KZ
Өскемен
+3°
ясно жел 2 м/с, Ю
522.19 606.42 6.47

Ұлттық Банк қазақстандықтарды жаңа алаяқтық схемалардан сақ болуға шақырды

depositphotos.com

22.08.2025, 11:00 185 Жанаргүл Көкенайқызы

Қазақстан Ұлттық Банкі азаматтарға онлайн-сервистерді пайдаланғанда дербес деректерді қорғау шараларын күшейту қажеттігін ескертті. Бұл ескерту кибершабуылдар мен жаңа алаяқтық тәсілдердің көбейіп кетуіне байланысты жасалды, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.

Қаржы ұйымының мәліметінше, қаскөйлер логиндер мен парольдерді, банк картасының деректемелерін қолды қылу үшін түрлі айла-шарғыға барады. Олардың ішінде – фишингтік хабарламалар, күмәнді сілтемелер, жалған сайттар мен QR-кодтар бар. Жиналған деректерді алаяқтар банк шоттарына заңсыз қол жеткізуге, несие рәсімдеуге немесе жаңа карта шығаруға пайдаланады.

Азаматтардың жеке әрі биометриялық деректері ұтыс ойындарына, сауалнамаға немесе конкурсқа қатысу сылтауымен жиналады. Кейін ол фото, бейне және аудио жазбалар әлеуметтік желілерде жалған аккаунт ашуға қолданылады. Мұндай жалған парақшалар арқылы адамдарға «қауіпсіз шотқа» ақша аудару немесе қарызға қаражат беру туралы хабарламалар жіберіледі.

Сонымен қатар, алаяқтар өздерін Ұлттық Банктің, қаржы және медицина ұйымдарының, пошта мен коммуналдық қызметтердің, тіпті құқық қорғау органдарының қызметкері ретінде таныстырады. Сенімділік ұялату үшін жалған телефон нөмірлері мен қолдан жасалған құжаттарды да пайдаланады.

Ұлттық Банк азаматтарға мынадай кеңес береді:

  1. банк картасының деректемелері мен құпиясөзді ешкімге бермеу;
  2. интернетте жеке және қаржыға қатысты ақпаратты жарияламау;
  3. әлеуметтік желілерде құпиялылық параметрлерін тексеру, күрделі құпиясөздер мен екі факторлы аутентификацияны қолдану, вирусқа қарсы бағдарламаларды орнату;
  4. күдікті сілтемелерге өтпеу және банктерден не мемлекеттік порталдардан келген SMS-кодты бөгде адамдарға хабарламау.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу