ҚР ТЖМ: 30 игі іс – қауіпсіздік күзетінде 30 жыл
Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігінің 30 жылдығы аясында құтқарушылар «Мектепке жол» республикалық акциясына қолдау көрсетті. Олар жаңа оқу жылы қарсаңында көпбалалы және әлеуметтік аз қамтылған отбасылардың балаларына мектеп құрал-жабдықтары салынған сөмкелерді табыстап, қуаныш сыйлады, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Бұл шара – ТЖМ қызметкерлерінің жыл сайынғы игі дәстүріне айналған. Құтқарушылар балаларды тек төтенше жағдайдан қорғап қана қоймай, олардың білім алуға деген ынтасын арттыруға да үлес қосып келеді. «Әр бала мектепке дайындықпен баруға тиіс» деген қағиданы басшылыққа алған олар оқушылардың әлеуметтік жағдайына қарай қолдау көрсетуді маңызды санайды.
Балаларға мектепке қажетті сөмкелерді сыйға тартумен қатар, құтқарушылар өрт сөндіру бөлімінде танымдық экскурсия ұйымдастырды. Оқушылар заманауи өрт сөндіру және құтқару техникасымен танысып, қызмет барысында қолданылатын құрал-жабдықтарды жақыннан көрді. Кәсіби мамандар балаларға құтқарушы мамандығының ерекшеліктері мен жауапкершілігі жөнінде әңгімелеп берді.
Көпбалалы отбасылардың ата-аналары бұл қолдауды ерекше алғыс сезімімен қабылдады. Себебі жаңа оқу жылына дайындық көпшілігі үшін үлкен қаржылық салмақ түсіреді. Құтқарушылардың осындай қамқорлығы ата-аналарға демеу болса, балаларға мерекелік көңіл күй сыйлады.
Қазақстандық құтқарушылар 30 жылдық мерейтойды тек кәсіби жетістіктерімен ғана емес, ізгі істерімен де айшықтап отыр. «30 игі іс» бастамасы аясында жыл соңына дейін елдің түкпір-түкпірінде түрлі қайырымдылық акциялары, қауіпсіздік сабақтары, мәдени және спорттық шаралар ұйымдастыру көзделген. Бұл бастаманың түпкі мақсаты – қоғамда қауіпсіздік мәдениетін қалыптастыру, өскелең ұрпаққа қамқорлық таныту және төтенше жағдай қызметінің тек құтқарушы ғана емес, сенімді серік екенін көрсету.
Фото/видео: ҚР ТЖМ




