KZ
Өскемен
+14°
пасмурно жел 3 м/с, В
520.93 609.07 6.68

Елімізде еңбекті қорғау деңгейі артып келеді

pexels.com

28.04.2025, 10:00 212 Төлеуғазы Жансая

Жыл сайын 28 сәуірде әлем бойынша Дүниежүзілік еңбекті қорғау күні атап өтіледі. Бұл күннің мақсаты – жұмыскерлердің құқықтарын қорғау, олардың әлеуметтік қорғалуы мен еңбек қауіпсіздігін нығайту мәселелеріне назар аудару, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.

Қазақстанда өндірістік жарақаттану деңгейін төмендету бойынша жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Қабылданған шаралардың нәтижесінде соңғы бес жылда өндірісте зардап шеккендердің саны 6,3%-ға, қаза тапқандар саны 2,9%-ға азайды.

Биылғы Дүниежүзілік еңбекті қорғау күнінің тақырыбы – «Еңбек қауіпсіздігі мен гигиенасына революциялық көзқарастар: жұмыс орындарындағы жасанды интеллект пен цифрландырудың рөлі». Осы орайда әлемнің түкпір-түкпірінде үкіметтер, кәсіподақтар мен жұмыс берушілердің ұйымдары жаңа технологияларды енгізу арқылы еңбекті қорғау саласын дамыту мәселелерін талқылайтын іс-шаралар өткізеді.

Халықаралық еңбек ұйымының мәліметінше, жыл сайын әлемде шамамен 270 миллион жазатайым оқиға тіркеледі және 2 миллионнан астам адам кәсіптік аурулардан көз жұмады. Қазақстанда жыл сайын 1400-ден астам жазатайым оқиға тіркелсе, оның 200-ге жуығы адам өлімімен аяқталады. Ең көп зардап шеккендер тау-кен металлургия кешенінде (15,3%) және құрылыс саласында (12%) тіркеледі.

Бүгінде елімізде 470 мыңнан астам жұмыскер зиянды және қауіпті еңбек жағдайларында еңбек етеді. 2024 жылғы аттестаттау нәтижесінде 679 мыңнан астам жұмыскер еңбек жағдайының зияндылығы үшін өтемақы алды. Бұл мақсаттарға жұмыс берушілер 297,4 млрд теңге бөлді, бұл өткен жылмен салыстырғанда 16,6%-ға көп.

Салауатты әрі қауіпсіз еңбек жағдайларын қамтамасыз ету үшін ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі бірқатар кешенді шаралар қабылдауда. 2024 жылдың қорытындысы бойынша құқық қорғау органдарына 1042 жазатайым оқиға туралы материал жолданып, оның негізінде 215 қылмыстық іс қозғалды. Сонымен бірге, 7,7 мыңнан астам өндірістік нысанда еңбек жағдайларының аттестаттауы жүргізілді.

Еңбек қауіпсіздігін арттыру мақсатында еліміздің 3262 кәсіпорны еңбекті қорғау стандарттарын енгізді. 2019 жылдан бері жүзеге асырылып келе жатқан «Vision Zero» нөлдік жарақат тұжырымдамасына бүгінде 605 кәсіпорын қосылған. Ал құрылыс саласында 318 кәсіпорын қауіпсіздік стандарттарын күшейту мақсатында тікелей бақылау моделін енгізді.

2024 жылғы 1 қаңтардан бастап зиянды еңбек жағдайларында жұмыс істеген жұмыскерлерге арнаулы әлеуметтік төлемдер тағайындау басталды. Бұл қолдауға бүгінде 14 мыңнан астам жұмыскер ие болды.

Қазақстанда еңбек қауіпсіздігін жақсарту бағытында 2030 жылға дейінгі Тұжырымдама іске асырылып жатыр. Ол еңбек жағдайларын жақсарту, жазатайым оқиғаларды азайту және кәсіптік аурулардың алдын алу мақсатында жаңа тәсілдерді көздейді. Осы Тұжырымдама аясында Кәсіпорындардың цифрлық картасы мен Еңбек тәуекелдерінің цифрлық картасы іске қосылды.

Аталған бағыттағы жұмыстардың логикалық жалғасы ретінде 2025 жылдың 28-30 мамыры аралығында Еңбекті қорғау және өнеркәсіптік қауіпсіздік жөніндегі дәстүрлі конференция мен көрме өтеді. Бұл маңызды шара Халықаралық еңбекті қорғау күніне орай ұйымдастырылып, сала мамандары мен мемлекеттік және халықаралық ұйымдардың өкілдері үшін пікір алмасу алаңына айналмақ.

Дереккөз: Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу