KZ
Өскемен
+20°
гроза жел 3 м/с, ОШ
511.92 588.91 6.44

Ана мен балаға – 300 млрд теңге: 2025 жылғы әлеуметтік төлемдер

22.05.2025, 11:00 282 Гульжан Мусина

2025 жылдың басынан бастап бала туу және оны 1,5 жасқа дейін күтіп-бағуға байланысты мемлекеттік жәрдемақылармен, сондай-ақ Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан (бұдан әрі – МӘСҚ) төленетін әлеуметтік төлемдермен 293,9 мың адам қамтылып, жалпы сомасы 299,8 млрд теңгені құрады.

2025 жылдың басынан бастап республикалық бюджеттен бала тууға байланысты жәрдемақыны 117 мың адам алып, төлем сомасы 21,1 млрд теңгеге жетті. Оның ішінде сәуір айында бұл жәрдемақыны 30,5 мың адам алып, 5,5 млрд теңге төленді. Бұл жәрдемақыға Қазақстанда тұрақты тұратын азаматтар, қандастар, сондай-ақ туған, асырап алынған (қыз бала асырап алынған), сондай-ақ қамқорлыққа алынған балалары бар шетел азаматтары үміткер бола алады.

Тірі туған, асырап алынған (қыз бала асырап алынған), сондай-ақ қамқорлыққа алынған балалары, өгей балалары бар адамдар (отбасының басқа ата-анасының құзырында есепке алынбаған жағдайда) бала күтімі бойынша жәрдемақы алуға құқылы, егер бала күтімін жүзеге асыратын тұлға міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесінің қатысушысы болмаса. Есептік кезеңде бала 1,5 жасқа толғанға дейін күтім жасауға байланысты жәрдемақыны орта есеппен 123,3 мың адам алды, жалпы сома – 14,4 млрд теңге. Оның ішінде сәуір айында бұл жәрдемақыны 124,1 мың адам алды, сома – 3,7 млрд теңге.

Бала туу және оны күтіп-бағуға байланысты мемлекеттік жәрдемақылардың мөлшері республикалық бюджет туралы заңмен тиісті қаржы жылына бекітілетін айлық есептік көрсеткішке (бұдан әрі – АЕК) байланысты белгіленеді. 2025 жылдың басынан бастап мемлекеттік жәрдемақы мөлшері 6,5%-ға индекстелді.

Атап айтқанда, бала тууға байланысты жәрдемақының 2025 жылға арналған мөлшері мынадай:
    •    бірінші, екінші және үшінші балаға – 38 АЕК немесе 149 416 теңге;
    •    төртінші және одан кейінгі балаға – 63 АЕК немесе 247 716 теңге.

Бала 1,5 жасқа толғанға дейін төленетін күтім жәрдемақысының мөлшері ай сайын мынадай көлемде белгіленген:
    •    бірінші балаға – 5,76 АЕК немесе 22 648 теңге;
    •    екінші балаға – 6,81 АЕК немесе 26 777 теңге;
    •    үшінші балаға – 7,85 АЕК немесе 30 866 теңге;
    •    төртінші және одан кейінгі балаға – 8,90 АЕК немесе 34 995 теңге.

Бұдан бөлек, жұмыс істейтін азаматтарға жүктілікке және босануға байланысты демалыс кезеңінде, сондай-ақ жаңа туған баланы (балаларды) асырап алған жағдайда МӘСҚ-тан табысынан айырылуына байланысты әлеуметтік төлем тағайындалады. Төлем мөлшері соңғы 12 айдағы МӘСҚ-қа жүргізілген әлеуметтік аударымдар есепке алына отырып есептелетін орташа айлық кіріске және еңбекке жарамсыздық күндерінің санына байланысты белгіленеді.

Аталған біржолғы төлемді жыл басынан бері 81,8 мың адам алды, жалпы төлем сомасы – 117,3 млрд теңге. Оның ішінде сәуір айында төлемді 24,8 мың адам алып, 32,3 млрд теңге төленді. Тағайындалған төлемнің орташа мөлшері 1 637 575 теңгені құрады.

Сондай-ақ МӘСҚ жүйесінің қатысушысы болып табылатын тұлғаға бала туған күннен бастап табысынан айырылуына байланысты ай сайынғы әлеуметтік төлем тағайындалады. Бұл төлемнің мөлшері соңғы екі жыл ішінде МӘСҚ-қа жасалған әлеуметтік аударымдар есепке алынатын орташа айлық кірістің 40%-ын құрайды. Егер екі немесе одан да көп бала дүниеге келсе, төлем әр балаға жеке тағайындалады.

2025 жылдың алғашқы төрт айында бұл төлем 88,8 мың адамға тағайындалып, жалпы төлем сомасы 147 млрд теңгені құрады. Оның ішінде сәуір айында 25,2 мың адамға төлем тағайындалып, 36,7 млрд теңге төленді. Төрт айдағы төлемнің орташа айлық мөлшері – 91 953 теңге.

ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу