KZ
Өскемен
+3°
ясно жел 3 м/с, СБ
445.66 474.58 4.78

Өскеменде “Ізгі көктем” қайырымдылық балы өтті

1.03.2024, 23:11 81 Ләззат Қанатқызы

Бас шаhардың жұртшылығы биылғы көктемді қайырымдылықпен қарсы алды. Алғыс айту күніне орай Өскеменде «Ізгі көктем» IV қайырымдылық балы өтті.

2019 жылдан бері дәстүрлі түрде өткізіліп келе жатқан ерекше шараны "Niet Woman" қоғамдық қауымдастығы қала әкімдігімен, жергілікті кәсіпкерлермен бірлесіп ұйымдастырған, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.

-Бұл қайырымдылық балы жыл сайын жаймашуақ көктемнің алғашқы күнінде ұйымдастырылады. Кештен жиналған қаражат аутизмге шалдыққан, ментальді ауытқуы бар балаларды оңалтуға жұмсалады. Мәселен, бүгінгі кештен түскен қаржыны «Блю фокс» сауықтыру орталығында жатқан 14 баланың еміне төлеуге және осы орталыққа қажетті құрылғылар алуға жұмсаймыз. Сондай-ақ мүмкіндігі шектеулі спортшыларға, талантты балаларға, болашақта әлеуметтік кәсіпкер болуға ниеті бар жандарға қолдау көрсету үшін бөлінеді, - дейді "Niet Woman" әйелдер қауымдастығының төрағасы Алтынай Рамазанова.

Шара ұйымдастырушысының айтуынша, биылғы кешке демеуші болғысы келген кәсіпкерлер көп болған. Әр қайсының мақсаты - біреу. Ол - мұқтаж жандарға аз да болсын көмек қолын созу, мүмкіндік сыйлау.

-Біз бұл қайырымдылық шарасына жыл сайын қатысамыз. Ең алғаш рет екі жыл бұрын осы қайырымдылық кеші туралы естіп, жолдасым екеуміз ниет білдірген болатынбыз. Содан бері қолымызда бармен бөлісіп, аз да болса бүлдіршіндерге көмек бергіміз келеді. Олардың күлімдеген жүзін көру, бір адамға болса да мүмкіндік сыйлау – біз үшін үлкен бақыт, - дейді жеке кәсіпкер Анар Мұзапарова.

Жүректерден мейірім нұры төгілген бұл кешке арнайы Италия консерваториясының доценті, халықаралық байқаулардың лауреаты, Пезаро қаласындағы итальяндық опера театрының солисі Әлия Бейсенова келген. Әншінің өзі де ерекше баланың анасы ретінде бұл шараға қатысуға қуана-қуана келіскенін айтады.

-Мұндай жоғары деңгейдегі қайырымдылық балына бірінші рет қатысып отырмын. Елімізде мұндай шаралар өткізілетініне шын жүректен қуанып тұрмын. Өзім де ерекше балалардың анасымын. Олардың оқуына, қоғамда қалыптасуына ерекше көңіл бөліну керектігін жақсы түсінемін. Өз еліміздегі, қаламыздағы осындай қайырымдылық акцияларына аз да болса септігім тигені үшін қуаныштымын, - дейді Әлия Бейсенова.

Бал соңында танымал әнші Димаш Құдайбергеннің бомбері, UFC шебері Шавкат Рахмоновтың қолтаңбасы бар футболка және әйгілі футболшы Кларенс Зеедорфтың қолтаңбасы бар футболкаға аукцион өтті. Одан түскен қаражат  паралимпиадалық спортшыларға көмекке жұмсалмақ.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив