Өскемен сахнасында Роза Рымбаеваның әндері әуеледі
Бүгін Өскеменде «Туған жер - алтын бесігім» облыстық жобасы аясында Глубокое ауданының мәдени күндері басталды, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Игілікті іс-шара қала қонақтары мен тұрғындарын Глубокое ауданының бай тарихымен, дәстүрімен және спорт, шығармашылық саладағы жетістіктерімен таныстырған көрмеден басталды.
Шығыс Қазақстан облыстық филармониясының залында ауданның қолөнер және бейнелеу өнері шеберлерінің туындылары мен кітап көрмесі ұйымдастырылып, артынша Глубокое ауданы мәдениет үйінің әртістері мен өнер ұжымдары ұйымдастырған «Туған ел» атты гала-концерт өтті.
Шығыстың жері шұрайлы, елі шырайлы аудандарының бірі – Глубокое ауданына биыл Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында 60 жыл толып отыр. Сондықтан бұл концерт ауданның мерейтойына арналған іс-шаралардың бастамасы десек те болады.
Ауданның талантты өнерпаздары «Жарқын болашаққа ұмтылған өлке» театрландырылған қойылымымен сахна шымылдығын ашты.
Концерттің бағдарламасы әрі түрлі жанрды қамтыды. Эстрадалық әндер мен халық әндері, аспаптық туындылар, домбырадан төгілген күйлер мен би қойылымдары көрермендерді баурап алды.
Әсіресе, «Туған өлке» әнін орындаған балалар хоры, «Ақ тамақ» халық әнін орындаған Т. Қыдырханова мен Т. Талаптанова,
Түркештің «Көңілашар» күйін күмбірлеткен «Сарын» ұлттық аспаптар ансамблі, «Нурикамал» әнін шырқаған «Мирас» ансамблі, «Sorry seems To Be The Hardest word» әнін орындаған М.Махайн, «Беу, айдай» халық әнін әуелеткен «Қаракөз» қыздар триосы мен «Туған жер» әнін шырқаған әншілер А.Әділбаев пен Ю.Юрочкина көрермендердің ерекше қошеметіне ие болды.
Сонымен қатар жұртшылық «Веселые ложкари» аспаптық ансамблі, «Айзада» үлгілі би ұжымы, «Радуга» хореографиялық ансамблі, «Алтай» үрмелі аспаптар ансамблі, «Эксклюзив» және «Элегия» хореографиялық ұжымдарының өнеріне де тәнті болды.
Шығыстың киелі сахнасында Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген әртісі, эстрада жұлдызы, педагог, профессор, Қазақстанның Еңбек Ері, Шығыс Қазақстан облысының Құрметті азаматы, белгілі әнші Роза Рымбаеваның өнер көрсетуі концерттің шырайын арттырды. Халықтың сүйікті әншісі көрермендерге өз репертуарындағы «Болашақ үні», «Желаю», «Ертеңіме сенемін» әндерін тарту етті.
Кеш соңында барша өнерпаздар мен жиналған жұртшылық ақын Шөмішбай Сариев пен сазгер Еркін Ынтықбаевтың әніне жазылған «Қазақ елі» рухты әнін Роза Рымбаевамен бірге шырқап, рухани кешті ерекше атмосферада қорытындылады. Туған жерге деген сүйіспеншілікке толы концерт қала тұрғындарына тамаша көңіл-күй сыйлап, ұмытылмас әсер қалдырды.
Концертке қатысушылармен сахна сыртында кездескен аймақ басшысы Ермек Көшербаев әнші Роза Рымбаеваға Глубокое ауданының өнерпаздарымен бірге кереметтей өнер көрсеткені үшін алғысын айтып, облыс тұрғындарының шығармашылық әлеуетіне тоқталды.
Кеш көрермендерге жылулық, мақтаныш пен шабыт сыйлаған нағыз мерекеге айналды. Глубокое ауданының мәдени күндері ертең дәстүрлі ауыл шаруашылығы жәрмеңкесімен жалғасады.
Айжанат Бақытқызы