KZ
Өскемен
-3°
небольшой снег жел 5 м/с, ОШ
504.49 587.73 6.57

ШҚО шаруалары ел Президенті қолынан мемлекеттік наградалар алды

14.11.2025, 17:45 738 Базарова Айгүл

Бүгін Ауыл шаруашылығы еңбеккерлерінің екінші форумында Жұмысшы мамандық жылына орай Шығыс Қазақстан облысының агроөнеркәсіп саласы қызметкерлері ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың қолынан орден алып, ерекше құрметке ие болды, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі. 

Жерлестеріміз – катонқарағайлық «Верх-Катунь» ЖШС-нің бас зоотехнигі Манарбек Мүбәракұлы Абдуллин және самарлық «Ахмадиұлы» шаруа қожалығының басшысы Бауыржан Ахмадиұлы Рапеков III дәрежелі «Еңбек даңқы» орденімен марапатталды.

– Ауыл шаруашылығы дамыса, ең алдымен ауылдың жағдайы жақсарады. Мемлекет ауыл-аймақтарды көркейту үшін көптеген жобаларды қолға алды. Инфрақұрылым салудан бастап, ауылға білікті маман тарту мәселесіне дейін ауқымды жұмыс жүргізілуде. Еңбекқор, мақсаты айқын азаматтарымыз күнделікті маңдай терімен ұлттық байлығымызды еселеп, ел келешегінің жарқын болуына аянбай үлес қосуда. Мұндай іспен айналысып жатқан адамдарға қолайлы жағдай жасап, еліміздің шынайы патриоттарын ынталандырып отыру керек. Біз бұл шаруаны назардан тыс қалдырмаймыз, – деді Мемлекет басшысы.

Президент қолынан ауыл шаруашылығы саласының 30 еңбеккері мемлекеттік награда алды. Атап айтқанда, бір адам – «Парасат» орденінің кавалері, саланың 6 өкілі «Құрмет» орденінің иегері атанды. II дәрежелі «Еңбек даңқы» орденімен бір азамат, III дәрежелі «Еңбек даңқы» орденімен он адам, «Ерен еңбегі үшін» медалімен алты еңбеккер марапатталды.

Сондай-ақ, бүгінгі іс-шарада «Қазақстанның аграрлық саласының еңбек сіңірген қайраткері» құрметті атағы ауыл шаруашылығы саласында озат атанған төрт азаматқа алғаш рет тапсырылды.

Ел Президенті еңбеккерлерге алғысын білдіріп, ауыл шаруашылығын қолдаудың маңыздылығын атап өтті.


Ержан Әбіш 

Фото: Видео кескіндемесі 

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу