KZ
Өскемен
+4°
ясно жел 5 м/с, В
522.19 606.42 6.47

Мейірім мерекесі: әлеуметтік қорғау жүйесі қызметкерлері құрметке бөленді

30.10.2025, 17:30 495

Бүгін Өскеменде Әлеуметтік қорғау жүйесі қызметкерлерінің күніне арналған салтанатты жиын өтті. Адам өміріне жылулық сыйлап, мейірім мен төзімділік танытар қоғамдағы ең ізгі де жауапты саланың өкілдеріне ұйымдастырылған шарада өз қызметін үздік, адал атқарып жүрген абзал жандар марапатталды, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.

Жиын жылы лебізбен басталып, облыс әкімінің орынбасары Ербол Нұрғалиев қатысушыларды кәсіби мерекемен құттықтап, әлеуметтік саланың қоғамдағы рөлін ерекше атап өтті. Оның айтуынша, бұл салада еңбек етіп жүрген әр қызметкер – адамгершіліктің, төзім мен жауапкершіліктің символы.

- Мемлекет басшысы халықты әлеуметтік қорғау, табысын арттыру, осал топтағы және қиын жағдайға түскен азаматтарға қамқорлық көрсету мәселесіне әрқашан ерекше көңіл бөледі. Осы саланың қызметкерлері әрдайым шын жүрекпен, ізгі ниетпен адал қызмет етіп келесіздер.  Мұны сауапты қызмет деп айтуға тұрарлық. Қай кезде болмасын, адамға қамқорлық көрсетуге дайынсыздар, бойларыңыздағы осынау адамгершілік, жылулық қашанда жоғары бағаға лайық,- деді Ербол Нұрғалиев құттықтау сөзінде. 

Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің «Еңбек ардагері» медалімен Шығыс Қазақстан облысының Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасының бас маманы Раушан Таймулдина, сондай-ақ Зайсан қаласының аумақтық әлеуметтік қызмет көрсету орталығының басшысы Гүлбақыт Бердібаева марапатталды.

- Әлеуметтік қорғау жүйесінде жиырма жылдан астам уақыт бойы қызмет етіп келемін. Бұған дейін банк саласында қызмет етіп жүрдім. Әлеуметтік қорғау саласына келген соң, қызметімді ауыстыруды мүлдем ойламадым. Адамдармен жанды қарым-қатынас құруды көздейтін, «жаны тірі» қызмет екенін түйдім. Мұнда жүріп түрлі мәселелердің шешімін ойлайсың. Бір адамға титтей болсын қол ұшың тисе, өмірің мен тіршіліктің мәні тек жоғарылай түседі, - деді Раушан Таймулдина. 

Министрліктің «Әлеуметтік еңбек саласының үздігі» төсбелгісі Өскемен қаласының жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру бөлімінің бас маманы Айгүл Сүлейменоваға, Үлкен Нарын аудандық бөлімінің басшысы Алмагүл Кәрімге, сондай-ақ Тарбағатай ауданының әлеуметтік қызметкері Айгүл Қисықоваға табысталды.

- Әлеуметтік салада 32 жыл қызмет етіп келемін. Жоғары білім алған соң осы салаға келдім. Халыққа қызмет етуден жалықпаймыз. Өз заманында «Октябрь» ауданының халыққа қызмет көрсету орталығы болды. Сонда маман ретінде қызмет етіп бастадым. Еңбек жолымда цифрландыру сияқты көптеген оң өзгерістер қалыптасып келеді. Жұмыс, әрине жеңіл емес, біздің салада ең бастысы шыдам және төзімділік, жүрек керек. Еңбегімді елеп жатқан басқарма басшылығына ерекше алғысымды білдіремін, - дейді Айгүл Сүлейменова. 

Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің «Құрмет грамоталары» Күршім аудандық әлеуметтік қызмет көрсету орталығының қызметкері Бақтыгүл Нұрымоваға, Глубокое ауданынан Раушан Байбусиноваға және Зимовьев орталығының әлеуметтік қызметкері Людмила Блиноваға берілді.

Министрдің Алғыс хатымен Алтай ауданындағы өмірлік қиын жағдайдағы адамдарға көмек көрсету орталығының әлеуметтік қызметкері Гүлмайра Әбілова мен Өскемен қаласындағы «Ульба» орталығының әлеуметтік қызметкері Мәншүк Үзенбаева марапатталды.

Биыл әлеуметтік сала қызметкерлері арасында өткен республикалық «Үздік әлеуметтік қызметкер» және «Үздік әлеуметтік жоба» конкурсының облыстық кезеңінің жеңімпаздары да марапатталды. Байқауға 71 қызметкер қатысып, бүгінгі әлеуметтік саланың төл мерекесінде облыс әкімінің Құрмет грамоталарымен үздіктер марапатталды. Олардың қатарында:
– Наталья Литке – «Үздік медициналық-әлеуметтік сараптама қызметкері»;
– Самал Бекмұханова – «Үздік әлеуметтік қызметкер»;
– Лилия Мамбурова – «Үздік әлеуметтік жоба»;
– Екатерина Баженова – «Үздік әлеуметтік педагог»;
– Индира Құрманова – «Үздік еңбек мобильділік орталығы қызметкері»;
– Нұралы Ақынтаев – «Үздік мемлекеттік әлеуметтік инспектор».

Сондай-ақ, адал еңбегі мен кәсіби шеберлігі үшін облыс әкімінің Құрмет грамотасымен Салтанат Абакова марапатталды.
Көп жылғы адал еңбегі мен жоғары кәсібилігі үшін облыс әкімінің Алғыс хаттары әлеуметтік сала ардагерлері мен үздік қызметкерлерге табысталды. Олар:
Меруерт Дүйсенова (Тарбағатай ауданы),
Алена Шушенькова (Алтай ауданы),
Бауыржан Дүсүпов (Самар ауданы),
Гүлбақыт Қаһарманова (Өскемен қаласы),
Айдын Ожайтов (Тарбағатай ауданы),
Анар Еставлетова (Өскемен қаласы),
Ерік Аусанұлы (Риддер қаласы),
Гүлфайруз Тоқтасынова (Катонқарағай ауданы),
Асхат Сүттыбаев (Ұлан ауданы) және басқа да саланың майталмандары бар.

Мереке барысында «Қамқор» жеке қорының қызметкерлері Бақытгүл Қастаева, Бақытгүл Бақұжанова, Нұргүл Садуова, сондай-ақ «Демеу» қоғамдық бірлестігінің еңбек терапиясы нұсқаушысы Қуаныш Тоқсамбаев ерекше еңбегі үшін марапатталды.

Мерекенің тағы бір маңызды сәтінде әлеуметтік саладағы үздік көрсеткіш көрсеткен Катонқарағай аудандық мансап орталығы ұжымына жаңа автокөлік кілті табысталды. Ерекше тарту өңірлік жұмыспен қамту картасының сапалы орындалуы мен «Шығыс шақырады» бағдарламасы аясында көшіп келген азаматтарды еңбекке орналастырудағы нәтижелі жұмыстың жоғары бағасы. Темір тұлпар кілтін орталық директоры Гүлфайруз Тоқтасынова қабыл алды.

- Әлеуметтік қорғау саласында алты жылдан бері қызмет етіп келемін. Алғашында қызметімді әдіскер болып бастадым. Мансап орталығының ел көзіне түсе бермейтін қызметі молынан. Халықпен қызмет етіп, атаулы әлеуметтік көмек, өңіраралық көші-қон, көшу барысында қолдау көрсету сияқты көптеген шаруалар атқарылады. Қоғамдық жұмыстарға да кеңінен атсалысамыз. Бүгін еңбегіміз еленіп, ескеріліп отыр, көп рахмет айтқым келеді,- деді Гүлфайруз Тілеуханқызы. 

Марапаттау рәсімінен кейін мерекелік концерт ұйымдастырылып, мәдениет саласының үздіктері ән мен күйден шашу шашып, көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.


Айдос Мырзахметов
Махаббат Ахметжанова
Жәнібек Ырысбай

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу