KZ
Өскемен
-12°
облачно с прояснениями жел 2 м/с, СШ
507.05 594.82 6.51

Цифрландыру экономикалық өсудің қозғаушы күшіне айналып келеді

15.12.2025, 13:00 153 Әбішев Ержан

Ел Үкіметінің отырысында өңдеу өнеркәсібін дамыту және цифрландыру мәселелері қаралды. Талқылау барысында түрлі өңірлердің, соның ішінде Шығыс Қазақстанның жетістіктері мен жобалары атап өтілді. Нақты айтқанда, «Казцинк» кәсіпорнында жасанды интеллектті енгізу жобасын және «Altai Mai» кәсіпорнының майлы дақылдарды өңдеу жобасын іске асыру оң бағаланды, деп хабарлайды Altainews.kz.

Премьер-министр Олжас Бектеновтің айтуынша, еліміздің өңдеу өнеркәсібі – экономиканың тұрақты өсуінің негізгі шарты.

– Дәл осы өңдеу секторында қосылған құн қалыптасады. Мұнда жоғары білікті жұмыс орындары ашылады. Өңдеу саласы елдің технологиялық егемендігін қалыптастырады, – деп атап өтті ол.

ӘРТАРАПТАНДЫРУҒА БАСЫМДЫҚ БЕРІЛІП ОТЫР

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев экономиканы әртараптандыру, еңбек өнімділігін арттыру, жаңа технологияларды енгізу және өнеркәсіптік әлеуетті нығайту жөніндегі міндеттерді нақты айқындап берді. Бүгінгі таңда жалпы ішкі өнім құрылымындағы өңдеу өнеркәсібінің үлесі – шамамен 13 пайыз.

– Біздің мақсатымыз – 2030 жылға қарай жалпы ішкі өнімдегі өңдеу өнеркәсібінің үлесін 15 пайызға, ал 2035 жылға қарай 18-20 пайызға жеткізу, – деп міндет қойды премьер-министр.

Соңғы жылдары айтарлықтай ілгерілеу байқалады. Соңғы бес жылда өңдеу саласындағы өндіріс көлемі шамамен үштен бірге өсті. «Kia», «Sinopec», «John Deere», «Claas» сияқты әлемдік көшбасшылардың қатысуымен ондаған жаңа кәсіпорын ашылды.

Өткен жылы өңделген өнім экспорты 23 миллиард АҚШ долларынан асты. Қазір бұл тек металдар емес, сонымен қатар машина жасау, химия өнімдері мен азық-түлік тауарлары.

БІРЫҢҒАЙ ИНДУСТРИАЛАНДЫРУ КАРТАСЫ

Ағымдағы жылдың 10 айында өңдеу өнеркәсібіне салынған инвестициялар көлемі 1,7 триллион теңге болды, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 30 пайызға жоғары. Бұл өсім, ең алдымен, «Бірыңғай индустриаландыру картасы» аясында жаңа өндірістердің іске қосылуына байланысты.

2025 жылға қарай картада жалпы құны 1,5 триллион теңгені құрайтын 190 жобаны жүзеге асыру көзделген. Бүгінге дейін 147 жоба іске қосылып, 18 мыңнан астам жұмыс орны құрылды. Олардың қатарында қытайлық «Chery», «Changan», «Haval» және «Tank» брендтерінің жеңіл автокөліктерін шығару, жүк вагондарын, сорғы-компрессорлық құбырларды, тамақ өнеркәсібіне арналған алюминий қаптамаларды, тұрмыстық техниканы өндіру, сондай-ақ жүнді қайта өңдеу және тоқыма материалдарын шығару жөніндегі ірі жобалар бар.

ӨНДІРУШІЛЕРДІ ҚОЛДАУ ШАРАЛАРЫ ЖҮЙЕЛЕНЕ ТҮСТІ

Премьер-министр дамудың маңызды факторларының бірі ретінде отандық өндірушілерді қолдаудың жүйелі шараларын енгізуді атады. Мұндай шаралардың бірі – қайта өңдеу кәсіпорындарын шикізатпен жеңілдікпен қамтамасыз ету. Мыс, алюминий және мырыш өндірісін қамтитын бұл тетік қазірдің өзінде нәтиже беріп отыр: жыл соңына дейін мыс өңдеу көлемі 40 пайызға, алюминий – 20 пайызға, мырыш – 25 пайызға артады деп күтілуде. Осы бағытта 30 тиісті келісім жасалды.

Сондай-ақ отандық өндірушілердің реттелетін сатып алуларға басымдықпен қол жеткізу тетіктері жетілдірілуде. Мемлекеттік сатып алуларда алып тастауға жататын отандық өндіріс тауарларының тізбесі 4854 атауға дейін кеңейтілді. Бұл отандық өндірушілермен жасалған келісімшарттардың жалпы көлемін 1,5 есеге арттырып, 418 млрд теңгеге жеткізуге мүмкіндік берді.

Келесі жылдың басынан елде нақты өндірістік базасы бар кәсіпорындарды ашық әрі нысаналы қолдау мақсатында «Қазақстандық тауар өндірушілердің бірыңғай тізілімі» қолданысқа енгізіледі.

Өндірілмеген тауарлар мен қызметтерді алдын ала сатып алуға бағытталған ұзақ мерзімді шарттар мен офтейк-келісімшарттар тетігіне ерекше назар аударылуда. Бұл өндірушілерге өз бюджетін жоспарлауға, ал тапсырыс берушілерге қажетті өнімді бекітілген бағамен кепілді түрде алуға мүмкіндік береді.

Биыл ел бойынша осындай 879 келісім жасалды. Олжас Бектенов өнеркәсіп министрлігіне мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, келесі жылдың соңына дейін олардың санын кемінде мыңға жеткізуді тапсырды.

ӨНЕРКӘСІПТІК АЙМАҚТАРДЫҢ РӨЛІ МАҢЫЗДЫ

Еліміздегі индустриялық жобалардың басым бөлігі арнайы экономикалық аймақтар мен индустриялық аймақтардың аумақтарында жүзеге асырылуда. Қазіргі кезде Қазақстанда 10,4 триллион теңге көлемінде инвестиция тартылған 18 арнайы экономикалық аймақ және 1,6 триллион теңгеге бағаланған 305 жоба орналасқан 66 индустриялық аймақ жұмыс істейді.

Шағын және орта бизнесті қолдау мақсатында Қазақстанда жоспарланған 34 шағын өнеркәсіптік аймақтың 25-і құрылды.

Кеңес барысында Олжас Бектенов басым арнайы экономикалық аймақтар мен индустриялық аймақтар инфрақұрылыммен қамтамасыз ету бойынша нақты мерзімдер мен қаржыландыру көздері көрсетілген егжей-тегжейлі жоспар әзірлеуді тапсырды.

ЗАМАНАУИ ТЕХНОЛОГИЯЛАР ЖҰМЫСТЫ ЖЕҢІЛДЕТТІ

Бүгінде өңдеу өнеркәсібін дамытуда цифрлық трансформация, соның ішінде жасанды интеллектті қолдану мәселелері шешуші мәнге ие. Алайда премьер-министрдің атап өтуінше, елімізде өңдеу саласындағы кәсіпорындардың 20 пайыздан азы ғана заманауи цифрлық технологияларды, оның ішінде ЖИ-ді пайдаланады. Салыстыру үшін айтсақ, дамыған елдерде болжамды мониторинг жүйелері жабдықтарға қызмет көрсету шығындарын 15 пайызға дейін азайтуға мүмкіндік береді.

Сонымен бірге оң тәжірибелер де бар. Ірі кәсіпорындарда, оның ішінде Шығыс Қазақстандағы «Казцинк» компаниясында 41 жасанды интеллект шешімі енгізілген.

«Алтыналмас» алтын өндіру кәсіпорнында логистиканы оңтайландыру және техниканың жұмысын бақылау үшін цифрлық жүйелер қолданылуда.

– «KAZ Minerals» кеніштерінде жасанды интеллект деректердің үлкен көлемін талдап, жабдықтардың жұмысын оңтайландырады және түрлі тәуекелдерді анықтайды. Ал «ERG» компаниясында ондаған цифрлық ассистент жұмыс істеп тұр, – деп мысал келтірді Олжас Бектенов.

Өз кезегінде өнеркәсіп және құрылыс министрі цифрлық технологияларды енгізетін кәсіпорындардың үлесі 2022 жылғы 12,9 пайыздан (390 кәсіпорын) 2024 жылы 19,2 пайызға дейін (1073 кәсіпорын) артқанын хабарлады. Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау аясында елде жасанды интеллектті енгізу жөніндегі жол картасы әзірленді.

АГРОСАЛАДА ҚАЙТА ӨҢДЕУ ҮЛЕСІ АРТТЫ

Отырыста агроөнеркәсіп кешеніндегі қайта өңдеуді дамыту мәселесі жеке қаралды. Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров саланың тұрақты өсім көрсетіп отырғанын баяндады.

Оның айтуынша, осы жылдың 10 айында азық-түлік өнімдерін өндіру көлемі 3,1 триллион теңгені құрап, өткен жылдың деңгейінен 9,1 пайызға жоғары болды.

Бұл саладағы негізгі капиталға салынған инвестициялар 60 пайызға өсіп, 225 миллиард теңгеге жетті. Агроөнеркәсіп кешенінің қайта өңделген өнімдері экспорты 9 айдың қорытындысы бойынша 2,5 миллиард АҚШ долларын құрап, 32,4 пайызға артты.

Өсімнің едәуір бөлігін ұн тарту және май өңдеу салалары қамтамасыз етіп отыр. Ұн өндірісі 7 пайызға (2,8 миллион тоннаға дейін), өсімдік майы – 21,7 пайызға (726 мың тоннаға дейін) артты. Сондай-ақ сүт, жарма өнімдері мен шұжық өнімдерінің өндірісі де көбейді.

Саланы ынталандыру мақсатында 2024 жылдан бастап айналым қаражатын жылдық 5 пайызбен жеңілдетілген қаржыландыру ашылды. Ағымдағы жылы бұл мақсаттарға 44,3 миллиард теңге бөлініп, шамамен 100 кәсіпорын қамтылды. Келесі жылы қаржыландыру көлемін 1,5 есеге арттыру жоспарланып отыр.

ШЫҒЫСТАН АЛМАТЫҒА ДЕЙІН

Инвестициялық жобаларды іске асыру аясында биыл жалпы құны 66,2 миллиард теңгені құрайтын 29 нысан пайдалануға берілді. Олардың ішінде министр Шығыс Қазақстандағы жылына 169 мың тонна майлы дақылдарды қайта өңдейтін «Altai Mai» кәсіпорны жобасын ерекше атап өтті.

Елімізде алдағы кезеңге арналған жоспарлар ауқымды. 2026 жылы 394 миллиард теңгеге 50 жобаны іске асыру және 2,5 мың жұмыс орнын құру көзделген, 2027 жылы – 874 миллиард теңгеге 26 жоба жүзеге асырылып, 3,5 мыңнан астам жұмыс орны ашылады. Негізгі жобалардың қатарында Жамбыл облысындағы жүгеріні терең өңдеу, Алматы облысындағы балмұздақ өндірісін кеңейту, жеміс-жидекті қайта өңдеу, Астанадағы бидай мен бұршақты қайта өңдеу, Ақмола облысындағы жұмыртқаны терең өңдеу бағытындағы зауыттар бар.

ЦИФРЛАНДЫРУ ЖӘНЕ КАДР ДАЙЫНДАУ

Ауыл шаруашылығында да цифрлық технологиялар белсенді түрде енгізілуде. Қазіргі уақытта агроөнеркәсіп кешенінің 648 кәсіпорны цифрлық құралдарды пайдаланады, оның ішінде қайта өңдеу өнеркәсібіндегі жүйе құраушы 105 кәсіпорын бар.

«E-АӨК» бірыңғай платформасы аясында субсидияларды, жер ресурстарын басқару және өнімнің қадағалануын қамтитын бірыңғай цифрлық контур қалыптастырылуда. Барлық деректер жасанды интеллект элементтерін енгізу арқылы «Data Lake» орталық деректер қоймасында шоғырландырылатын болады.

Премьер-министр кадр мәселесіне ерекше тоқталды.

– Қазіргі заманғы инженерлерсіз, технологтарсыз және білікті жұмысшыларсыз сапалы әрі тиімді даму мүмкін емес, – деді ол.

Оқу-ағарту және ғылым министрліктеріне кәсіпорындармен әріптестік аясында техникалық жоғары оқу орындары мен колледждердің оқу бағдарламаларына цифрландыру модульдерін енгізу тапсырылды. Ал еңбек министрлігіне онлайн-платформалар арқылы өнеркәсіп қызметкерлерін базалық цифрлық құзыреттерге оқыту бағдарламасын іске қосу жүктелді.

Талқылау қорытындысы бойынша премьер-министр ұзақ мерзімді келісімшарттар санын арттыру, жасанды интеллектті енгізу, өңдеу саласындағы ғылыми зерттеулерді қолдау және жоспарланған барлық индустриялық әрі агроөнеркәсіптік жобаларды уақтылы іске қосуға қатысты бірқатар нақты тапсырма берді.

Өткен отырыс Үкіметтің өңдеу өнеркәсібін дамытуға кешенді көзқарасын айқындап, цифрландыру мен өңірлік ерекшеліктер ел экономикасын әртараптандырудың жалпы стратегиясындағы маңызды элементтерге айналып отырғанын көрсетті.


Марат Усманов

Аударған: Ержан Әбіш

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу