2025-2026 оқу жылындағы гранттар қалай бөлінді?
pixabay.com
Жаңа оқу жылына 77 мыңнан астам мемлекеттік білім гранты бөлінді. Бұл туралы Ғылым және жоғары білім министрлігі мәлім етті, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Гранттардың басым бөлігі – техникалық мамандықтарға бағытталды. Нақтырақ айтқанда:
- 60% – техникалық бағытқа,
- 20% – педагогикалық мамандықтарға,
- қалған 20% – еңбек нарығындағы сұранысқа сай түрлі салаларға бөлінді.
Квоталар кімдерге беріледі?
Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім комитеті төрағасының орынбасары Жанна Есинбаеваның айтуынша, биыл да Білім туралы заңда көрсетілген арнайы квоталар сақталған. Атап айтқанда:
- жетім немесе мүгедектігі бар балалар;
- көп балалы немесе толық емес отбасынан шыққан талапкерлер;
- мүгедек бала тәрбиелеп отырған отбасылардың балаларына қосымша мүмкіндіктер қарастырылған.
Бұл талапкерлер грант конкурсына екі бағытта қатыса алады – жалпы конкурс және квота бойынша.
Сараланған гранттар
Биыл екінші жыл қатарынан сараланған гранттар да бөлінбек. Былтыр алғаш рет 300 грант ұсынылса, биыл да дәл осы көлем сақталып отыр. Оның ішінде:
150 грант – педагогикалық мамандықтарға,
150 грант – жаратылыстану бағытындағы бағдарламаларға бөлінеді.
Сараланған грант иегерлерінің тізімі қыркүйек айының соңында жарияланады.
Мемлекеттік гранттар ҰБТ нәтижесі бойынша тағайындалады. Талапкер өз өтінімінде 4 жоғары оқу орнын және 4 білім беру бағдарламасын таңдай алады.