KZ
Өскемен
+3°
ясно жел 4 м/с, В
522.19 606.42 6.47

Қазақстан мен Финляндия Президенттері ынтымақтастықты жаңа деңгейге көтеру жөнінде келіссөз жүргізді

Ақорда
Ақорда
28.10.2025, 15:30 575

Астанаға ресми сапармен келген Финляндия Республикасының Президенті Александр Стубб Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевпен келіссөздер өткізді. Кездесуде мемлекеттер арасындағы саяси, сауда-экономикалық және гуманитарлық байланыстарды дамыту, сондай-ақ өңірлік және халықаралық күн тәртібіндегі өзекті мәселелер талқыланды, деп хабарлайды Altainews.kz Ақордаға сілтеме жасап. 

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Финляндияны Қазақстанның Солтүстік Еуропа мен Еуропалық одақтағы басты серіктестерінің бірі екенін атап өтті. Мемлекет басшысы фин елінің таза энергетика, технология, цифрлық инновация, экологиялық жауапкершілік және білім беру салаларындағы жетістіктері әлемдік деңгейде мойындалғанына назар аударды.

– Сіздің басшылығыңызбен Финляндия Еуропада, сондай-ақ әлемде сындарлы рөл атқарады. Мемлекеттік ұстанымыңыз бен құндылықтарға беріктігіңіз Финляндияны дүние жүзіне үлгілі ел ретінде танытып отыр. Біз мұны жоғары бағалаймыз. Қазақстан Финляндиямен достық қарым-қатынасқа баса мән береді. Бұған дейін қол жеткізілген уағдаластықтарды іске асыруға, ынтымақтастықтың жаңа бағыттарын дамытуға әзірміз, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы инвестиция және сауда салаларында бірқатар жаңа мүмкіндік бар екенін айтып, фин бизнесмендерін Қазақстандағы қолайлы инвестициялық орта мен Орталық Азияның кең нарығына шығу мүмкіндігін пайдалануға шақырды.

Финляндия Президенті Александр Стубб өз сөзінде екі ел арасындағы байланыстардың қарқынды дамып келе жатқанын атап өтті.

– Бұл менің Қазақстанға үшінші мәрте келуім. Алғашқы сапарымда 2008 жылы Сыртқы істер министрі, ал сіз Сенат спикері едіңіз. Бүгінгі келіссөздер барысында біз екі бағытқа – іскерлік байланыстар мен сыртқы саясатқа ерекше көңіл бөлдік. Финляндиядан келген 20-дан астам ірі компания Қазақстан нарығымен ынтымақтастықты кеңейтуге мүдделі, – деді Александр Стубб.

Сондай-ақ, тараптар халықаралық қауіпсіздік, өңірлік тұрақтылық және жаһандық сын-қатерлерге бірлесіп жауап қайтару мәселелерін талқылады.

Келіссөз қорытындысы бойынша Қасым-Жомарт Тоқаев пен Александр Стубб Бірлескен мәлімдемеге қол қойды. Құжатта екі елдің ортақ ұстанымдары мен жаңа бастамалары көрініс тапқан.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу