KZ
Өскемен
+6°
облачно с прояснениями жел 2 м/с, З
478.54 533.76 5.17

1534 түлек үшін соңғы қоңырау соғылды – Өскемен

Фото: Автордікі

1.06.2023, 12:39 286

Бүгін облыстағы мектептерде соңғы қоңырау соғылды. Осыған орай Өскемен қаласының әкімі Жақсылық Омар №10 мектеп-гимназияға барып, түлектерге ізгі тілегін білдірді.

Аталған мектеп неміс, француз тілдерін үйрететін ұйымдардың бірі ретінде белгілі. Ұйым басшысының мәлімдеуінше, осы екі тілді оқытатын ұстаздар – арнайы даярлықтан өткен жоғары білікті мамандар, деп хабарлайды Altaynews тілшісі.

– Мен бұл мектеп туралы жақсы білемін. Мектепте кәсіби педагогтар және мектеп атын лайықты танытып жүрген оқушылар бар. Бүгін – сіздер үшін айрықша күн. Алда ҰБТ келе жатыр. Әр оқушыға, ең бастысы, ҰБТ-ны жақсы тапсырып, жоғары оқу орнына түсу бұйырсын деп тілеймін. Білім беру саласындағы мемлекеттік ұйымдар балалар үшін қолдан келгеннің бәрін істеп жатыр. Мектеп салып, балабақша ашып жатырмыз, оқулықтармен қамтамасыз етеміз. Мен мемлекет балалардың дамуы үшін қыруар қаржы жұмсаса, ұстаздарымыз балалардың дамуы үшін жүйке жасушаларын құрбан ететінін айтып жүремін. Сондықтан ата-аналар мен оқушылар атынан ұстаздарға шыдамдылық үшін алғыс білдіремін, – деді қала әкімі Жақсылық Омар.

Аталған мектептен биыл 50 түлек болашаққа қадам басып отыр. Олардың ішінде спорт және шығармашылық, зияткерлік ойындарда жүлделі орындарға ие болған оқушылар бар.

– №10 мектеп-гимназия – қаладағы жаңа типтегі мектептердің бірі. Биыл 50 түлек мектебімізден түлеп ұшады. Олардың 10-ы – оқу үздігі. 5 түлек – «Алтын белгі» үміткері және 5 түлек – «Үздік аттестат» үміткері. Түлектер қатарында әртүрлі деңгейдегі олимпиадалардың жүлдегерлері, спорт, шығармашылық саласында жетістік көрсеткен оқушылар бар. Биыл біздің мектеп қалалық деңгейдегі олимпиадаларда 1-орын алды. Біздің мектептің құрамасы халықаралық зияткерлік ойында екі мәрте 1-орын иеленді. Түлектеріміз – үздік, өте табысты. Мектебіміз тілдерді тереңдете оқытатын ұйым ретінде белгілі. Негізінде ағылшын, неміс тілдеріне басымдық береміз. Біздің мектеп – неміс тілінде емтихан өткізіп, тілді білу дәрежесін растайтын халықаралық деңгейдегі сертификат, дипломдарды беруге құқылы 6 мектептің бірі. Ұстаздарымыз емтихандарды өздері қабылдайды. Жақсы нәтиже көрсетіп, халықаралық ынтымақтастықты дамытып отырмыз. Сонымен қатар француз тілі факультатив түрінде оқытылады. Биыл Франция елшісі келіп, осы тілді оқытатын ұстаздарымызбен Білім басқармасында кездесті, – дейді мектеп директоры Сәуле Нұрқанова.  

Қалалық білім бөлімінің дерегіне сәйкес, биыл қала бойынша 1534 түлек 11-сынып бітіреді, оның ішінде 127 «Алтын белгі» үміткері, 157 «Үздік аттестат» үміткері бар.

– Биылғы түлектердің 90%-ы ҰБТ тапсырады. Оның нақты санын айта алмаймын, себебі қазір әр оқушы өзі таңдап, өзі онлайн тіркеліп, өзі тапсырып жатады. Сондықтан балалардан алдын ала сұрау бойынша 90%-ы ҰБТ тапсырамыз деп дайындалып жатқанын жеткізді. Биыл бірінші сыныпты 5 мыңға жуық бала бітіріп жатыр. Бала саны жыл сайын көбейіп келеді. Былтыр 4500 бала 1-сынып партасына отырған еді. 2025 жылға дейін қаламызда 5 мектеп салу жоспарланып отыр. Оның біреуі 2023 жылы аяқталады. 2 маусымнан бастап түлектер, 9-сынып оқушылары емтихан тапсыра бастайды. Маусым айының 19-на дейін мемлекеттік емтихан тапсырылады. Маусым айының 20-22 аралығында түлектерге аттестат беріледі. Аттестат мектепте салтанатты жиын түрінде өтетін шарада табысталады, – дейді қалалық білім бөлімінің басшысы Сәуле Алагөзова.

  

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив