KZ
Өскемен
-7°
небольшая облачность жел 1 м/с, С
522.19 606.42 6.47

Қаржы агенттігі: заңсыз ойын бизнесіне қарсы күрес күшейтілді

depositphotos.com

2.09.2025, 13:30 172 Төлеуғазы Жансая

Қаржылық мониторинг агенттігі ел ішінде заңсыз ойын бизнесін тоқтату бойынша жүйелі жұмысын жалғастыруда. Соңғы екі жарым жылда 205 жасырын казиноның қызметі тоқтатылып, 224 адам қылмыстық жауапкершілікке тартылды. Нәтижесінде Қазақстан аумағындағы офлайн-гемблинг деректері толық дерлік жойылды, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.

Алайда жаңа қауіп шетелде тіркелген онлайн-казинолардан туындап отыр. Олар азаматтарды құмар ойынға тартып, лудоманияға итермелеуде. «Ойын бизнесі туралы» Заңға сәйкес, Қазақстан аумағында олардың қызметіне толықтай тыйым салынған. Соған қарамастан, биылғы жылдың өзінде 34 шетелдік платформаның «айнасы» болып табылатын 17 мыңнан астам сілтеме бұғатталды.

Ең алаңдатарлық жайт – қазақстандық төлем ұйымдарының мұндай алаяқ жүйелерге қолдау көрсетуі. Олар депозит толықтыру мен қаражатты шешуді қамтамасыз етіп келген. Қазіргі таңда бірқатар қаржылық «делдалдар» анықталды, ал олардың қызметіне жақын арада құқықтық баға берілмек.

Мамандардың айтуынша, онлайн-казинолардың қолжетімділігі, верификацияның жоқтығы және төмен ставкалары оларды аса қауіпті етеді. Әсіресе жастар құмар ойынға тәуелділікке ұрынып, соның салдарынан ішімдік пен есірткіге әуестік сияқты басқа да зиянды әдеттерге бейім болуда.

Онлайн-гемблингтің тағы бір қыры – оның қаржыландыру көзі. Көбіне мұндай платформалар есірткі саудасынан және қаржылық алаяқтықтан түскен қаражатқа негізделеді. Жаңа ойыншыларды тарту үшін олардың иелері миллиондаған оқырманы бар отандық блогерлерді пайдаланып, азаматтарды оңай пайда уәдесімен қаржылық тұзаққа түсіруде.

Қаржылық мониторинг агенттігі қазақстандықтарды абай болуға шақырып, онлайн-казинолардың зиянды ықпалына қарсы күресті жалғастыра беретінін мәлімдеді.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу