KZ
Өскемен
+22°
пасмурно жел 4 м/с, З
518.34 607.91 6.66

«Катонға кеп, бас бәйге ұтқан қандай!? Бұл жердің саф ауасын жұтқан қандай..!»

14.06.2025, 19:30 394 Айдос Мырзахметов


«Алтай – түркі әлемінің алтын бесігі» халықаралық фестивалі аясында «Алтай — алтын бесігім» атты халықаралық ақындар айтысы өз мәресіне жетті. Шығыстың қоңыр салқынына оранып, ашық аспан астында маңдайын күнге сүйеп, табанын туған жердің топырағына тіреген жұрт алты сағат бойы атадан мирас болған айтыс өнерінің кәусәр сөзін тұнып тыңдады, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ұлан-ғайыр өлкеміздің шығысына айрықша мән беріп, арнайы жарлықпен төрт ауданның дамуына жол ашып бергені елді ерекше қуантқан игі іс болғаны мәлім. Сол дәуірлі кезеңнің көрінісі — ұлт рухын ұлықтаған айтыс додасы.

Айтыс сахнасында от ауызды, орақ тілді арқалы ақындар Өр Алтайдың төрінде түркі жұртының алтын бесігін жырға қосып, Катонқарағайдың тұмса табиғатын, туған жердің тұнық рухын төгілте жырлады.

Сайыс қорытындысы да мерейлі өтті. Он екі жүйріктің бәрі де олжалы болып, қанжығалары майланды. Суырылып алға шыққан сөз зергерлері ақшалай сыйлыққа және арнайы дипломға ие болды.

Үшінші орын екі ақынға бұйырып, әрқайсысы 750 мың теңгелік жүлдеге қол жеткізді. Бұл орын Сыр елінен келген Нұрмат Мансұров пен Шығыс өңірінен Серік Қуанғанға бұйырды. Екінші орынды да екі ақын бөлісті: Жайықтың жүйрігі Жансая Мусина мен Қырғыз елінің намысын қорғаған Нұрсұлтан Малдыбаев әрқайсысы бір миллион теңгеден иеленді. Ал екі миллион теңгелік бірінші орынды Рүстем Қайыртаев қанжығасына байлады.

Айтыстың Бас жүлдесі үш миллион теңге көлемінде белгіленіп, Сарыарқаның салиқалы өрені Дидар Қамиевке бұйырды. Ал дүлдүл ақындарды шығыс жерінде қош көрген облыс әкімі Нұрымбет Сақтағанов қатысушыларға сөз арнап, Бас жүлде иегерін марапаттады.

— Айтыс — халқымыздың баға жетпес қазынасы. Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев ұлттық мұраларды жаңғыртып, рухани құндылықтарды сақтау жөнінде нақты тапсырма берген еді. Сол міндеттің бір көрінісі осы аламан айтыс болды. Алғысым — сахнаның сәнін келтірген ақындарға, құрметін аямаған ағайынға. Бұл додада жеңілген ешкім жоқ. Нағыз жеңіс — халықтың алғысы мен ықыласы, — деді аймақ басшысы Нұрымбет Сақтағанов құттықтау сөзінде.

Сахна төрінде Дидар Жанатұлы жеңісін жұртына арнап, жүрекжарды жырын төкті:

«Катонға кеп, бас бәйге ұтқан қандай,
Бұл жердің саф ауасын жұтқан қандай,
Алты Алаш баласының басын қосып,
Өр Алтай бауырына құт қонғандай.
Мынандай ғажап тұмса табиғатқа,
Қайтуың мүмкін емес түк таң қалмай.
Ағайын сенің берген ақ батаң ғой,
Бәйгеден озып келген жұрттан қалмай.
Төбем көкке жетпей тұр бір-ақ елі,
Мұзтаудың биігіне шыққан жандай!»

Айтысты қорытындылаған қазылар алқасының төрағасы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Жанарбек Әшімжан:
— Катонқарағай жерінде көптен бері мұндай дүбірлі рухани шара өткен емес. Бұл — тек тарихи ғана емес, әлеуметтік тұрғыдан да бағалы оқиға. Мемлекет басшысының тікелей қолдауымен шекаралық аудандарды дамыту, халық тұрмысын жақсарту жұмыстары жүріп жатыр. Сол саясаттың бір нақты нәтижесі — бүгінгі айтыс, — деді.


Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу