның атысынан, күннің батысына дейін ат үстінде салақтап, колхоз жұмысы үшін жанын аямайтын әкеме осындай айып тағылуы қисынсыз екені көзге ұрып тұр еді. Соны айтып жалбарынған анамның сөзін әскерилер құлаққа да ілген жоқ. Өз сөздерін қайталап, қоштасуға біраз уақыт берді. Кеңсе ішінде шай қойып, шешемнің үйден алып шыққан азын-аулақ тағамынан ауыз тиіп отырып, әкем бізге өзінің өкімет пен ел алдында ешқандай айыбы болмаса да басына осындай күн туарын біліп жүргенін, енді не көрсе де көппен бірге көрерін айтты. Шешеме көп уайымдамауын, балалар үшін белін бекем буып қайраттануы керек екенін ескертіп, тіпті ауыр күн туса Аршатыдағы ағасы Сахария демеу берерін айтты. Сонымен асқар таудай әкемізден тірідей айырылып, жылай-жылай қоштастық. Шиеттей жас балалармен қалған шешемнің қайғысында шек жоқ еді...
ӨЛМЕУ ҮШІН ЖАЛАНЫ МОЙЫНДАҒАН
Айдап әкеткен адамдарды Өрел комендатурасына апарып қамап, жауап алатын. Әкем алғашқы тергеулер барысында Кеңес өкіметіне еш қастандық жасамағанын айтып, тергеушілердің таққан кінәсін мойындамапты. «Олар да адам баласы ғой, сөз ұғар» деп ойлаған болуы керек. Бірақ, ол үміті ақталмай, тергеушілер енді жай сұрауды қойып, қорқыта бастайды. Қорқытқанға да сескене қоймаған соң, азаптауға көшеді. Ұрып-соғып, бірнеше күн нәр татырмай, адамды қинаудың не түрлі тәсілдерін қолданады.
Бір күні камераға ескі «тамыры» Захаров келіп, әкемнің қиналған түрін көріп, жеке сөйлеседі. Ол әкеме, қасарысып, еш нәрсені мойындамаған адамдардың бостан-босқа атылып, денелері қайда көмілгені де белгісіз болып жатқанын айтады. «Бұл жерде тірі қалудың бір-ақ жолы – ол, жабылған жалаға «рас» деп келісу ғана. Сонда азаптаудан да құтыласың, біраз жыл айдауға жіберуі мүмкін, кім білсін, бас аман болса, заман да түзеліп, ақталып шығар күн болар, еліңе қайта ораларсың» деп кеңес береді. Ойланып-толғана кеп, «мойындамағанмен, жабылған жалған жаладан ақтағалы тұрған жоқ. Босқа атып тастайды. Онан да өтірік мойындап, басқа не түссе де көрейін, мүмкін, Захаров айтқандай, кейін жақсы күн туар» деген оймен жалған «кінәсін» мойындап, қол қояды.
Сонымен, бірер айдан соң әкем «халық жауы» ретінде Ресейдің Красноярск өлкесіне айдалып кете барды. Сирек болса да хат-хабар келіп тұратын. Содан білгеніміз, әкем етінің тірілігі, орыс тілін білетіндігі мен аздаған білімінің арқасында қатты қинауға түспей, лагерьдің малдары бағылатын фермада өз мамандығы бойынша «мал дәрігері» болып қызмет атқарыпты.
Сөйтіп, әкемізден тірідей айырылып, бұғанасы қатпаған біз «тірі жетім» атандық. Мен бұрын да әкесі не шешесі аурудан немесе апаттан қайтыс болып, жетім қалған балаларды көрген едім. Ондай балаларды өзге жұрт «қамқоршысы жоқ» деп аяп, қолындағы барын беріп, шамасынша көмек көрсетуге тырысатын.
Ал, біздің жағдайымыз мүлде басқаша болды. Бізді ет жақын туыстарымыз болмаса, басқа жұрт аяушылық білдірмеді, керісінше, «халық жауының баласы» деген айдар тағылып, мектепте де, басқа қоғамдық орындарда да шеттетіліп, бала болсақ та «саяси сенімсіздің» күнін кештік.
Асқар таудай әкең қасыңда болғанда еш сезілмейтін үй шаруасындағы бар ауыртпалық үйдегі жасы үлкен «еркек кіндік» менің иығыма түсті. Сенер ешкім жоқ, інім кішілеу болғандықтан, бұғанам қатпай жатып, ала жаздай үйдегі азын-аулақ малды бағып қарау, оның шөбін шауып, жиып, жеткізу, қыстыгүні малға қарап, жем-шөбін беріп, суару, астын тазарту, үйдің, қора-сайманның жөндеу жұмыстарын жүргізу, орманға барып, отын даярлап, оны әкелу, әкелген соң кесіп, жару сияқты барлық жұмысты істеуге тура келді. Осылай тіршілік үшін жанталаса жүріп, сабақта да алда болуға тырысатынмын. «Халық жауының баласы» ретінде шетқақпай көрсем де, оқу үлгерімінде, қоғамдық жұмыстарда да, мектеп шаруашылық жұмыстарында да үнемі алда болып, ерекше көзге түсетін едім.
ТУҒАН ЖЕРДІҢ ТОПЫРАҒЫ БҰЙЫРДЫ
Біз қызығын көре алмаған, еңсені басқан осындай балалық шақтан өтіп, бозбала жасына енді іліне бергенде, бүкіл ел-жұртты күңірентіп, дауыл соққандай есеңгіреткен «соғыс» атты алапат келіп жетті. Ауылдағы ер-азаматтың барлығы майданға аттанды. Ауылда соғысқа денсаулығы жарамайтын бірен-саран мүгедектер, кемпір-шалдар, әйелдер мен бала-шаға қалды.
Ауылдағы жағдай тіптен қиындай түсті. Енді үй шаруасын ойлау жайына қалып, бұрынғы ер-азаматтар атқарып жүрген барлық колхоз шаруасының ауыртпалығы өзім шамалас 12 мен 15 жас аралығындағы бозбала жастардың иығына түсті. Таң ағарып атқаннан қас қарайғанша үй бетін көрмейтін едік. Бала болып, ойнап-күлуді, ұйқымызды қандырып, тойып тамақ ішу дегенді білмедік. Мектепте оқыды деген аты ғана болмаса, қыс айларында мұғалімді анда-санда бір көріп, шала-шарпы бірдеңе оқыған болатынбыз.
Көктем шығып, күн жылына бере жер жыртып, тұқым себуге балаларды мектептен сұрап ұжымшар жұмысына апаратын, үлкеніміз соқа ұстап, кішіміз ат айдап, тырма (борона) сүйредік, жаяу жүріп тұқым шаштық.
Маусым айында көктеген егістің арам шөбін жұлдық, шілде, тамыз айларында қолмен шөп шауып, жинадық, күзде егін оратын кезде егін орып, бау байлау, астық бастырып, желге дән ұшыру сияқты жұмыстарды істедік. Күздің қара суығында атпен немесе өгізбен шөп тасыдық. Ұжымшарда істеген еңбегіңе қарай 5-10 кг дән береді, қолға берер жалақысы жоқ. Жоғын біліп, ештеме сұрамаймыз да.
Біз әскер жасына ілінер кезде соғыс бітіп, тірі қалған бірен-саран азаматтар елге оралды, олардың көпшілігі түрлі жарақат алған мүгедектер, ұзақ соғыстан қажып оралған жандар еді.
Әкем Красноярск өлкесінде он жылдан артық болып, 1947 жылы ғана бұғаудан босап шықты. Бірақ, оған тағы да ерік беріп қойған жоқ, өзінің туған жері Катонқарағай ауданына баруға тыйым салынып, ол еріксіз Зырян ауданына қоныстануына тура келді. Тек, өмірінің соңғы кезеңінде ғана, ел саясатында біраз «жылымық» туған сәтте, бюрократиялық көп кедергілерден өте отырып, әкемді өз жеріне жеткізудің реті келді. Туған жеріне жеткен соң көп ұзамай о дүниеге аттанды.
Әкеммен тағдырлас болған сан мыңдаған боздақтардың сүйегі қайда қалғаны да белгісіз боп жатқанда, қаншама өмір өткелінен, тағдырдың талайынан өтіп келген әкемізге өз жерінің топырағы бұйырғанына ризамыз.
Талғат Қашқынбаев, Өскемен қаласы
Суретте: қария ұлы мен келіні және немерелерімен